» » » Суреттен сыр шертсек...

Суреттен сыр шертсек...

qarmaqshy-tany.kz Дәл қазіргі сәтті уақыт өте қимастықпен еске алатын күндер болады. Оның бірі – сақталған естелік болса, екіншісі – сол мезетті бір кадрға сыйдырған сырлы сурет. Иә, бір сурет – бір тарих. Бір сурет – өткеннің ескірмейтін естелігі. Бір сурет – мазмұнымен құнды, сол құндылығымен өміршең.
Жыраулық өнерді паш етіп, мәдениеттің мәйегін алға ілгерілеткен Қармақшы ауданы – нағыз өнерлілер мекені. Ал сол мекеннің қамбасы қазынаға бергісіз суреттерге бай. Солардың бірі – 1991 жылдың күзінде Байқоңырдағы ғарыштың 30 жылдық салтанатты кешінде түсірілген сурет. Бұл суретте алдыңғы сапта қаз-қатар тұрған бірдей оюлы қызыл қамзол, ақ жаулық таққан «Әжелер» ансамблі.
Кеңестік биліктің саясаты өтіп, 1988 жылы ұлттық рухты көтерген, жаңа тарихтағы тек қазақтардың ғана емес, азды-көпті барлық этникалық азшылықтың басын қосу миссиясы орындалған тұс. Иә, бұл ұлттың басын біріктірген – Наурыз мерекесі болатын. Тура осы кезеңде ауданда ұстаздар басқосып «Әжелер» ансамблін құрған еді. Алды 40 пен 60 жасқа дейінгі әр саладан жиналған ұстаздар сол кезден-ақ салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды рухани жаңғыртты.
– 90-жылдары түрлі байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Одан соң 1991 жылы Байқоңыр қаласында ғарыштың 30 жылдығына арналған, Елбасының қатысуымен өткен дүбірлі тойға қатыстық. Сол салтанатты кеште киген костюміміз сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Мусахан Басшыбаев пен білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Назар ағайдың қолдауымен тіктірілді. Қызыл түс, әсем оюмен көмкерілген қамзолымызға сырттан келген қонақтар қызығып, таңдай қақты. Жиналған жұртшылықтың көбі сонша, аяқ алып жүру мүмкін емес-тін. Концертке апталап дайындалып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Сара Назарбаева, Әлия Назарбаева, Ресейден келген билік өкілдері мен шетелдік туристердің алдында қазақы өнерімізді паш еттік. Іс-шара біткен соң барлығымыз жинала қалып, суретке түстік. Енді міне, осы суретке қарап, ескірмес естеліктен сыр шертіп отырмыз, – дейді «Әжелер» ансамблінің жетекшісі Үрліхан Қожахметова.
Ансамбльдің алдыңғы шебінде өнер көрсеткен Тынымша Боқанова, Айша Бөлекбаева, Тұрсынкүл Наурызбаева, Жамал Ілиясова, Ақорын Арзанбекова, Рахима Бектасова, Рахима Жөнейтова, Мәуия Оспанова, Дүрия Алдабергеновалар артында із қалдырып, келместің кемесіне мініп кете барды. Қазір құрамда 5 ардагер-ұстаз, яки Үрліхан Қожахметова, Талмаш Жұмабаева, Сара Тілегенова, Ырыскүл Садықовалар бар. Бүгінде 70-тің желкенін керіп, сексеннің сеңгіріне шыққан әжелердің алды 96 жасқа таяған Фазила Махамбетованы ерекше атап өтуге болады.
Әжелер қатысқан байқаулар мен атау­лы мерекелерде көрсеткен өнерінің легі көп-ақ. Алайда біз айтқандай жеңіл емес. Яки сахнада көрген әсем қойылымның артында не жатқанын біле бермейміз. Мақалаға арқау болған ескі суреттің де сол мезеттегі сәті ерекше. «Адал еңбек жолында қажырлы қайрат қажет. Әр өнер көрсеткенімізде естелік үшін осылай суретке түсіп, еске алып бір марқаятынымыз бар» дейді әжелер сөз арасында. Біздің қолымызға түскен сурет ансамбльдің жеткен жетістігі мен өткен тарихын қағаз бетіне түсіріп жүретін ансамбль мүшесі Талмаш Жұмабаеваның жеке мұрағатында сақталған естелік сурет. Міне, 1991 жылдың күзінде түскен бұл сурет – ұмытылмас тарих болып сақталды.
Айнұр Әли.

24 қараша 2022 ж. 653 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 525

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 596

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031