Шайырлар жалғасы – Сабыт ақын
qarmaqshy-tany.kz «Ешнияз бен Толыбай,
Кемені тартар күндіктен.
Әртүрлі нақан жай қылған,
Құрдымын қара шүңгілі» деп даңғайыр ақын Тұрмағамбет жырлағандай, дүйім қазақ жұртшылығына ерекше дарындылығымен танылған, Сыр шайырларының генералы атағына ие болған, қазақ халқы «Сал» деп даралап даңқтаған Ешнияз сал Жөнелдікұлының есімін білмейтін қазақ жоқ шығар.
Ерекше мақамымен күллі қазақ жұртшылығына даңқы шыққан Ешнияз салдың ұлық ісін жалғастырған, халық арасында Кете Жүсіп атанған Жүсіп Ешнияз баласы да әкесі сияқты жыраулық өнерді өзінің өміріне серік етті десек, оның ұлы Мұзарап та, Мұзараптың ұлы Сабыт та әкелер аманатын жалғастырып, өміріне қазақтың қара домбырасын серік ету арқылы қазақ қоғамында жыраулық өнерді аспандатып, оның дамуына орасан үлес қосқан ақын-жырау десек артық айтқандық емес.
Ақын, сазгер, әнші, жыршы және күйшілік өнерімен елге танылған әулет ұрпағы Сабыт Мұзарапұлы Қармақшы шайырларының жыраулық үлгісінен тәлім алып, кейіннен жыршы-ақын Молдахмет Дабылов екеуі ауданда концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ел-жұрттың жыраулық өнерге деген ықыласын арттырған ақындар. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол өзге жерлестерімен бірге майданға аттанып, неміс басқыншыларына қарсы соғысып, көптеген ерлікті істері үшін мемлекеттік наградаларға ие болды. Ал жеңіспен елге оралған соң ол 1947 және 1952 жылдар аралығында Нартай Бекежановтың өнер бригадасында Сыр бойы халқына қызмет көрсетті. Бірақ Сыр жұртшылығына концерт беріп жүрген кезінде дауыстан қалып, «Қырылдауық Сабыт» атанып, әншілік өнерді қоюға мәжбүр болды. Сөйтіп халық арасында ақындығымен, әншілігімен, атадан балаға аманат етіліп келе жатқан жыраулық өнерімен танылған ол ендігі кезекте есепшілік мамандыққа ауысып, осы мамандықта өмірінің соңына дейін абыройлы қызмет етті.
Ақын Сабыт Жүсіповтің жүрек түкпірінен шыққан өлең-жырлары облыстық, аудандық басылымдарда жария болып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Ақынның елге танылған жырларының бірі:
«Ешнияз, Жүсіп – арғы атам,
Мұзарапұлы Сабытпын.
Жыр жырлап, жастай ән салып,
Алғысын алдым халықтың. Нартай,
Рүстембектен, Үлгі-нұсқа алыппын.
Бір жүріп, өнер сапында,
Талай жерге барыппын.
...Демеспін шаршап шалдықтым,
Қанша екенін кім білсін,
Алдағы көрер жарықтың.
Өткен шағы осындай,
«Қырылдауық Сабытпын» деп есімін елге танытып кетті.
Ақын Сыр өңірі жыраулық өнерді әкелері Ешнияз, Жүсіп, Мұзарап, сонымен қатар, Балқы Базар, Шегебай, Омар, Жиенбай, Оңғар, Тұрымбет, Тұрмағамбет сынды ақын-жыраулардан үйреніп, жалғастырып, олардың жыр айту мақам-сазын меңгеріп, өзінің жыр қорын жаңалап, толықтырып отырған талант иесі болғанымен ерекше. Сабыт ақын өзінің өмір жолын былайша баяндайды:
«Мен 1922 жылы мамыр айының 15-і күні туылып, 10 жасымда яғни 1932 жылдың жаз айында отбасымызбен Өзбекстанға көшіп бардық. 1935 жылы Қызылордаға қайтып келіп, сол жылы жазда Егізбаев Әбзәли, Райымбаев Ібаш мені Қармақшыдағы балалар үйіне әкеліп тапсырды. Содан 1936 жылы балалар үйінің басқа жаққа көшуіне байланысты мен ауылға келдім. 1937-1938 оқу жылында ауылдағы Ленин атындағы мектепті тәмамдап, 1938-1939 жылы Қызылордадағы педучилищеге оқуға түстім. 1940 жылы Қармақшыдан концерттік бригада ұйымдастырып армияға кеткенше сонда істедім. Бригаданы ұйымдастырушы аудандық мәдинет бөлімі болатын. Басқарушымыз атақты жырау Молдахмет Дабылов еді. Бригадада домбырашылар – Жексенбай Мүсінов, Жәлімбет Мешітов, әншілер – Дәмеш Ормаханова, Қаншайым Баймаханова, Сухан Ержанов, жыршы – Күндебай Алдоңғаровтар болды. 1942 жылдың 21 қаңтарында Отан қорғауға майданға аттансам, 1947 жылы елге оралдым. Майданнан қайтқан соң 1948 жылға дейін 9-шы ауылдағы Ворошилов орта мектебінде мұғалім, мектеп интернатының бухгалтері болдым. 1950 жылдың майында Қызылордадағы эстрадалық-концерттік бюрода қызмет еттім. Онда 1952 жылға дейін, яғни даусым қарлығып қалғанша жұмыс істедім. Басқарушымыз атақты ақын, жыршы Нартай Бекежанов еді. Бригаданың құрамында Күндебай Алдоңғаров, Мырзабай Әділов, Балқашбай Жүсіпов, Қалампыр, Қадиша, Нәзен және Әбділда жыраулар болды. 1952 жылы науқастықтан еңбек мүгедегіне қосылдым. Облыстық жұмыспен қамту басқармасының атынан Ақтөбе оқу комбинатының «Өндіріс есепшісі» ретінде бір жылдық курсын бітіріп, Қызылордадағы өндірістік комбинатқа бухгалтер болып 1954 жылдың аяғына дейін, ал 1955 жылдан 1956 жылдың маусым айына дейін Сырдария ауданының дайындау мекемесінде бухгалтер болып істедім. Сонымен қатар 1956 жылы Қызылорда автобазаларында бас есепші, бухгалтер, экономист, аға диспетчер болып қызмет еттім. 1964 жылдың наурызында Жосалы автобазасында жұмысқа ауыссам, 1968 жылы Жосалы астық қабылдау пунктінде шебер болып 1975 жылдың аяғына дейін еңбек еттім».
Бұл жазба марқұм Сабыт ақынның өзінің өнегелі өмірінен берген бір үзік естелігі еді.
«Дүниеден өмір бітіп, өлсем де өзім,
Аралап жердің бетін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім» деп даңғайыр ақын Тұрмағамбет атамыз айтқандай, бар саналы өмірін жыраулық, ақындық өнерге арнап, аталар аманатын арқалап өткен Сабыт Мұзарапұлының өнегелі өмір жолы кімге де болса үлгі, бүгінгі жастарға өнеге.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ