Жыр ордасы
qarmaqshy-tany.kz ШОРАЯҚ БИЫЛ ҚАРТАЙҒАН. БҰРЫҢҒЫ АЛПАМСАДАЙ ДЕНЕ БҮГІНДЕ БҮГІЛІП, ЕТІ ДЕ ОЛПЫ-СОЛПЫ ЖЕҢІЛДЕП ҚАЛЫПТЫ. ДӘЙІМІ ОТ ОЙНАП ТҰРАТЫН НӘРКЕС КӨЗДІҢ АЛДЫ КІРЕУЛЕНІП, АЙНАЛАСЫ ЖОЛ-ЖОЛ БОЛҒАН. ОНЫҢ БЕЛГІСІЗ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАЛЫ БЕРІ ТАМАҚҚА ДА ТӘБЕТІ ЖОҚ. КҮН ҰЗАҒЫ ҚОРЕГІ БІР КЕСЕ АШЫТҚАН КӨЖЕ. БОЙЫН ДЕЛ-ДАЛ ҚЫП КЕУДЕСІН КӨТЕРТПЕЙ ТҰРҒАН БІР НӘРСЕ БАР СИЯҚТЫ. ОНЫ ӨЗІНШЕ КӘРІЛІК-АУ ДЕП ТОПШЫЛАЙТЫНДАЙ. ӨЗІ ӨЗІ БОЛҒАЛЫ, ӨМІР ЕСІГІН АШҚАЛЫ БЕРІ ШОРАЯҚ ЖЕТПІС ҮШ ЖЫЛ ЖАСАДЫ. ОСЫ ЖАС ІШІНДЕ ОЛ БАСПАҒАН ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫ КЕМДЕ-КЕМ ШЫҒАР.
Сыр бойын бес саусағындай біледі. Аға сұлтан Құнанбайға ас берген жылы сонау Семей даласының да біраз жерін шарлаған. Абаймен де дидарласқан. Ала ауызды қазақтың «жесір дауымен» де Жетісудың шет-пұшпағын көріп қайтты. Шораяқтың ауылы биыл Сауқымға ерте кеп қонды. Бүгінде Кірбіт, Тәшен, Серікбайлар бөлініп кеткен. Әрқайсысы бір-бір отау тігіп, өз алдына түтін түтетіп отыр. Ауыл дегендегі әзірге келіп отырғандары осылар.
«Бесеннің бес үйі» аталатын басқа шаңырақтары Бұқпаннан әлі көшіп келе қоймаған еді. Шораяқтың соңғы уақытта тіпті мазасы жоқ. Далаға да көп шықпайды. Бойы дал-дал, науқас адам сияқты. Бірақ, алып-жұлып бара жатқан сырқаты да жоқ. Сондықтан ол өзін бірыңғай кәрілікке бергісі келмейді. Кәрілік пен қартаймас көңіл аралығында бітіспестей арпалыс бар.
«Сексеннің серіктікке сенімі жоқ,
Жегенің жедел жеген құтындай-ақ...»
Омар осы өлеңді әкесі Шораяқтың сексенге серік болған шағында жазыпты. Сонда: «Балам, осы өлеңіңді мұқым тәуір жазған сияқтысың. Мына сексенің шынында да сенімсіз ит екенін менің еркімнен кетіп бара жатқанын сездім-ау, сірә», – деген еді әкесі баласына. Омарға көңілі толып, оның талабына өзінше әкелік баға бергені бұл.
Шораяқ үлкенге де, кішіге де ақсақал болды. Сүрген осы сексен жыл өмірінде жақсыны да, жаманды да көрді. Сонау Арқадағы Алшынбайдың Құнанбайына ас берген жылы Кіші жүздің белді руының бірі деп Кете-Шөмекейден осы Шораяқты жіберген. Жүз ту биені жетектеп, осы Сыр бойынан барған жиырма кісінің ақсақалы Шораяққа деп арнап Абайдың өзі Сыр бойынан келген қонақтарға өз алдына бір үй тіккізген деседі.
Кетенің белгілі шонжар, бек-билері Бекмырза, Пірен, Ешнияз сал болып әлі күнге осы Шораяққа арқа сүйемейтіні жоқ. Тілге келгенде ешкімге дес бермес еді ол. Оның батыр тұлғалы келбеті, бір беткей қайсарлығы, өткірлігі халық арасында айтылып жүрген аңыздар да көп. Оның бірыңғай оты басында отырып қалғаны да осы өткен күзден бері. Онда да, Қуаңдария бойында бүкіл Кете-Шөмекейдің төрт баласына қарасты азаматтардың басын қосып, оларға өзі бас болып үлкен жарма қаздырып болғалы бері оның мазасы жоқ. Әйтсе де, биыл суармалы жерлерден тыс жазықтарға да су келетін болған соң, егін ектіру ойында бар. Оның Сауқымға ерте көшіп келуінің де мәнісі осы еді.
«Өткен күнде белгі жоқ» дегендей, енді бүгінде солардың бәрі ұмыт болды. Алты қанат боз үйдің оң жақ сағасынан орын алыпты. Көзкөне шеше сыртқа шығып келсе болды, сырттағы тіршіліктен үлкен хабар еститіндей, оған әлсін-әлсін жәутеңдеп қарап қояды.
Көзкөне Шораяқтың екінші әйелі. Әлі жас, ажарлы. Сұңғақ бойына біткен он екі мүшесінде әлі дақ жоқ. Ақ сары келген атжақты бет пішіні оңайлықпен оқып бермейтін, шымыр әйелдің салтын сақтайтындай. Оның үстіне байсалдылығы, ұстамдылығы, сөзге тапқырлығы қосылса, орнықты, келісті бәйбішенің түр-сипатын береді.
Шораяқ Көзкөнені Әлім руының Кішкене аталығынан алды. Мұның өзі бір қызық оқиға. Шораяқтың бәйбішесі Күнейден Серікбай, Кірбіт, Тәшен, Ұлбике, Жанымкүлдер туды. Балаларының алды ержетіп те қалған. Ағайын қарап жүре ме. «Балаларыңның бәрі түйеші, қойшы болды. Өзіңе ұқсап туған біреуі жоқ. Күнейден енді кім туар дейсің? Өзіңе ұқсаған біреуді туып беретін тоқал ал», – деп қыңқылдаумен болған. Бұған Шораяқ та ойланып қалған-ды. Азды-көпті дәулеті бар. Атағы Қыр мен Қуаңды түгелдей алып жатыр, абырой да жаман емес. Ойлана, ағайынмен ақылдаса келе бұрыннан таныстығы мол Әлім ағайынның Кішкенесіндегі Бекбатыр байдың қызына қолқа салды. Қолқа салған жоқ-ау, бірден артынып-тартынып барды да бай ауылының сыртына үй тіктіріп, жатып алды.
«Көзкөнені әкеп берсін. Қалың малы дайын», – деді хабаршыдан.
Шораяқтың бұл қылығы есіткен ағайынға ерсі көрінген. Содан ауылдың ақсақал-қарасақалдары түгел жиналып, пітуәжа жасады да: «Шораяқ масықпасын, ауылымызға ат ойнатып келіп, қорқытып алып кететін жетім қыз жоқ, күйеу болатын адам мұндай әдепсіздік жасамас болар», – деді.
Абырой мен атақ тең түсіп, қайраты дүрілдеп тұрған шағында адамның оңды-солды кететіні де болады. Шораяқтың бұл ісі ойлап қараса игі қазақ тұқымына ретсіз екені рас. Оны өзі де біледі. Десе де, бері қаратпай, барған жерін тіліп түсетін қадіріне сеніп, асқақтай қалғанын тағы білді. Енді не істеу керек? Қайтсе де Көзкөнені алмай қайтпаудың жолын іздестіре бастады. Оны тапты да.
«Мен Әлімге жиенмін. Оның үстіне көрші ағайынбыз. Жиеннің жиен сыбағасы, көршінің көрші сыбағасы дегенді білмейтін қай қазақ бар. Көп болса жиендік базыналық жасаған шығармын, оны көтере алмаған Әлімнің ақсақалдары аталық жолдан тайдым десін. Жиендігімнен күйеулігімді жақын көрсе, «қызды жау да алады» деген. Ат құйрығын кестім, сәлем айт, Бекбатырға», – деді ат қосшысы болып келген інісі Нұржанды жұмсап.
Мына сөз Әлім жұртын біраз ойландырып тастады.
«Бұл тентек елді бүлдірер, жиен ғой, болмас, айтқанын істей қойыңдар, босқа кетпесін», – деді Көлдейбек ақсақал үнсіз отырған ауыл азаматтарына жағалай қарап. Бұл сөзді бірден осылай шеше қоюдың тым жеңіл екендігін аңғарса да Көлдейбектің алдынан кесе өтіп көрмеген бай-молла мен билер қыңқ дей алмады. Бірен-сарандаған одыр-содырлар ғана иықтарын көтере бастап еді, оларды ақсақалдар «ыммен» тұншықтырып тастады.
Шораяқ күйеуліктің алдын адыр бастағанмен артын жұмсартып жіберді. Сонау Сауқымдағы ауылынан 20 үй алдыртып, 5 күн бойы той жасатты. Алты Әлімнің игі жақсысын түгел шақырып, қонағасы берді. Өзінің артық-кем айтқан сөзіне кешірім тілеп, ел ағаларына шапан жапты. Сөйтіп, бір көшпен Көзкөнені ауылға алып қайтқан еді...
Арада жылдар өтті. Бұл күнде Еркебай, Омар, Оспан, Достан деген сабаудай ұлды қатар туып берген Көзкөненің бағы аспанға ұшып тұр. Күнейден туған балалардың бәрі өз алдына үй болып кеткен-ді. Тек Көзкөнеден туған Еркебай өткен жазда шариғаттан тыс оқыс қылық жасады. Шораяқтың әлсіреп, жүдеп кеткені де сол Еркебайдың қылығы.
Ағайын ішіндегі Шораяқ пен оның немере туысы, Қуаңның бойынан жолбарыс аулап, халық арасында шері атанған Титыққа қараған Бесен аталығының ең жақыны, әлі қыз алыспаған – Кәнісбек аталығы болатын. Осы екі ағайын ұрпақтары егіз қозыдай көптен бері тату да қоныстас келе жатқан. Сол Кәнісбектегі Қабық байдың Айсұлу деген жалғыз қызын Еркебай алып қашты. Хабар-ошарсыз кеткен екі жастың әлі күнге қайда екені белгісіз. Қыз жағы Шораяққа әбден қауығып алды. Ел кезіп, Сыр мен Қуаңның түпкір-түпкірін аралап қайтқан Қабық байдың жоқшылары кеше Шораяққа: «Баласын тауып берсін, болмаса жауласамыз», – деп хабар жіберіпті. Шораяқтың елеңдеп, Көзкөнеден сыр дәметіп отыруының да мәнісі осы еді.
«Өтеулі атам аттан түсіп жатыр», – деді үйге жүгіре кірген Омар әкесінің қасына отыра кетіп.
«Жақсы бопты, жақсы бопты, балам. Өзің кіргенің қалай, әуелі кісінің атын жайламай», – деді Шораяқ сәл қабағын түйді де Көзкөнеге қарап: «Көрпешені кеңірек сал», – деді.
Шораяқ ойланып қалды. Ит арқасы қияңдағы Майлыөзектен жалғыз неге келді бұл. Әлде Еркебайдың хабарын естіп, қуантуға жүре берді ме екен ит өлген жерден. Кәрі қиял ойын он санға бөле бастаған кезде үйге алпамсадай қара шал Өтеулі келіп кірді. Ол көн кебісін есіктің көзіне сілкіп тастады да, жайлап келіп төрге отырды. Далбайын іргеге, қамшысын босаға жаққа лақтырып тастай салды. Түйе жүннен тігілген қырық жамау шекпенін шешпеді. Түсі көңілсіз. Бір нәрсеге қамыққандай ма, әлде жол соқты боп шаршағандай ма, әйтеуір дәйімі ақ жарқын жүретін Өтеулінің бұрыңғы кескіні жоқ. Аман-саулықты да ернінің ұшымен айтып, көз қырын Шораяқ жаққа бір салды да Көзкөне тастаған жастыққа жанбастай қисая кетті.
Шораяқ үлкен ойда отыр. Үш айдан бері хабарсыз кеткен баласы Еркебайдың ісі жатса да, тұрса да есінен шықпай, кешіккен сайын жанын жегідей жеп барады. Елдің сыпсыңы көбейіп, Қабық байдың қызын алып қашыпты деген әуелі өсек болып тараған сөз, енді шындыққа айналып бара жатқан сияқты. Осыдан үш күн бұрын ғана Қабық ауылының оншақты адамы келіп, ауылдың кебеже-сандығына дейін тінтіп, тек Шораяқтың үйіне кіре алмай, сырттан жұдырықтарын түйіп, бүлік шығарып кеткені анау.
Тарыдай таранып отырған Қабықтың алмауыт қызы бір түнде жоқ болды. Үлкен үй, кіші үй, ағайын-жегжаттың бәріне барып қайтқан Хадиша бәйбіше мен Қабық салы суға кеткен қайықшыдай абдырап отыр. Кімге барып ұрынарын, қызды кімге таңарын білмей, көздерінің қанталап отырған жайы бар.
Ауылда Қабық жоқ болатын. Сонау Арқадағы Келдібай, Малдыбайлардың ауылына қыдырып кеткен. Оның да бір есебі бар. Биыл Айсұлуы он жетіге толады. Бүкіл бір рулы елдің еркетотайы боп өскен қызға соңғы кездері көз қырын салушылар көбейіп кетті. «Айттырып қойғанбыз, қалың малын да түгел алдық» десе де болмай, осы өңірдегі Кете-Шөмекейдің ірі-ірі атқамінерлері-ақ мазаны алып болған. Оның үстіне Қабық жалғыз қызы Айсұлудың да күн өткен сайын толысып, ерекше сәндене бастағанын жақтырмай жүр еді. Айттырып қойған жері Жетірудың белгілі шонжары Малдыбай. Өткен қыста құда, күйеулер келіп, ауылда он шақты күн жатып кетті. Малдыбайдың жалғыз ұлы Шоқаннан аянып қалған ешнәрсесі жоқ. Әуел баста Қабықтың үйіне келіп, құйрық-бауыр жегендегі уәделі қалың малы 60 қара болса, одан құтылып, оның үстіне берген дүниесінің өзі жиырма қараның пұлынан асып кетіп отыр. Сөйте тұра Айсұлу Шоқанмен жылы ымыраға әлі келген жоқ-тын. Биыл қыста Шоқан Айсұлудың жеңгелеріне қолқа салып, едәуір дүниесін тағы да шығындады. Қыздың тәуір жеңгесі Айымкүлге жүз сом қара қасқа беріп кетті. Бірақ қыз: «Алтын әкемнің қасиетті шаңырағында отырып, төсегімді ешкімге бастырмаймын. Мені өзіндік санайтын болса, Шоқан асықпасын, шыдасын, жаз да жақындады ғой» деген. Әңгүдік, аңқау жігіті қыздың бұл «шығарып салма» сөзінің түп-төркініне түсінбей, сырттан семіріп кете барған.
Былайша қараған кісіге Шоқан сүйкімсіз де жігіт емес. Жасы биыл аттай жиырмада. Бір елдегі белгілі байдың жалғыз баласы болған соң, еркелік, қолбаңдығы, аңқаулығы болмаса бет-ажарында бір мін жоқ. Қыр мұрындылау келген, үлкен қара көзді аққұба жігіт. Денесі де толық, оң жақ бетінің су ағарына таяу жерде кішкентай ғана қара меңі бар. Бұл да өзінше дөңгелектене жарасып тұрған сияқты. Ортадан жоғарылау бойы жуантық денеге құйып қойғандай. Шоқан сәнді киінеді. Басында алтайы түлкіден тігіліп, қызыл масатымен тысталған бөрік, сыртында шаһар ғұрпымен тігілген жалбағайлы бешпент. Ал, аяғына кигені түзу табанды шегірен етік. Белін үнемі бұқара белбеумен қынап, буынып жүреді.
Айсұлудың бұлай деуін орынсыз көрген құда жігіт Құттыбай: «Қыздың ретсіз қыңқылын қайтесің, құдай қосқан соң көсілтпейсің бе», – деп еді Шоқан: «Ой, қайтем?», – дей салды.
«Қайтемің не, сенің-ай. Бетінен сүй, ырқына жіберме!», – деп Құттыбай күйіп-пісіп, біраз ашуланып та көріп еді. Шоқан ыржалақтап күле берген соң ол да ылажсыз көнген.
Бүгін сол Айсұлу екі бірдей ауылды жер соқтырып, белгісіз біреумен қашып кетті. Хадиша бәйбішеге қатты батқаны, қыздың қашқанынан бұрын Қабықтың ауылда жоқтығы. Қабық томырық адам. «Ит ашуын тырнадан алар» дегендей, ол енді ауызды әуелі Хадишаға салады. Жалғыз «қаншықты» бақпай, сен қайда жүрсің?», – деп дырау қамшының астына алары анық. Онымен қойса да бір сәрі ғой, қалған жалғыз көзін тағы шығарса не болмақ. Көр соқыр боп өмір жасын өксіткеннен, өліп тынғаны-ақ артық емес пе?
«Келіп қалды, адамдар, келіп қалды!», – деп үйге жүгіре кірді Нұрбибі.
Бұл кезде ауыл сыртындағы жатаған боз дөңнен төрт салт атты ылдиға қарай ойыса беріп еді. Алдында келе жатқан жирен қасқа арғымақтың үстіндегі Қабық екен. Бәйбіше үй-ішіндегілерге:
«Отырыңдар, қозғалмаңдар!», – деп өтінді...
Шораяқ бүгін төсекте дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты. Тынысы тарылып, кешке жүрегі соқпай қалғандай болады. Қай-қайдағы нәрселерді ойлап, көңілі бей-жай. Ауылда Еркебай жоқ еді. Кеше көрші ауылға барамын деп атын ерттеп мініп кеткен-ді. Тоқалы Көзкөнеден туған тұңғышы болған соң, бұл кезде ол еркіндеу жүретін. Соңғы кезде Шораяқтың тәуір баласы атанып билікке де араласатын болды. Оның жүріс-тұрысына да әке көп назарлай бермейді.
Тәңертең ерте оянған Көзкөнеге Шораяқ:
«Қатын сыртқа шықшы, ат дүбірі естіле ме қалай?», – деді.
Көзкөне қамзолын иығына іліп, кебісін жалаң аяғына сұға сала, енді далаға беттей беріп еді, аттылар тіпті жақындап қалған екен. Қарасы едәуір боп келе жатқандарын көріп, ол абдырап қалды.
«Ей, кәрі шайтан! Үлкен үй сенен бұзылды ма, сенен бұзылды ма?», – деді қамшысын екі бүктеп, далбайын қолтығына қыса үйге сыздана кірген Қабықтың жүзі құм беттеніп, қарайып кетіпті, дірілдеп тұр...
Арада жылжып жылдар да өтті. Дүниеден талай адамның тағдырын шешіп, ел бірлігін сақтаған, көптің құрметтісі атанған Шораяқ та өмірден озды. Қабықтың қызын алып қашқанмен, қос ғашықтың өмірі алысқа бармады. Қабық қызын алып кетіп, атастырған күйеуіне қосты. Ал, Еркебай болса басқа қызға үйленді. Бірақ, Еркебай ұзақ жасамады.
Бойын дендеген ауру оны да әкесінің артынан о дүниеге алып кетті.
Шораяқтың қара шаңырағы. Бұл ауыл қазір күңіреніп жатыр. Әсіресе, «Сауқымның» күн батыс бетіндегі жатаған алаңның дәл ортасына тігілген төрт үй ерекше күйзелісте.
«Омаржан, босатпағын, беліңді бу,
Бала едің көпті көріп атқарған ду.
Уа, дарих! Бермен қарай, дем татпаған,
Жан бар ма? Таусылса дем татпаған у».
Ұзын бел, күлгін сары аттың белінен шұбатыла түскен қапсағай ақ сары кісі ортадағы жеті қанатты боз үйге енді де, сарнап қоя берді. Жұрттына қалған, қыбыр естілмейді. Үш аптадан бері үнсіз отырып қалған Омардың өзі де жасқа толы жанарын бір нүктеге қадаған күйі қалшиыпты. Үлкен үйде жағалай отырған ақсақал, қарасақалдар да еңселерін басқан ауыр зілден көміліп қалғандай көтерілмейді. Кешеден бері бұл үйде талай-талай өнегелі сөздер айтылды. Тұңғышбайдың Тотығы, Жортекенің Кішкентайы, Ешнияздың Жүсібі мен Бегім бидің ауызынан сөз қалған жоқ. Қара сөзге келгенде ешкімге дес бермейтін Кетенің өрен жүйріктері осылар еді. Әйтсе де, Еркебайдың өлімі Шораяқ тұқымына тым ауыр тиген сияқты. Белдерін жаза алмай отыр. Әсіресе, солардың ішінде езіле күйретіліп, ошарыла құлағаны Омар. Сондықтан да Шегебай ақын өз сөзін «Омаржан» деп бастауы да тегін емес еді.
«Жан болса, Жаббар тегіс бірте-бірте,
Тартпағын, өлім нәһан ол құрдым су.
Білгенге мысалы мен болып тұрсын,
Оқ тиген қанатынан жаралы қу...»
Омар аңырап қоя берді. Еркебайды ақ жуып, арулап қойғалы бері үн шығарғаны бұл. Үлкен арнаның ағысын билеген шомбал бөгетті орып кеп жібергендей болған белгісіз күшпен лоқсып келген өксігін баса алмай көп жылады. Келмеске кеткен есіл бауырының қадірін енді біліп отыр.
Шегебай бұл кезде түнере түскен. Дауысын оқыс көтере беріп:
«Ойлама бір өзіңе батты екен деп,
Тиген жоқ, жеңіл болып әркімге бу», – деп тағы да аң көрген қырандай қырындай Омар ал- дында саңқылдап тұр.
Бағанадан үнсіз отырған қаба сақал үлкен қара кісі:
«Босама, қарағым. Жұрт саған қарап отыр, босама!», – деп қалды. Бұл кісі Кетенің білікті шонжары, ата биі Бекмырза еді.
Бұл күнде оның жасы ұлғайып, отбасында отырып қалса да, жұрт оған әлі де жүгінеді. Ақыл салады. Қандай да бір дау-жанжал болмасын оның ишараты мен бітістіруді әлі тастамаған.
Шегебай ақынның Омарға айтып отырған бұл көңілқос өлеңіне әуелі ол да егіліп кетіп еді, бірақ жанары тайған кәрі көзден жас шықпады. Суалып кеткен аруана нардай бір мөңк еткен де қойған. Енді ол оң жақтағы Омарға қарама-қарсы кеп тебірене отырған Шегебайға назарлай қарап, «қойдыр» дегендей ишарат білдірді.
Шегебай:
«Кетенің көңілі реңсіз күнгірт тартты,
Мысалы тұтылғандай күн менен түн.
Айтқанмен орны толмас Еркебайдың,
Сапарға кетті жөнеп келмес Алтай», – деп барып тоқтаған.
Омардың бойы жеңілдеп, қалғандай, іштегі іш-құса дертін мына құйып өткен көз жасымен шайып төкті. Еңсесін жоғары көтеріп, әуелі жағалай төрде отырғандарға, сосын Шегебайға қарап ауыр күрсінді де:
«Қайран, Шәке ағаны көрген соң егіліп кеттім білем, халқым, кешіріңдер», – деді. Омардың бұл сөзі үй ішіндегілердің көңілін едәуір серпілтіп тастады.
Неше күннен бері самсөз болып отырған ақсақалдар мен Шегебай да ырза болып қалып еді.
«Шеге аға, беліңізді шешіп, жайласып отырыңызшы. Қымыз келтірейін», – деді есіктен жаңа кірген жас жігіт Достан. Сол-ақ екен төрге дастарқан жайылып, бір-бір зерен тостағанмен қымыз да құйылды.
Кең үйдің төрінде жағалай отырғандар зерлі тостағандарға қол салған. Екі жігіт әзер көтеріп кірген үлкен тас сабаның пұшпағында Достанның өзі отыр.
«Омар, қарағым, сен де қымыз ал. Неше күннен бері дым татпадың ғой. Ашығып қалдың», – деді төрде отырған Бекмырза. Омардың ызалы көңілінің өкінішке толы өксігі әлі басылмаған екен. Еңсесін жоғары бір оқыс көтерді де, терең күрсінді. Сөйтті де:
«Еркебай аға үшін еңбектеріңізге үлкен рақмет. Оның бекзалы рухын аса ырза еттіңіздер. Тіршіліктің дәм-тұзымен мәңгіге қоштасқанда артына осындай топтасқан туыстары болса арманы бар ма?», – деді отырғандарға жағалай қарап.
Омар Еркебайды көп азалады. Әйелі Бөпежанға жоқтау жазып беріп, ұзақ айтқызды. Көңіл сұрап келгендер әкесі Шораяқ өлгенде Омар мұндай езіле қайғырмап еді. Сексен үшке келген кісінің өмірге құштарлығының кемитінін білген. Ал, Еркебайдың отыздан сәл ғана асып тұрған шағында жалған өмірден қоштасқаны Омарды қатты толғандырып жіберді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ