» » » Талайды таңырқатқан жырау

Талайды таңырқатқан жырау

qarmaqshy-tany.kz «Жыраулар отаны» атанған қасиетті Қармақшы топырағында өз заманында Әзілкеш ақын, Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет, тағы басқа көптеген ақын-жыраулардың үлкен мектебі қалыптасты. Осы жұлдызды шоғырдың тағы бір көрнекті өкілі-кезінде Алаш жұртына «Бала жырау» атағымен кең танылған Тұрымбет жырау Салқынбайұлы.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1868 жылы бұрынғы Қазалы уезінің (Қармақшы ауданы) Жамансыр болысы, ІІІ ауылда дүниеге келген. Сол өзінің туған «Бозарқаш» колхозында (қазіргі Ақтөбе ауылы) 1946 жылы желтоқсан айында 78 жасында қайтыс болған. Бейіті сондағы бабалар қорымында. Ұрпақтарының күшімен басы қарайтылып, күмбез орнатылған.
Жыраудың әкесі Салқынбай Сыр бойындағы Қарақұм өңірін жайлаған орта дәулетті кісі болған. Қарақұмда «Салқынбай құмы» деп аталатын ақ шағылды, биік жалды төбе бар. Салқынбайдан Жадыра, Тұрымбет, Қолдабек, Молдабек туады. Тұрымбет жырау бала кезінен домбыра тартып, ән айтқан, сөзге жүйрік болған. Ағасы Жадыра да үлкен шайыр болған кісі. Бірақ, ол інісінің өнері басым екенін байқап: «Бір үйден екі жырау шыққанымыз ерсі болар», – деп жолды талантты інісі Тұрымбетке беріп, шайырлықты қойып кетіпті. Қарттардан жеткен деректің бірі – осы.
Тұрымбет жырау ескіше оқып, ауыл молдасынан сауатын ашады. Одан әрі өз бетінше ізденіп, Шығыс поэзиясының інжу-маржандармен сусындайды. Жастайынан мақтау, сынау, мінеу сияқты өлеңдерді табанда шығарып айтуға өте шебер болған. Бұған оның Балқы Базар, Дүр Оңғар, Даңмұрын сынды халыққа аса әйгілі өнер жүйріктерінің соңынан еріп, үлкен сайыстарға қатысуы елеулі септігін тигізеді. Бертін келе бала жырау терме, толғау, т.б. ұзақ жырларды айтумен қатар, Шығыстың қызық сюжетті қисса-дастандарын мақамына келтіріп орындаудың хас шебері атанады. Тұрымбеттің осындай жыраулық ән-мақамдары мен қайырымдарын кейіннен шәкірттері Молдахмет, Сәрсенбай, Балқашбай, тағы басқа жыраулар жалғастырып бірінен-соң бірі іліп әкеткен.
Бала жыраудың өнерін Сыр, Ырғыз, Нұрата өңірлеріне белгілі Төребай би Пышанұлы да жоғары бағалаған. Атақты би Дүр Оңғарды бас ақын деп оң жағына, Тұрымбетті жас ақын деп сол жағына отырғызып, екеуіне де үлкен сый-құрмет жасаған. Алмат би Тобабергенұлының бірде екі араздасқан елді бітістіріп, татуластыру мақсатында халыққа аса әйгілі Дүр Оңғар, Жиенбай, Тұрымбет жырауларды арнайы шақыртып алып, үшеуіне бірдей бір ұйқас, бір ырғақпен өлең-айтқызып, сөз салмағын сарапқа салғаны белгілі. Екі араздасқан ел үш жыраудың сөзінен кейін ақылға келіп, бір-бірімен шұрқырасып көріседі. Сөз құдіретін, киелі өнердің қадір-қасиетін дала билері осылай да көтеріп отырған.
Тұрымбет жырау – кезінде тек Қармақшы өлкесінде емес, одан тыс Арқаның Ұлытау, Сарысу, батыстағы Ақтөбе, Ырғыз өңірлерін сондай-ақ Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркменстандағы қазақ ағайындарды жиі аралап жыр айтқан кісі. Сондай сапарларда Сырдың сазын өзіндік ерекше мақаммен орындап, сандуғаш дарынды жырау атанған. Жырау өзінің және Сыр сүлейлерінің терме саздарын алыс жерлерге кеңінен насихаттаумен бірге, Шығыстың қисса-дастандарын да жалықпай орындайтын шеберлігімен талайды таңдай қақтырған.
Сыр бойы ақын-жырауларының мұрасын көзі тірісінде жинап, бір ізге түсіріп, оның бәрін Қазақ ССР Ғылым Акедемиясы Әдебиет және Өнер институтының сирек қолжазбалар қорына табыстап кеткен белгілі әдебиет жанашыры, шежіреші қарт Әлқуат Қайнарбаев өз естелігінде (Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газеті.1970 ж. 7 сәуір): «Тұрымбет бала жастан өлең-жырға әуестеніп, оларды жиын-тойда домбыраға қосып, мәпелеп айтатын болғандықтан бала жырау атанған. Содан кейін жиырма жасында-ақ, табанда суырып салып айтатын сандуғаш дарынды жыраудың бірі болған», – деп жазады.
«Ақын-жыраулар» атты кітаптағы: «Тұрымбет Салқынбаев Сыр бойы, Арқа, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан жерлерін көп аралап, жыр айтқан. «Зинарат қыз», «Әміре-Ұрлықа», «Ақтам сопы», «Әуезхан» сияқты көп жыршы-жыраулар біле бермейтін, ұзақ әрі қызық сюжетті қисса, дастандарды ел арасында бірден-бір таратушы жырау. Тұрымбет жыраулық өнеріне қоса ірі айтыс ақыны, революциядан бұрын Жиенбай жырау, Кете Жүсіппен айтысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында халық ақындарының аудандық, облыстық айтыстарына қатысқан. Шығармалары «Пернедегі термелер», (1965), «Айтыс» ( 2-ші том, 1965) кітаптарында жарияланған» деп жазылған.
Тұрымбет Салқынбайұлының өз тұстастары арасында шоқтығы биік өнер иесі, шырқау дауысты жырау әрі ақын, сазгер екенін дәлелдейтін деректер де көп. Мысалы, Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов өзінің «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» деген толғауында:
«Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғылдан бұлар да өтті», – деп оны топжарған дүлділдердің алдыңғы қатарында атайды.
Ал, белгілі жыршы-жырау, Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі Балқашбай Жүсіпов өзінің ұстаздарына арнаған термесінде:
«Тұрымбет – ән атасы Кіші жүздің,
Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін», –
деп оның әншілік, сазгерлік қырын жоғары бағалайды.
Жалпы қазақ әдебиетінің дамуына Сыр сүлейлерінің қосқан ерекше үлесі мен өзгеше үрлісі жайлы қызылордалық белгілі әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозовтың салмақты пікірлер айтып, байыпты зерттеулер жасап жүргені белгілі. Осы беделді ғалымның Дүр Оңғар Дырқайұлының шығармашылығы хақында жазған «Киелі сөздің иесі» атты зерттеу мақаласында «Қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі, ағысты арнасы – Сыр сүлейлерінің шығармашылығы әдебиетіміздің бүтін бір кезеңін, Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын барынша қамтып жатуымен бірге, жалпы көркемөнеріміздің тарихы мен теориясы үшін мағыналы мазмұн, көркем түр, эстетикалық биік талап деңгейіндегі жоғары талғаммен дүниеге келген әдеби мұралар болып табылады», – деп Сыр өңіріне тән ақындық, жыраулық өнердің жалпы сипатын терең ашып көрсетеді.
Осы тұрғыдан алып қарар болсақ, Тұрымбет жырау Салқынбайұлының шығармашылыгы да өз кезіндегі уақыт пен заманның тыныс-тіршілігімен үндес. Оның көптеген өлең, толғаулары қазақ поэзиясындағы бұрынғы өткен ақындар мен жыраулар поэзиясына тән көркемдік тәсілдер мен айшықты нақыштарға толы.
Қос дәуірдің жыршысы Тұрымбет жыраудың «Бай құдасына», «Аманбай байға айтқаны», «Бір ісім болыс, билер, келді ортаңа», т.б. өлең-жырлары қазан төңкерісіне дейінгі, яғни патшалық дәуірдегі байлардың озбыр іс-әрекеттерін батыл әрі ашық әшкере еткен шығармалар болса, «Озбырлық заңы өзгеріп», «Топтастық кедей бірленіп», «Өмір нұры», т.б. көптеген толғауы Қазан төңкерісі әкелген өзгерістер мен жаңа заман тақырыбына арналған. Осы орайда сол дәуірде өмір сүрген қандай бір ақын-жыраудың көсемдер мен партия тақырыбын айналып өтуге еш мүмкіндігі болмағаны еріксіз еске түседі. Бұл тақырыптың да Тұрымбет жырау Салқынбайұлы шығармаларында да кең орын алғанын осы тұрғыдан қарастырған жөн.
Ақын немесе жырау қай дәуірде өмір сүрмесін ол өз дәуіріндегі қарапайым қара халықтың мұңын жырлап, жоғын жоқтайды. Тұрымбет жырау өзі өмір сүрген дәуірдегі қатаң әрі қасаң саясаттың кесірінен қарапайым халықтың басына қайғы-қасіреттің қара бұлтын үйіріп, сол халықты қасақана қан қақсатқан асыра сілтеу, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қанды науқандардың жергілікті жерлердегі қолшоқпарлары-шолақ белсенділердің қанына тартпай, өз басы, қарынының қамы үшін жөн-жосықсыз астамдық әрекеттерге барып жүргенін отты жырлары арқылы батыл сынайды. Бұған оның «Айттым сөз серлетпекке соңғы ұлыққа», «Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең», «Белсенді келінге», т.б. өлең-жырлары дәлел болады.
«Бас кеспек болса да,тіл кеспек жоқ» деген қағиданы берік ұстанған Тұрымбет жыраудың сол кездегі шолақ белсенділердің әпербақан әрекеттерін көпшілік атынан өткір сынап-мінеп жазған өлеңдері біреулерге ұнамай да қалады. Соның да әсері шығар, Тұрымбет жырау уақытша басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болады. Сөйтіп, мал-мүлкімен көтеріліп, Өзбекстанның Тау-Елібай деген (Тамды ауланы) жеріне көшіп кетеді. Барған соң ол жақтағы ағайындармен тез тіл табысып, сонда орнығып тұрақталады. Бірақ, елмен байланысын үзбейді. Кейіннен жыраудың Сыр бойына кері оралуға жасаған ниеті бірден жүзеге аса қоймайды. Мұнда ертіп келген ағайындарын қимай жүреді. Жыраудың сол тұста елді сағынып, ол жақтағы шәкірт інісі, діни ағартушы Ыспан қари Сүлеймен баласымен өлеңмен хат алысып тұруы туған жерге тезірек оралуларына елеулі түрткі жасағандай. Оны туған жерге деген ыстық сағыныштан туған мына жыр жолдарынан байқау қиын емес.
«Қармақшының қаласы,
Жағалай біткен ағашы,
Сырдарияның саласы,
Орман дария аман ба?!-
Жаптардың суы бұлтылдап,
Ақ күмістей жылтылдап,
Балығы ойнап бұрқылдап.
Бұлбұлдай сайрап құстары
Ертелі-кеш жыңқылдап,
Көл бетінде үйрек, қаз,
Аққулар ұшып сыңқылдап,-
Тимей ме ешкім оларға?!
Шыбындар шағып шымши ма,
Шыдамай иттер қыңси ма?
Матақан, маса, соналар,
Баяғыдай ыңқи ма,-
Азайған жоқ па олар да?!
Бізден сәлем айтыңдар,
Қалмасын қағыс солар да!», – деп Cырдағы ел-жұртын ғана емес, оның ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндігіне дейін сағынып, аңсап жүргенін жүрекке жылы жеткізе біледі.
Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен қаһарлы Ұлы Отан соғысы басталғанда қарт жырау шабыт арнасын қайта аршып, толағай домбырасын жігерлене қолға алады. Опасыз басқыншы жауға деген кек оғы жалынды жыр болып атылады. Жыр алыбы, замандасы Жамбыл ақын сияқты ширығады. Ел қорғау жорығына аттанып бара жатқан өрімдей жастарға ақсақалдық ақ батасымен қажырлы қайрат, қайтпас күш-жігер береді. Жырау атаның «Ақ бата», «Ер болсаң бекіт беліңді», (Жалғыз баласы Бекмаханды майданға аттандырарда айтқаны), «Еңбектің ері атаныңдар», «Жеңіс жыры», «Шат көңілден», тағы басқа өміршең өлең-толғаулары Ұлы Жеңісті жақындатқан майдан жауынгерлерінің қайсар ерлігі мен тыл майданы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін әспеттейді.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлының жыраулығы, ақындық, сазгерлік өнері туралы әңгімелер бізге көнекөз, құймақұлақ қарт кісілердің айтуымен жеткен. Мұндай әңгімелер адамға мол ғибрат, тәлім, өнеге беруімен ерекше әсер қалдыратын. Қарттардың айтуынша, атақты жыраудың алқалы топта ерекше мақам, сырлы сазбен шалқыта-толқыта көкке асыра орындайтын термелері мен толғауларын, қисса-дастандарын естіп-тыңдауға құмар­та­тындар көп болған. Тіпті, көнекөз қарттардың айтуынша, жыраудың дауысын естуге құмартып, сонау алыс аймақтардан ат арытып, арнайы іздеп келушілер қатары сиремеген. Осындай әңгімелерді, біз бала болсақ та, ауыл ақсақалдарының әңгімесінен ұғып қалған едік.
Жыраулық өнердің хас шебері Тұрымбет Салқынбайұлы жайлы көптеген өңір ақсақалдарының, журналистер мен жазушылардың естеліктері, мақалалары мен зерттеулері әр жылдары әртүрлі басылымдарда жарық көрді. Көзін көргендердің айтуы бойынша: жыраудың дауысы алқалы топ алдында, әсіресе жиын-тойларда, үлкен отырыс, жиындарда таң жаршысы Шолпан жұлдыз жарқ еткен кезде үдейіп, ерекше күшейіп, екінші тынысы қайта ашылғандай болады екен. Тұрымбеттің «Шырқау дауысы» деген сазды мақамы осыдан шыққан. Оның «Гөй-гөй» әні де-қайталанбас дүние. Сыр бойында бұл мақам кең жайылған. Сазгердің «Күмісай» әні-сал-сері жігіттің байдың сұлу қызына деген ғашықтық ынтызар көңіл-күйінен туған ғажап туынды. Бұл әнді белгілі жырау, өнер қайраткері Алмас Алматов кезінде бекзат Париж сахнасында асқақтата шырқап, әнқұмар шетел көрермендерін де таңдай қақтырды.
1945 жылы шау тартқан шағында қарт жырау Ұлы Жеңістің салтанатына арналып Қызылордада өткен үлкен жиынды ашу құрметіне ие болады. Ұстазының осы жиынға арнаған «Шат көңілден» атты толғауын сонда шәкірті Молдахмет Дабылұлы орындайды.
«Мен келген Қармақшыдан қартың едім,
Қарыштап талай жерді шалқып едім.
Ізінде өлең-жырдың жүрген кезде,
Біреуден кем, біреуден артық едім», –
деп басталатын осы термесі үшін 77 жастағы қарт жырауға бас бейгеге алты қанат ақбоз үй сыйға тартылып, астына ат мінгізіліп, иығына шапан жабылған екен.
Тұрымбет жыраудың жалғыз баласы Бекмахан Салқынбаев әкесі сияқты кәтекі жырау болмаса да, жастайынан домбыраны әдемі шертіп, Сыр бойы жырауларының мақамдарын нақышына келтіре орындайтын өнерлі кісі болған. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, күш-жігері мен білімін әл-қадырынша ауыл шаруашылығы өндірісіне арнаған Бекмахан Салқынбаев кезінде Шиелі, Жалағаш, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында жауапты қызметтер атқарды. Өзінің туған ауы­лы – Чапаев атындағы колхозда (қазіргі Ақтөбе) ұзақ жыл бас агроном болды. Ол кісі көзі тірісінде жырау әкесінің біраз өлеңін жинақтауға үлесін қосты. Әйгілі жыраудың «Гөй-гөйі»,«Шырқау дауысы», «Күмісай» сияқы елге кең тараған ән-мақамдарын, басқа да Сыр бойы жыршы-жырауларының әуездерін жастарға қолынан келгенше үйретіп кетті.
Ата дәстүрін, оның өнердегі жолын Тұрымбет жыраудың киелі қарашаңырағы да ұстап қалған. Жыраудың жалғыз баласы Бекмахан мен келіні, Батыр ана Зағидан (ақын Әлімбай Әлиасқаровтың қарындасы) тараған 13 ұл-қыз, жүзге жуық немере, шөбере, шөпшектер қаулап өсіп шықты. Жырау ұрпақтарының арасында өнерге, домбыра тартып, ән айтуға бейім, қабылетті жастар көп. Қармақшыдағы Тұрымбет жырау Салқынбаев атындағы музыка мектебінен жыраудың бірнеше ұрпақтары дәріс алған. Осы мектептің ұстазы, музыка маманы, ән сүйер қауымға «Сүйіктім» әнімен, тағы басқа да төл туындыларымен кеңінен танымал Жарқынбек Тұрымбетов терме, толғау айтып, ата жолын лайықты жалғастырып жүр
Тұрымбет жырау Салқынбайұлының әдеби мұралары әлі толықтай жинақталып болған жоқ. Оның жарық көрмеген шығармалары кезінде ел ішіне кең тарап кеткен. Жыраудың «Мың сауал» атты туындысы мен «Қашқынбай батыр» дастаны қолға түспей отыр. Үміт дүниесі ғой, қөне сандықтардың түбіңде сарғайып жатып қалуы да мүмкін. Табылып жатса құба-құп.
Елін сүйген ерді елі де сүйеді. Жырау есімі халық жүрегінде мәңгі жасай бермек. 1993 жылдың қараша айында Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына 125 жыл толған мерейтойы аталып өтті. Той үстінде оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты кітабы оқырмандар қолына тиді. Өнер сайыстары, ат бәйгесі ұйымдастырылды. Жырау құрметіне аудандық музыка мектебіне есімі берілді. 2008 жылы Қармақшыда әйгілі жыраудың 140 жылдық мерейтойы кең ауқымда тойланды. Жырау мұралары толықтырылып, «Атандым жас күнімнен бала жырау» кітабы жарық көрді.
Жырау 78 жасында көз жұмарында Бозарқаштағы өз үйінің шаңырағына қарап жатып, іні-қарындастарына, туыстарына: «Қарақтарым-ау, мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой, теріп алсаңдаршы», – деп соңғы аманатын айтып үлгеріпті. Жырау атаның осы аманатына адал болу – ұрпақтарының ең ардақты парызы. Ең бастысы, ақбоз үйдің түндігінен өрілген өлең-ғұмырдың оты ешқашан өшпей, қара орман халқы мен өскелең жас ұрпақтың асыл қазынасына айнала түссе одан артық қандай бақыт бар! Ата аманаты мен ұрпақ парызының өтелгені де сол емес пе?!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
25 қараша 2022 ж. 509 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 526

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 597

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031