Тәлімгер

Өмір – өзен» демекші, адамзат баласының өмірі сол өзен сияқты ағып өтешығатыны бесенеден белгілі. Тәңірдің жаратуымен өмірге келген әрбір пенде пешенесіне жазылғандысүріп, бірі – ұзақ жасап, ұрпақтарының қызығын көріп жатса, бірі – енді ғана өмірдің қызығын көрершағында өмірден өте барады.
Ел әулетінің өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына саналы өмірін арнап, ел қадіріне селкеу түсірмеген атпал жандардың бірі – талай дарын иелерін өмірге әкеліп, күллі қазақ жұртшылығына танылған қасиетті Қармақшы өңірінің тумасы – Ерімбет Қойшыбайұлы.
Ерімбет ауылдағы мешітте діни сауатын ашқан соң, одан әрі білімін жетілдіруде, яғни 1917 жылы елімізде Ленин бастаған большевиктер партиясы үкімет басына келген соң, жаңа заман талабына сай аудан орталығындағы қазіргі №26 орта мектепті тәмамдайды. Жігерлі жас қоғамға пайдасын тигізу мақсатында ауыл жастарын сол жылдары жүргізіліп жатқан саяси өмірмен байланыстыру мақсатында аянбай еңбек етеді. Аудан орталығындағы жастар көсемі атанған Дәмегүл Мырзағалиева мен Самалбак Ахметұлы сынды белсенділермен бірге өңір халқының заман талабына сай өмір сүруіне еңбек сіңіреді.
Ерімбет Қойшыбайұлы аудан жастары арасында сауатсыздықты жоюға белсене араласып, өз білімін де жетілдіру мақсатында Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Арнайы курсты бітірген соң, жас маман елге оралып, аудан орталығындағы механикалық зауыт жанынан ашылған мектептің директоры қызметін атқарады. Сол жылдарда ауыл тұрғындары арасында сауатсыздықты жою биліктің басты мақсаты болды. Міне, басшылық орган осы міндетті орындауда Ерімбет Қойшыбаевты Ақжар ауылындағы «Бестам» мектебіне сол ауыл жастарын білімге ден қоюына көмектесуге жібереді.
Ол қай жерде болмасын, қай қызметті атқармасын халық алдындағы перзенттік парызын өтеуде аянбай еңбек еткен азамат. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында халықты ұжымдастыру жұмысына да белсене араласады. Сталиндік солақай саясаттың салдарынан отызыншы жылдары елімізде, оның ішінде өңірімізде өткен қуғын-сүргін, ашаршылық деген зұлмат істерге қарсы шығып, халықты бірлікке шақыру жолында аянбай еңбек етеді. Ол 1933 жылдан 1941 жылға дейін мектепте ұстаз, аудандық білім бөлімінде инспектор, кешкі мектептің директоры кезінде өзі тәрбиелеген шәкірттерін отансүйгіштікке, елжандылыққа, адалдыққа баулыды.
Ал, 1941 жылы соғысқа аттанып, ұрысқа атқыш ретінде кіреді. Білімді жастың жазу-сызуға қабілетін байқаған басшылық орган оны Хабаровск қаласындағы кіші офицерлер даярлайтын курсқа жіберіп, онда ол әскери техниканың қыр-сырын үйренген соң, майдан даласында неміс басқыншыларына қарсы соғысып жатқан Кеңес әскерінің І армиясының №64 атқыштар полкіне взвод командирі болды.
Лейтенант Ерімбет Қойшыбаев соғыс жылдарында Ресей мен Украина және Беларусь жерін басқыншылардан азат етуге қатысып, бірнеше жауынгерлік наградаға ие болады. Бірақ, 1943 жылдың наурызында өзі қызмет ететін Кеңес әскерінің батыс соғыс командованиесінің 10-армиясы құрамындағы 364-атқыштар дивизиясының 64-полкі құрамында неміс басқыншыларын елден қуу мақсатында жаппай жүргізген шабуылда ауыр жарақат алады. Жау оғы оның қалтасына салынған партиялық билетін тесіп өтіп, жүрек тұсына қадалады. Алғашында майдан лазаретінде, кейіннен ұзақ уақыт Ташкент және Бұқара қалаларындағы әскери госпитальде емделген жауынгер 1944 жылы әскери дәрігерлердің шешімімен соғыс мүгедегі болып елге оралады.
Елге жаралы оралған Ерімбет ұстаздық қызметін жалғастырып, 1944-1949 жылдар аралығында қазіргі №26 орта мектепте шәкірт тәрбиелесе, 1949-1967 жылдар аралығында ауданда ашылған алғашқы интернаттың директоры қызметін атқарады. Сол жылдары ата-анасынан айырылып, көшеде әркімнен бір үзім нан сұрап жүрген көптеген жетім баланы интернатқа ертіп әкеліп, паналатқанын аға буын өкілдері әлі күнге дейін айтады. Осы ретте, аудандық басылымның 1996 жылдың 8 маусымындағы санында осындай бір оқиғаның куәгері болған марқұм Әбузар Жылкелдіұлы естелігінен үзінді келтірсек. «Бірде Ресейдің Новокузнецк қаласында іс-сапарға барған болатынмын. Сапар барысында қала аралап жүріп, бір қазақ жігітін кезіктірдім. Сұрастыра келе оның Қазалы өңірінде туып-өскенін білдім. Бірақ, бала кезінде әкесі өліп жетім қалады. Бір жылдардан соң анасы қазалылық бір азаматпен тұрмыс құрады. Алайда, арада үш жыл өткен соң анасы аурудан қайтыс болған соң, өгей әкесі облыс орталығына барар жолда оны Жосалы стансасынан түсіріп кетеді. Ешқандай танысы жоқ елде адасып жүрген тірі жетімді Ерімбет Қойшыбаев көріп қалып, балалар үйіне ертіп әкеледі, кейіннен оны өзі басқаратын интернатқа орналастырады. Міне, сол бала ер жеткен соң білім қуып, осы Новокузнецкіден бір-ақ шығады. Жігіт өз талабымен жоғары оқу орнына түсіп, сол қаладағы бір үлкен зауытқа жұмысқа орналасады. Ал, кейіннен зауыттың бас инженері қызметіне көтеріледі. Жігіттің есімі Әділбек Медетов».
Міне, сол Әділбек сияқты интернатта жатып білім алған көптеген жасөспірімге әке атанып, олардың қоғамнан өз орнын табуына еңбек сіңірген атпал азаматтан тәлім алған шәкірттер арасында ғылым мен білім жолына түскен, басқа да мамандықты игеріп, құрметке бөленгендер де бар.
«Ерді ер ететін – еңбек» дегендей, туған елінің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, ел құрметінің төрінен көріне білген Ерімбет Қойшыбайұлы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі мен бейбіт күндердегі елеулі еңбегі үшін көптеген мемлекеттік наградаға ие болды. Өмірлік жары Күлбикешпен бірге 9 ұл-қыз тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын табуына аянбай еңбек сіңірді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
06 қаңтар 2023 ж. 393 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031