» » » Қауыс ишан жайлы ой толғау

Қауыс ишан жайлы ой толғау

qarmaqshy-tany.kz 1898 жылы ауданға қарасты №2 ауылдық кеңес «Абыла» елді мекенінде дүниеге келген Марал баба ұрпағы Қауыс ишан жастайынан Тобағабыл мешітіндегі мектеп-медреседе жеті жыл діни сауат алған. Осы сауаты арқылы ата-баба жолын қуып, жергілікті халықтың мұсылмандық дін сауатын ашқан.
Қауыстың әкесі Асан ишан «Үш жүзге пір болған Марал ишан ұрпағы» деген желеумен елден жер аударылады. Атам Өзбекстан жеріне тұрақтапты. Сол жақта шамамен 1934 жылы қайтыс болған. Ол кісінің бейіті сол елдің «Дәр көмір» деген стансасында. Бейіттің басында шырақшысы бар. Әр аптаның бейсенбі, жұма күндері басына шырақ жағып, бала көтермеген, ауру-сырқаты бар кісілер сонда түнеп жатады екен. Атамның сүйегін елге әкелу үшін 1958 жылы Медекеш Алтынбаев, Әмит және баласы Қауыс арнайы Өзбекстанға іздеп барады. Бірақ сол жердің халқы наразылық жасап, «Әруақ ортақ, бермейміз» деп алып қалыпты.

Әкеміз соғыстан кейінгі уақыттарда Кеңес одағының саясатына байланысты сол кездегі молда, ишандардың ұрпағы деген сылтаумен қуғынды көп көрген. Оған дәлел, күндердің күнінде Қауыс ишан мен Әмит ишан Абыла ауылындағы бір үйге қонақ болып түседі. Ал оларды милиция қызметкерлері сыртынан бақылап, әлгі үйге баса көктеп жетіп барады. Оларды байқап қалған үйдегі апамыз екі ишанды екі киізге орап, жатқызып қояды. Шенділер үйге кіріп келіп, «Әлгі ишандар қайда? Тауып беріңдер? Әйтпесе өздеріңді қамаймыз» деп басыныпты. Сонда апамыз «Үй ішін қараңдар, тінтіңдер. Тапсаңдар алып кетіңдер» деп тұрып алыпты. Бөлмелерді әрі-бері қараған олар табалмай кері қайтқан екен. Бұл көріністің өзі қара халықтың ишандарға, баба әруағына деген сенімділігін көрсетсе керек.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Асан ишанның үш баласы да майданға аттаныпты. Қауыс ишан еңбек майданына, Сәдуақас пен Қабибулла ағаларым соғыстың алдыңғы шебінде болыпты. Осы соғыста Сәдуақас Сталинград түбінде 1943 жылы із-түссіз жоғалып кетсе, Қабибулла Финляндия және Ұлы Отан соғысына қатысып, елге 1951 жылы қайтқан. Соғыс аяқталған соң әкем елге оралып «Обаға қарсы» мекемесінде қарауыл болып жұмыс істеген.

Үкіметтің сол кездегі қатал саясатының арқасында қара халықтың Құдайға құлшылық жасаудың өзі қиын жағдайда болған. Ол уақытта ауылда мешіт атауымен болмаған. Сол кезде адамдар құлшылығын көбінесе түнде, онда да ең сенімді деген кісілердің үйінде я болмаса қараңғыны жамылып Марал бабаның кесенесіне барып, сол жерде шырақ жағып, құлшылық жасаған екен. Осындай ауыр кезеңде Қауыс әкем Жосалыда адамдардың діни сауатын ашып, әрі емшілік жұмыстарды атқарған.

Аудан орталығында сол кезде дін жолын насихаттап жүрген бір топ молдалар болған. Олардың қатарында өте сауатты әрі беделдісі Жүніс молда болса, одан кейінгісі Омар, Сары кожа, Құндақбай, Омар (ұлты шешен) молда, келесі буында Шерәлі, Темірхан, Мүтәләп, Дошанай, Мұқтар, Қожагелді руынан Смағұл молда. Ал осы молдалардың арасында шоқтығы биік болғандар: Қызылорда қаласында Сүлеймен ишан, «Анакөл, Қызылтам, Қайыршақты, Қаракеткен» төңірегінде Әмит ишан, Жосалы кентінде Қауыс ишан халыққа қызмет еткен.

Әкем Қауыс ишан Жосалыдағы ірі емшінің бірі еді. Пышақпен бірге дәрі-дәрмек пайдаланатын. Сыр, алмас, қырқар, жан жәбіл сияқты дәрілері болатын. Кейде ішіне жын кіргендерді де дұға оқу арқылы сауықтыратын.

Темірхан Беспаев деген ағамыз басынан өткен бір оқиғасын былай деп айтқаны бар. Бірде Бағдаулет деген кісі науқас әйелінің қолын байлап әкеліпті. Әкем мен Темірхан ағам дұғасын оқып бастаса әлгі әйел олармен арпалысып, кейін біртебірте бәсеңдепті. Ақыры «ымм» деп ыңылдап отырып Темірханның алдына басы иіле құлапты. Содан Марал бабаның үй тамының ішіне кіргізіп екеулеп зікір салса, бір мезетте бөлменің іші жүздеген адам қосыла зікір айтқандай болыпты. Осыдан кейін әлгі әйел дертінен құлан таза жазылып, баяғы сау қалпына келген екен. Бұл оқиға 1955 жылы болған.

Тағы бір естелікке тоқталсам. Серік деген жақын ағайынымыздың кенеттен екі көзі көрмей су қараңғы болып қалыпты. Әкесі Түймебай Жосалыдағы механикалық зауытта жұмыс істеп жүрген кезі. Содан баласын Ресейдің біраз қалаларына апарып емдетеді. Одан бірақ ешқандай нәтиже болмапты. Сол кездері «ДМЗ»-да қызмет істеген Пальчиков деген орыс дәрігер Түймебай ағама «Сен не істеп жүрсің? Туыстарыңның арасында ишан ағаларың, Марал бабаңның мазары бар. Соған балаңызды тәу етуге алып бармайсың ба?» деп ұсыныс айтқан екен. Ол кезде әулеттің біраз үлкен кісілері бар. Содан туған-туысқандар екі есек арбаға мініп, ортаға Серік ағамызды алып, бабаның басына барады. Барғандардың арасында әкем Қауыс, Шәмші ишан, Медекеш көкем, Түймебай, Төлеген және апа жеңгелеріміз Дәрігүл, Дәмештер болыпты. Марал бабаның үй тамы екі бөлмеден болса, бірінші бөлмеде Құлжымыр атамыз, екінші бөлмеде Марал баба, анасы және тағы 15 кісі жатыр. Серік ағаны екінші бөлмеге шалқасынан жатқызып, айналдыра қоршап Қауыс ишанмен Шәмші ишан екеуі зікір салады. Кешкі тамақтарын ішіп отырған кезде Серік ағамыз ағаш тостағанға қолын салып ішінде піскен күрішті алайын десе күріш таусылып қалып соңғы бір түйірін тасбақа аузына іліп алып бірініші бөлменің оң жақ қабырғасындағы тесікке кіріп кетіпті. Тасбақаны Түймебай ағам көріп қолындағы тобылғымен ұрғысы келіп ұмтылғанда Шәмші ишан байқап қалып тізесінен басып тиме деген ишарат білдіріпті. Түннің ортасында Серік ұйқыдан шошып оянады. Сөйтсе денесін бір сұр жылан орап алыпты. Қорыққаннан қатты жылап жіберсе керек. Ағамыздың даусынан қалғандары оянып не болды деп қараса әлгі сұр жылан жылжып тасбақа кірген інге ол да кіріпті. Сол кезде Шәмші ишан «Ниетіміз қабыл болды, інімізге ем қонады» деп ауылға қайтқан екен. Содан көп уақыт өтпей Серік ағамыздың көзі көріпті.

Жосалы кентінің тұрғыны Демен Құлпейсов деген кісі де қатты ауырып, ауруханаға жатып қалыпты. Дерті бойына өтіп кеткені соншалық дәрігерлер «Біз бар емді жасадық, колымыздан ешнәрсе келмеді» деп қайтарыпты. Бұл кісінің жағдайын білген бір танысы жақын жерде емші Қауыс ишан тұратынын айтып, жол сілтепті. Содан әкеме келіп, ол кісінің салған демі, оқыған дұғасы және шөптен жасаған дәрі-дәрмегінің арқасында дертінен құлан таза жазылып кетіпті. Осы жағдайдан кейін Демен ағамыз менің әкемді пір тұтып, «сіздің бір балаңыз болайын» деп өзінің әкесіндей құрметтепті.

1979-1980 жылдары Демен аға біздің үйге келіп «сен осылай жүре бересің бе? Әкеңнің салған үйі ескірді. Орнына жаңа үй тұрғыз, мен саған көмек беремін, мен де осы үйдің бір баласымын» деп маған басынан өткен жайды айтып бергені бар. Осылайша әкеңе жасаған бір жақсылығым болсын деп көне үйдің орнына жаңа үй тұрғызуға көмектесті.

Әкем жайында ел аузында жүрген естеліктер көп. Естігенімді дәптеріме түртіп отырамын. Осыдан 2-3 ай бұрын көрші үйде болғанымда жасы жетпіс жетіге таяған Жеткеркүл деген апа әкем туралы әңгіменің шетін шығарғаны бар. Ол кісі 5-6 жасында қозы-лақты ауылдың оңтүстік шығысында орналасқан бейіттің жанында бағыпты. Кешкілік малды үйге қарай қайырып келе жатқанында бейіттің қасынан оншақты адамның кетіп бара жатқанын көзінің қиығымен шалып қалады. Ауылға кіргенінде алдынан шыққан кішкентай балалар оған қарап күле бастапты. Жеткеркүл апа ешнәрсе түсінбей не болды деп сұраса, балалар аузының қисайып кеткенін айтыпты. Дереу үйге кіріп, айнадан өз түрін көріп, шошып, қорыққанынан қатты айқайлап жіберіпті. Үйдің іші у-шу болып не істерін білмепті. Сол арада егде жастағы кісі «Көршілерің Қауыс ишанға апарып көрсетіңдер» депті. Әкем Жеткеркүлге қарап, көзіне бейіттің қасынан өтіп бара жатқан жын-перілер көрінгенін, оны дұға оқып қайтаруға болатынын айтып, дем салған екен. Сол дұғаның арқасында апамыздың беті бірте-бірте орнына келіпті. Әлі күнге аузынан Жаратқанға сосын Қауыс ишанға алғысын айтып отырады.

1961 жылы Әмит ишан қайтыс болды. Ол кезде кішкентай болсамда әлі есімде. Ишанның жаназасына Ташкент каласынан Сейітхан ағам уақытылы келе алмай, қырық күндік асына келді. Жолда үйге келе жатқанын көріп дереу әкеме айттым. Бұл хабарымды естіп әкем тез орнынан тұрып көшеге шықты. Сөйтіп екеуі көшенің қиылысында кездесіп, құшақтарын айқара ашып, бар дауыстарын катты шығарып, Әмит көкемнің қазасына қайғырып жылағаны бар. Өмірімде ер адамдардың бұлай дауыс шығарып жылағанын көріп, көзімнің жасын тыя алмадым. Қазір ойлап карасам сол кездегі адамдардың бірбіріне туысқандық, бауырмалдық сағыныштың көрінісі екен ғой.

Әкем маған кішкентай кезімнен жақсы тәлім-тәрбие берді. Сабақты жақсы оқуға, тәртіпті болуға, ешкімнің ала жібін аттамауға, өтірік айтпауға, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға, еңбекті сүюге үйретті. Тіпті еш уақытта дауыс көтеріп сөйлемейтін. Үйге үлкен кісілер келсе қасына отырғызып, қарттардың әңгімесін тыңдататын. Әркез молда кісілермен Құран кітаптарды көп оқитын.

Қауыс ишан 1970 жылы 15 қарашада өмірден өтіп, Марал баба қорымына, бабаның қасында жерленді. Бүгінде есімі әлі күнге дейін аудан халқының есінде. Көнекөз қариялар, кезінде әкемнен ем алған кісілер және оның балалары әкемді еске алып өз естеліктерін айтып отырады.
Смағұл ҚАУЫСОВ,
баласы
18 шілде 2023 ж. 812 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031