Аналық сенім алдамайды
Өткен жылдың қараша айының соңына қарай Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығында ауданның ашық есік күні ұйымдастырылған еді. Сонда ақпараттандыру мақсатында аудандағы аналар делегациясымен бірге барған болатынбыз. Барша зиялы қауымның ортасында болып, әсерлі кештен біраз дүниені көзбен көріп, көңілге түйіп, санаға жазып алғанымыз бар-ды.
Қармақшыда дүние есігін ашқан, Қызылорда қаласына жұмыс бабымен қоныс аударып облыстың даму жолында аянбай қызмет қылып жүрген бір топ қыз-келіншектер «төркінін» көріп, ақ жаулықты аналарды құшақ жая қарсы алды. Көптен бері қауышпаған жақындар мәре-сәре болып, есен-саулық сұрасып жатқанда өзімнің де төркінім есіме түсіп, жанардағы жасты бір сығып алғаным бар.
Республикада мұндай орталық тек үш облыста ғана бар болса, оның біреуі біздің өңірден ашылғаны қуантады. Мұны әрбір ауданнан ашса да артық етпейді деп ойладық. Себебі ұлттың ұлылығы ананың алақанынан тарайды ғой. Осы кеште аналар тағылымды әңгіме өрбітті, ұлттық құндылықты кеңінен насихаттады. Рухани құндылықтарға толы мәдени шараның соңында «Қармақшы қарлығаштары» деп аталатын ауданымызда туып-өскен қазіргі таңда Қызылорда қаласында тұратын бірқатар алдыңғы буын аналардан бастап жас қыз-келіншектерге сахна төріне орын беріп шығарды. Онда қызметте жүрген арулар да табылды. Сөз сөйлегендердің қатарында «Спортшылардың анасына қажет кеңес болса сұраңыздар, әрдайым білгеніммен бөлісуге тырысамын» деген Мақсат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаеваның сөзі құлағымда қалып қойыпты.
Жалпы аудандық газетте жетістікке жеткен спортшыларға жиі орын арнағанымызбен олардың ата-анасы туралы көп жазыла бермейді екен. Біразға дейін әлгі кісімен сөйлесіп, аналық тәрбиесін білгім келіп көңілім ауды. Әсілі біз спортшыларды сөз қылғанда, еңбекті өзі мен жаттықтырушыға береді екенбіз. Бірақ үйдегі бабы, аналық қолдауы туралы мүлдем айтпай, тысқары қалып қойып жатамыз. Расымен әрбір жанның қызметтегі өсуі мен өмір жолындағы жеңісінің артында ата-ананың сенімі жатады емес пе?! Жақында спортшының анасымен тілдесудің сәті түскен еді.
Әңгіменің төркінің жеткізген соң сұрағымды төтесінен қойдым. «Жалпы ер бала анаға жақын болады ғой. Ана баланың жеңісіне қалай әсер бере алады?» деп алғашқы сұрағымды қойғаным сол еді, апам ағынан ақтарыла сөйледі.
Иә дұрыс айтасың, қазіргі уақыттың ағымы ма, білмеймін, қыз әкеге, ер бала анаға жақын. Бірақ біз әкесі екеуміз тәрбиені бірге беруге тырыстық. Мақсат кішкене кезінде жұқалтаң, әлсіздеу болды. Бірақ спортқа бейімді, өзімен өзі жаттығып жүретін. Соны байқаған әкесі бесінші сынып оқып жүргенінде Болат тренерге апарып тапсырған. Баланың талабына қолдау көрсетіп, демеп отыру, әрине ата-анаға байланысты. 40 градус шіліңгір шілде мен саршұнақ аязда да жаттығудан қалмауына барынша жағдай жасадық. Негізі ата-ана баласының қалауына үлкен мән беріп, бағдарлап отыруы керек. Баланың әрбір жетістігіне анасының қуанғаны оны болашаққа қанаттандырады. Мақсаттың алып келген әрбір мақтау қағаздарына, марапаттарына қуанып, тәу етіп, қатты мән беріп отырдық. Бұл Мақсаттың бұдан да үлкен жеңістерге жетуіне мотивация болды деп есептеймін, – дейді Роза Қаратайқызы.
Спортшылардың физикалық тұрғыда баптаған бапкердің еңбегі бағаланып жатады. Ал үйде тамағын, бар жағдайын жасап отырған ана туралы кейде ұмытып кетіп жатамыз ғой. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дейді дана халқымыз. Бақ сынаған әрбір сайысында Аллаға тапсырып, баласына амандық, абырой тілеп отыратын шын тілекші жан да осы ана емес пе?! Студент кезде әрбір емтиханда болатын сынақ алдында анамның «Ақнұр асықпа, кейде шыдамсызданып кететініңнің кесірі тиіп кетпесін» деп ескертіп, сәттілік тілеп, батасын беріп отыратын. Сол аналық дұғасынан болар, сынақтан мүдірмей, үнемі жақсы баға алып шығатын едім.
Баланың қай іске бейімділігі барын расымен анасы ерте бастан аңғарғаны дұрысырақ. Әлгінде айтқандай, баланың қалауын сұрап кеңескен де артық етпейді. Сол үшін апайымыздан өзім секілді жас аналарға айтар кеңесін де сұрай кеттім. Қазіргі жастарға, жас аналарға айтарым – әлеуметтік желіге бар уақытын арнамай, ата-әжелердің тәрбиесін жалғап, балалардың бойына ұлттық, отбасылық құндылықтарды, қазақи салт-дәстүрлерді сіңіру қажет. Аналық мейрім, жылы сөздер, болашақтарының жарқын болатынына сенім ұялату керек сияқты, – дейді спортшының анасы.
Жайдары жанмен сөйлескен аз-кем уақыт жаныма ерекше жайлылық сыйлады. Шынтуайтында, дүниеде анадан қымбат, анадан артық жан жоқ. Әрбір перзент асыл ананың алдында бас иіп, тағзым етеді. Ана болудың да өз жауапкершілігі бар. Оның бірі – балаға деген сенім, мейірім. Қандай жағдай болсын баланың шексіз талантына, сеніп, мұны айтудан да қысылмаған жөн. Себебі жылы сөз жан семіртеді емес пе?! Әлем қарсы тұрса-дағы аналық сенім алға жетелейтінін айналадан көріп жүрген шығарсыз...
Ақнұр САҒЫНТАЙ