» » » ҚУАҢДАРИЯ – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ

ҚУАҢДАРИЯ – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ

Бойында қара жидек, қарақаты,
Тораңғы тоғайында қазанаты.
Қырында жұпар иісі бұрқыраған,
Құм жарған Қуаңдария өзен аты.
Сексеуіл киелі құм ағашындай,
Томары тұлпар аттың тағасындай.
Сағым жортқан далаға нұр сыйлаған,
Жаңадария бірге туған ағасындай.
Төбеге шығып малшы кеңескен-ді,
Сергітіп салқын самал жел ескенді.
Тарихтың тақтасында жазулы тұр,
Тағдырмен қойшы ауылдың күрескені.
Арқау боп ақ шағылдар ұзын сырға,
Алты асу, бес белес пен жеті қырға.
Үш арна – Қуаң, Іңкәр, Жаңадария,
Қақпа болған күн дидар Қызылқұмға.
Әкелер аттан түспей, ой маздатты,
Тың игеру жолында жан сыздатты.
Алтын құрсақ аналар айға қарап,
Бесік тербеп отырып қой қоздатты.
Алпыс жыл өткен екен содан бері,
Өрісі әр қойшының бұлақ еді.
Ойласаң ояу жатып түс көресің,
Тарихты тауыса алмайсың санап енді.
Тамшылап тер маңдай мен білегінен,
Қойшылар мың қиянды жеңе білген.
Қызылқұм қаһарманы атанды олар,
Айналып мың төбені күлікпенен.
Секілді Қуаңдария ертегі елі,
Аптапта сайын дала өртенеді.
Бойыңа жұпар шашқан боз жусандар,
Жүректі жүз толқытып тербетеді.
Көркейткен Қуаңдарияны қолдарымен,
Сәлемді сол жандарға жолдадым мен.
Жүре білген ұрпақта арман бар ма,
Өлкенің өнегелі жолдарымен?!
Әбілда, Назаман мен Сахи өтті,
Чемпион Тұрлыбайдың даңқы жетті.
Есдәулет, Бисенбай мен Дәуренбектер,
Маңайын сәуле шашып жарық етті.
Үйіріп соқса-дағы «бесқонақтар»,
Тұнжырап түйілмеді қас-қабақтар.
Түспеді үзеңгіден ақ түтекте,
Сабырбай, Үсен менен Есболаттар.

Мінгені қара бура бұта шайнар,
Абат пен Икрамша, Жұматайлар.
Атанды төрт түліктің тәлімгері,
Жайшылық, Иманғали, Құндақбайлар.
Шілдебай, Әбдіраш пен Әлмахандар,
Исахан, Жалғас, Сарбал құрыш жандар.
Әбухан, Жаудатбек пен Дербісалы,
Санақбай, Байдәулет пен Ермахандар.
«Шалғасқат» еді ауылдың алғаш аты,
Бірі алтын, бірі күміс қыр-қолаты.
Ақ таяқ ұстағанға бата беріп,
Жайылды шартарапқа салтанаты.
Мырзақұл, Нұртай мен Ес, Жанжігіттер,
Байтұрған, Баймағанбет жан жібітер.
Сары Жалғас, Мәкеш, Бегім, қос Ыбырай,
Сап кеткен сара жолды кім үгітер?!
Есназар, Сәдуақас қандай еді?
Ақсұңқар, Қосқұлақтар нардай еді.
Сәндібек, Кәмет, Нәрен, Аяғандар,
Пейілі ақ наурыздағы қардай еді.
Топай мен Әбдіразақ, Ибрагим,
Қандырар Рахымберді сөз иінін.
Үсенбай, Нұралы шал, Әбдіқали,
Қарабисенов әулетін ұмытар кім?
Құла түзде қиын ғой елдің жайы,
Топырақ астында еді жердің майы.
Ілияс құмды жарып топ бастады,
Көрсетіп таң алдында туған айды.
Жас маман еңбегі шоң Сламбектің,
Ерекше қос көзіне түсті көптің.
Шәкизада, Серікбек, Әшім, Амантайлар,
Басқарды фермаларын алғы шептің.
Есебі жоқ арқадан аққан тердің,
Бәрі де парызы ол туған жердің.

Еңбегі сіңді маман Күзембай мен,
Шәкман, Қалжан, Әли, Хасендердің.
Көтерді директор боп Абат елді,
Қой сыймады көбейіп өрістегі.
Алтын сұр қаракөлді шетел біліп,
Ерлердің даңқы шықты еңістегі.
Той қандай шопандардың қосындағы,
Іс болды жиырма жылда ғасырдағы.
Ғалым боп зоотехник Жауынтайлар,
Бір ферма қой түгелдей асылданды.
Көз алмай күндіз-түні көк аспаннан,
Еш бірі уақытпен санаспаған.
Техника тізгінін ұстағандар,
Тоқсан тарау түн жолда адаспаған.
МТМ-да меңгеруші болды Емберген,
Жастарға тәлім берді жаңа келген.
Бегалы, Найман, Баян, Өзбек, Қази,
Әлибай, Байдірахман, Какпанменен.
Қос Тұрақ, Раушанбек, Сәтбай, Молдаш,
Телман, Қалдан, Ібіраш, Басқар құрдас.
Қажмұқан, Қайырбек пен Әбілда, Мақсұт,
Серікбай, Әділбек пен Қайрош сырлас.
Өтті ғой не оқиға, небір жайлар,
Көктайғақ, тұманды, ақ түтекті айлар.
Дауылтай, Жұмабек пен Камал, Мырхан,
Ұста боп темір соқты Тұрақбайлар.
Бас маман Ешпан мен Зал, Алданыштар,
Қуаңдария табысына болды құштар.
Төбеден «Ыстық бұлақ» суын көріп,
Бір қонып өтетұғын ұшқан құстар.
Күмбірлеп кеуделерде жылы ағыстар,
Өрендер қаулап өсті тұлпар ұстар.
Артына абыройлы ат қалдырды,
Құснадин, Бекмырза мен Қуаныштар.
Бойында сабыр, төзім, тәубе, жігер,
Омаров Шәкизада болды инженер.
Ұрпағы батырлардың Сейітқасым,
Кәсіпкерлік жұмысқа еді шебер.
Ауданмен жалғастырып Қызылқұмды,
Әбдіраш Өмірбаев пошта құрды.
Ұлы Отан соғысының ардагері,
Жан еді қимылы шалт, сегіз қырлы.
Бөлісіп ақ пейілмен қуанышты,
Абыз ел ат үстінде қол алысты.
Туған жер жүрегінде дүрсілдеп тұр,
Халықтан алған жандар мың алғысты.
Түседі дария еске иірімдері,
Шөптердің түнектегі шүйгіндері.
Клубта Әбдіхалық көрсететін,
Махаббат жайлы үндінің фильмдері.
Жүректің жылуын сап әдіптеген,
Жұрттар озды өткенін дәріптеген.
Қуаңдария адамдары-ай, есімдерің,
Жазылып қалды алтын әріппенен.

Аты мәлім әр кәсіп, еңбеккердің,
Сағилат, Иса жүрді жазбай белін.
Ідіріс, Әміртай, Мақаш, Тұрмахандар,
Ақ шаңқан шатырлы үйге төккен терін.
О, дарих, отқа күймес күндер қайда?
Әпсана, аңыз, дастан қуат бойға.
Ауылдың ағасы боп өтті өмірден,
Орынбай, Мәжит, Мұрсал, Әбілтай да.
Қызылдың қойнауының мойны қашық,
Көрмеді үлкен-кіші одан қашып.
Алғашқы ұстаз болып бала оқытты,
Тілеген «Ерімбеттен» мектеп ашып.
Жас ұрпақ болашағы ойландырды,
Түлетті қайраттылар ой мен қырды.
Ұстаздар бес-ақ жылда бастауышты,
Онжылдық ордасына айналдырды.
Ұядан балапанды баулып таңдар,
Нұрадин, Махамбеттер – асыл жандар.
Атанды білім-тәлім патшайымы,
Сайлаукүл, Сара менен Раушандар.
Шәкірттер қанат жайды көкке самғап,
Құлпырды құм ішінде қала орнап.
Мектепті бітіруші оқушылар,
Төрт мәрте қойға шықты Үндеу жолдап.
Жылжиды болашақтың көші ілгері,
Қағазға түсті жылдар есімдегі.
Мәңгілік Қуаңдарияның аты өшпейді,
Құт мекен Қызылқұмның төсіндегі.
Сәнтөре ПІРМАНҰЛЫ
28 қазан 2024 ж. 164 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031