» » » «ЖЕҢІЛМЕ, ЖҮРЕК, ЖЕҢІЛМЕ»

«ЖЕҢІЛМЕ, ЖҮРЕК, ЖЕҢІЛМЕ»

    Жуырда Төретам кенттік клуб үйінде ақын Мөлдір Тәңірбергенованың «Жеңілме, жүрек, жеңілме» атты эстетикалық поэзия кешін тамашалап, жақсы бір кештің куәсі болдық. Жас ақын Мөлдірді текті жердің қызы десек, артық айтпаймыз. Себебі ол айдынды Арал өлкесінің талантты тумасы, сазгер, әнші, домбырашы, термешілігімен танылған жырау, айтыстың ақтаңгері атанған Бекұзақ Тәңірбергеновтің қызы.

   Ақынның эстетикалық поэзия кешінде клуб үйінің сахнасы  әсем безендіріліп, гүлдермен көмкеріліпті. Поэзия кешінде әуелі арнайы музыка фонында сахнаға кеш иесі Мөлдір Бекұзаққызы шығып, өлең шумақтарынан құрылған монологын оқыды. Сол сәтте ақ көйлек киген кішкентай қыздар кеш иесінің жанына топтасып, мизанцена жасады.

 Кеш жүргізушілері Төретам кенті клуб үйінің меңгерушісі Ақмарал Бақбергенқызы мен клуб үйі әдіскері Гүлнұр Қайнарбаева кеш шырайын кіргізе түсті.

Жыр кешіне Мөлдірдің інісі Сыр еліне аты белгілі ақын, түрлі облыстық, рес­публикалық мүшәйралардың жүлдегері Ұлықбек Бекұзақұлы мен жиені, белгілі әнші-композитор Нұртуған Жаңабай келіп, ән мен жырдан шашу шашты.
Сезімге толы жырлар мен өмірге құштар ақынның өлеңдеріне көз жасына ерік бермеген көрермен қалмады десек артық айтпаған болар едік. Ақын қыздың екінші анасы (енесі), көпті көрген қария Жеңіскүл Абдраметова, Мөлдірдің басынан өткен 5-6 жылдағы ауыр халді адам баласына да тілемейтінін, жаман дертті өзінің қаннан берілген рухының мықтылығының арқасында жеңіп шыққанын жеткізді. Жеңіскүл анамыздың сөзінен кейін келінін қызындай көріп, ауыр дерт меңдеген тұста дәрігерлердің емін қабылдауға кеңес беріп, дұрыс күтімін жасап, ауыр зат көтертпей, ыстық пешке жақындатпай бар жағдайын жасаған осындай аналардан неге айналып кетпеске деген ой келді санамызға.

   Кеш барысында Мөлдір қызмет атқаратын Төретам кентіндегі «Гаухартас» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жадыра Бозымова жүрекжарды лебізін білдіріп, кеш иесіне сый-сыяпатын көрсетті.

  Ақынның сүйікті істерінің бірі – монолог оқу еді. Кеш аясында ол да көрініс тапты. Ол Шамси Тебризидің қағидаларын Ләйлі Құндақбайдың аударымасымен көрерменге әсерлі етіп жеткізе білді.

   Байқағанымыздай, Мөлдірдің бір бойында өнердің сан тараулы жолы түйіскендей ме деп қалдық. Себебі ақын ән шырқағанда тым әсерлі орындады. Көрермен ықыласына бөлене отырып «Жолыққан қандай жақсы», «Ананы аңсау», «Сыңар бағым» әндерін жеке дауыста орындаса, «Сағым жылдар» әнін әріптесі Айман Мыңжасаровамен бірге шырқап, көрерменнің ризашылығына бөленді.

   Эстетикалық поэзия кешінде Нағашыбек Бижанов, Назерке Төлебаева, Гүлнұр Қайнарбаева, Тоғжан Бахытова сынды өнерпаздар әннен шашу шашып, кеш көркін қыздыра түсті. Көңілді сергітіп, рухани демалыс сыйлаған поэзия кеші көрермендердің есінде ұзақ сақталары анық.

Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ,
Төретам кенті
07 маусым 2024 ж. 197 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 950

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930