Сыры бөлек азамат
Адам баласы бұл жалған фәниге пенде болып келген соң, міндетті түрде Жаратқанның берген ғұмырына риза болып, пенделік саналы өмірінде жан-жағына өнегелі ісімен ұрпақ өрбітіп, олардың қоғамнан орнын сайлап алуына еңбек сіңіруі тиіс.
Міне, сондай азаматтардың қатарында болған Жосалы кентінің тумасы, бар өмірін туған елінің гүлденуіне арнаған атпал азамат Сырлыбек Ералиевтың есімін жерлестері ерекше құрметпен атайды.
Міне, сондай азаматтардың қатарында болған Жосалы кентінің тумасы, бар өмірін туған елінің гүлденуіне арнаған атпал азамат Сырлыбек Ералиевтың есімін жерлестері ерекше құрметпен атайды.
Сырлыбек Ералыұлы жайлы біз не білеміз? Осы сауал төңірегінде әңгіме өрбітсек. 1950 жылы Қызылтам елді мекенінде дүниеге келген ол Қармақшы кеңшарындағы №113 «Қаракөл» орта мектебін тәмадаған соң алғашқы еңбек жолын ауылдағы шаруашылықта өзі қалаған мамандығы бойынша бастайды.
Араға жыл салып, ауыл баласы шаруашылық басшыларының қолдауымен Қарағанды қаласындағы политехникалық институтқа құжат тапсырып, жоғары білімді ұстаздардан өзі таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп, туған елге оралады. Әрі қарай еңбек жолын Жосалы кентіндегі механикалық зауытта жалғастырып, алғашында қатардағы шебер, кейіннен цех басшысы қызметтерін абыроймен атқарады.
Білімді маман қай жерде болсын орнын табатыны белгілі. Басшылық тапсырған міндеттерді аса жауапкершілікпен орындап, оның іске асуы жолында тынбай еңбек еткен Сырлыбектей жас маман көп ұзамай аудан басшыларының назарына ілініп, аудандық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте де ол өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді атқаруда басшылар тарапынан қолдау тауып, абыройға бөленеді. Нақтысын айтқанда, туған елінің келешегіне сеніммен қараған білікті маман қызметін аса жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен атқарып, замандастары алдында беделі артады. Туған халқының сенімін ақтап, мерейі үстем болады.
Сондай-ақ, белсенді қызметі үшін де аудандық партия комитеті оған аудандық Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының бас инженері қызметін сеніп тапсырады. Әрине, мұндай үлкен лауазымды қызметті басқару кімнің де болса қолынан келе бермесі анық.
Сырлыбек Ералыұлы еңбек еткен жылдарында көптеген ел ағаларының өнегелі өмір жолынан үлгі алып, қызметте сатылап өсті. Тәжірибе жинақтап, өзі де шәкірт тәрбиеледі. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарда ол ауданда ниеттес бірнеше азаматпен бірлесе шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға атсалысты. Нақтысын айтқанда, алғашқы кәсіпкерлердің бірі болды. Сол үшін де ол әріптестері арасында «Аудан кәсіпкерлерінің ағасы» атанды.
«Еңбек – береке бастауы» дегендей, өзінің өнегелі ісімен ел құрметіне бөленген атпал азамат мұнан соң аудан орталығындағы «Бибінұр» базарына басшылық жасап, 2013 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.
Білікті кәсіпкер, адал дос, ардақты әке деген құрметті атақты иеленген Сырлыбек Ералыұлы қай қызметте жүрсе де әділдіктің, адал еңбектің төрелігін көрсетті. Сөйлесе сөзге шешен, бойындағы тектілік, батылдық, алғырлықпен өзін қалың ортаға таныта білді. Әділетсіздікке төзбейтін, кімге болса да кемшілігін бетіне айтатын-ды.
Ол ағайын-туыс, дос-жаранның арасында да көреген көшбасшы ретінде жол бастаушы болды. Әрдайым жанына жақын жүретін, тіпті қарапайым адамдардың қуаныш-ренішін бөлісіп, ағалық ақыл-кеңесін айтып жүретін. Бірақ, Жаратқанның қалауымен татар тұз-дәмі таусылып, арамыздан мезгілсіз мәңгілік мекенге аттанып кете барды.
Оның азамат ретінде ел мақсатына арнаған көптеген ісі ел есінде сақталып қалды. Атап айтар болсақ, 2016 жылдың көктемінде Жосалы кенті орталығынан Кіші жүз он екі ата Байұлының Алтын тайпасына арнап ескерткіш-белгі ашылды. Шараның ашылуында ұйымдастырушылардың бірі болған Сырлыбек Ералыұлы оны қоршау, айналасына түрлі саялы ағаш отырғызу, қонақтарды қабылдап күтуді міндетіне алып, үлкен азаматтық қызмет атқарды. Ондай істі басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтіні жұртқа мәлім. Десе де, осындай үлкен істі жоғары дәрежеде ұйымдастырып, оны атқарып шыққанына ағайындар ризашылығын білдірді.
«Еңбек қарын тойдырады» дейді атам қазақ. Осы ретте, Сырлыбектей туған елінің болашағына сенген, атпал азаматтың ерен еңбегін билік те жоғары бағалады. Ол бірнеше рет облыс, ауданның құрметті марапатына ие болып, мерейі үстем болды.
Сырлыбек ағамыз құдай қосқан қосағы Құрманкүлмен 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Өкіншке орай, шаңырақтың отанасы Құрманкүл апайымыз өмірден ерте өтті.
Иә, Сырлыбек Ералыұлы жайлы ауылдастары көптеген жақсылықты, сағынышты естеліктер айтады. Соның біріне тоқталсақ.
«Кеше ғана ортамызда күліп-ойнап жүрген ағамыздың сырқаттанып қалғаны жайлы қызы Анардан жайсыз хабар алдық. Ол: «Папам қысылып, қатты науқастанып қалды, уақыттарыңыз болса тез жетсеңіздер» деді. Біз ағамыздың отбасына жеделдетіп келгенде ол тынысы тарылып, дем алысы дұрыс болмай, терезе алдында отыр екен.
«Бұл төтенше келген сырқат болып тұр, дайындықсыз қалмаңдар дедім балаларыма» деп мұңлы жанарынан тамған жасты сүртті. Алайда, біз аға сөзін қашанда айтатын әзілге балап, оны орталық ауруханаға жатқыздық. Бірақ, ертесіне күтпеген жерден ағайымның өмірден өткені туралы қаралы хабарды естідік. Иә, Алланың ісіне шара бар ма? Сырлыбек ағамыздан айырылып, қаламыз деген ой санамызда болған жоқ. Осындайда көз алдыңа өмірден өткен адамның жақсылықты істері есіңе түсетіні рас. Сол кезде оның маған да, елге де істеген жақсылықты көз алдымнан жүріп өтті. Оның жарқын бейнесін де көз алдыма әкеп, «Неге ерте кеттіңіз, аға» дегендей өкпемді айтып қалдым» деп еске алады жақын туысы Уақитбек Сұңғатов.
Иә, осындай кезде данышпан ақын Абайдың:
«Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!» деген өлеңі еріксіз еске түседі. Расымен де, ұлы ақын атамыздың бұл өлеңінде қаншама мағына жатқанын адамзат баласы білер ме екен? Ақыл мен парасаттың айғайшысы жоқ екені рас. Ол міндетті түрде адам жанымен біте қайнасып, қан мен топырақтың торланған ағысында аласұратынын біз жақсы білеміз. Бірақ оны түсінген адам қайда? Халық рас айтады. Жүректен сүзіліп шыққан шымыр сөз ол парасат. Ал, тумысындағы ақиқатты іздеген жанкештінің жаны сол өмір дарағымен бірге бүршік атып, гүлдейді. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз сегіз сырлы Сырлыбек Ералыұлы да туған халқының жадында осындай естелікте қалды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ