» » » Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді

Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді

«Майлыөзек көкке оранған елді мекен,
Көп жұрттар бұл ауылды көрді ме екен?
Бұл елден небір жайсаң, жақсы шығып, Құтты қоныс, ата-бабам мекендеген...» деп жергілікті ақын Ағайша Нұрғалиева жырлағандай, талай дарын иелері осы құтты мекенде дүние дидарын ашып, үлкен өмірге қанат қаққан 1950 жылы сол өңірдегі төрт ұжымжар бірігіп, Карл Маркс, кейіннен Майлыөзек, ал 1997 жылы Сыр өңіріне танымал діни ұстаз Алдашбай ахун есімімен аталған ауылдық округ ауданымызға қарасты өңір орталығынан шалғай орналасқан елді мекеннің бірі.
Бұл өңірден талай дарын иелері түлеп ұшты. Бұл өзіндік мақамымен жырлары арқылы елді бірлікке шақырған Шораяқтың Омарының, Махан жыраудың, жауынгер-ақындар Әбзәли Егізбаевтың, Шәкіман Бектібаевтың, ақын-жазушы Әбілахат Жанәділовтің, даңқты күрішші, ақын, «Ленин» орденінің иегері Шәймерден Шегебаевтың, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері Жұмағали Мусағалиевтің, Теңелбай Жұмабековтің, жыршылар Кәжденбек Қуанышов пен Зәуре Кәрібаева және Қасарбек Кәрібаев, Ақерке Өтепбергенова сынды қазақтың қара домбырасымен Сыр шайырларының жыр-термелерін халық арасында кеңінен насихаттап, құрмет төрінен көрінген жыршылардың атамекені.
Міне, біз редакция тапсырмасымен оқырмандарымызды ауданның елді мекендерінің тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында Алдашбай ахун ауылына жолға шықтық.
Діттеген жерімізге жетіп, ауылдық округ әкімшілігінің алдына тоқтаған кезде бізді күтіп алған әкімшіліктің бас маманы Ермек Жақановқа елге келу себебімізді айттық.
Сөз кезегінде Ермек ауыл әкімшілігінің қазір елде жоқ екенін және бізге өзінің тарапынан қандай көмек керек екенін сұраған соң, әрине біз де бірінші кезекте ауылдағы шаруашылықтың жай-күйімен танысуды, кәсіпкерлермен жүздескіміз келетінін, сондай-ақ, басқа да жаңалықтарға қаныққымыз келетінін айтқанымызда ол қасымызға кәсіпкерлік саласына жауапты Нұрберген есімді жас маманды қосып беріп, жұмысымызға сәттілік тілеп, шығарып салды.
ШӨПШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Редакцияның көлік жүргізушісі және әкімшіліктен қосылған жас маман үшеуіміз көлікке отырған соң ауылдың сыртына шығып, елді мекеннен бірнеше шақырым жерде орналасқан, ауылда біраздан бері ісі тұралап қалған, биылғы жылы ауыл тұрғындарының бастамасымен қайта жұмысы жанданған «Майлыөзек К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табиғи шөп тайларын тайлап жатқан шөпшілеріне келдік.
Бұрынғы күріш егілген алқаптан табиғи шөп орып жатқан тракторшы Нұрлан Смаділдаев, Талапбек Тілеубаев және көмекші Батырхан Амантаев сынды шөпшілермен аман-саулық сұрасқаннан кейін шаруашылықтың тыныс-тіршілігі жайлы әңгіме тінін тарқаттық. Олар ауыл тұрғындарын осы табиғи шөппен қамтамасыз етіп жатқанын, биыл шаруашылық жоңышқа еккенімен, оның өнімін келер жылы көретінін айтты, шаруашылық басшылары тарапынан айлық жалақыны дер кезінде алып отырғанын, басқа да қолдаулар беріліп тұратынын, сонымен қатар шаруашылық бақша егіп, оның да өнімімен мекеме қызметкерлерін қамтамасыз еткенін жеткізді. Ауыл әкімшілігінің маманы Нұрберген Қартабекұлын сөзге тартқанымызда ол: «Бес жылдан бері бақша еге алмай келе жатқан ауыл тұрғындарына аудан әкімдігі қолдау жасап бақша егу мақсатында аяқсу айдайтын 1 дана дизель насосын, 1 дана электронасосын сатып алып берді. Бұл жұмыстар арқылы шаруашылықтың демеушілігімен ауыл тұрғындары 258 гектар егістік алқапқа бақша дақылын, 7 гектарға картоп орналастырып, бүгінде олардың барлығын жинап алды. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Серік Бейісов 3 гектарға жабынды әдісі арқылы қарбыз егіп, одан алған өнімін аудан, ауыл тұрғындарына және жуыр да қызылордалықтардың Астана қаласында өткізген ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесіне алып барып, астаналықтарға өз өнімінен «кеусен» жасады. Және де алдағы уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен тағы 1 дизельдік насос алынып, ауылда бақша өнімін дамыту көзделуде» деді ол.
КӘСІП – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Кәсіп еткенге береке алдынан шығады. Бұл рас. Ауылда кәсіп етіп, еңбегімен елге сыйлы болып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – 2013 жылы «Нұрай» шағын несие беру мекемесі арқылы сүт бағытында ірі қара малын сатып алып, оны іске асырған Гүлнар Қарамырзаева бүгінде осы кәсіпті әрі қарай өркендетіп келеді. Сонымен қатар кәсібін кеңейту мақсатында азық-түлік және аралас сауда дүкенін ашып, ауыл тұрғындарын күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар түрімен қамтамасыз етіп отырған жайы бар.
«Жолдасым Ермек Дәдікбаевтың қолдауымен басталған кәсіптің нәсібін көріп отырған жайым бар. 2013 жылы бастаған кәсіп арқылы мүйізді ірі қара малын көбейтіп, бүгінде солар арқылы осындай жағдайға жеттім. Бағымымда бірнеше мүйізді ірі қара, бірнеше уақ мал, тауықтарым бар. Сүт те, ет те, айран да, жұмыртқа да өзімізден. Құрт, ірімшік жасаймыз. Бес балам бар. Үлкенім Рамазаным Қызылорда қаласындағы қарттар үйінде дәрігер қызметін атқарса, қызым Таңшолпан студент, ал Нұрсипат, Мұхамбетжан мен Дінислам сияқты қолғанаттарым үйдегі мал күту жұмыстарын атқарады. Отбасының ақылшысы, 87 жастағы тыл және еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, аудандық кеңестің депутаты болған Файзулла атамыз аталық батасын беріп, бақытты өмір сүруімізге қолдау көрсетуде» дейді кәсіпкер ана Гүлнар Пайызханқызы.
СЕРІКТІҢ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫНДА
Сонымен Алдашбай ахун ауылындағы іссапарымыз одан әрі әкімшілік маманы Нұрбергеннің жол бастауымен 2015 жылдан бері отбасылық кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан «Мүсілімов Серік» жеке кәсіпкерлігінің иесі Серік Мүсілімовтың отбасында болдық. Серіктің өзі жұмыстарымен сапарлап кеткенімен ауласындағы мал қорада бордақы жылқыларға шем-шөп салып жатқан Гүлнұрмен таныстық. Аты-жөнімізді, сонымен қатар келу мақсатымызды айтқан соң Гүлнұр отбасылық кәсіп туралы айтып берді. Бүгінгі таңда бағымда 7 жылқы бар екенін, негізінен жылқыларды бордақылап, сатқаннан кейін орнына тағы бірер тай немесе құнан сатып алып, оларды да бордақылап, ауыл тұрғындарына сататынын жеткізді. Жем-шөп те біршама қаржыны талап ететінін айта келе, үкіметтен жылқыны бағу үшін субсидия бөлінсе деген де талап-тілектері барын тілге тиек етті.
Осы ретте, Гүлнұрдың отбасылық өмірі жайлы айтып беруін сұрағанымызда ол: «Өзім ауылдағы No111 орта мектепте информатика пәні мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеудемін. Отағасы екеуміздің отбасылық кәсібіміз, яғни жылқы малын көбейту және бордақылау бағытындағы кәсібіміздің бүгінде нәсібін көріп отырған жайымыз бар. Одан бөлек үй жанында азық-түлік және аралас дүкенін ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырмыз. Жылқы малынан бөлек уақ малымыз тағы бар. Тауық та асырап жұмыртқасын сатып бизнес жасағымыз келеді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялардан да үміттіміз, басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіпкерлікті дамытуға атсалысуға дайынбыз» дейді Гүлнұр.
АНАЛАР АУЫЛ ӨМІРІНІҢ БЕЛСЕНДІ МҮШЕСІ
Ауыл өмірінің өсіп-өркендеуіне белсене араласып жүрген қоғамдық ұйымдар арасында әйелдер кеңесінің үлесі айтарлықтай десек болады. Ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымдығына бірер жыл бұрын сайланған Дана Ермановамен сұқбаттасу үшін оны үйіне арнайы іздеп барғанымызда ол бізді есік алдында күтіп алды. Ол бізді арнайылап асханаға жол бастап, дастарқан басына шақырды. Дастарқан басына жайғасқан соң ол әңгімесін бастап та кетті. Дана Ғабдуллақызының айтуынша бүгінде ауылда 5 Батыр ана, 10 «Алтын алқа» және 8 «Күміс алқа» иегері бар екен. Ауылдағы No111 орта мектепте біраз жылдан бері кітапханашы болып еңбек ететін Дана Ғабдуллақызын ауылдың аналары бірауыздан өздеріне төрайым етіп сайлағаннан бері ол өзіне сеніп тапсырылған қызметті абыроймен атқаруда аянбай еңбек етіп келеді. Әйелдер кеңесі жыл сайын елімізде өткізілетін мемлекеттік мерекелерге бірауыздан қолдау көрсетіп, ұлық мерекелердің жоғары дәрежеде өтуіне ұйытқы болып келеді екен. Сонымен қатар, ауылдағы аналар мен қыз-келіншектердің мерейін тасытуда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылса, жас отбасыларға өмірлік тәжірибесі бар аға буын өкілдерінің бақытты отбасылық өмірлерін насихаттауда, олардың өнегелі өмір жолдарын үлгі етуде көптеген іс-шара өткізіп, сол отбасыларды ұлықтап, құрмет көрсетуді дәстүр қылған екен.
Алдашбай ахун елді мекенінің өсіп-өркендеуі жолында өзінің өнегелі өмір жолымен ауыл тұрғындарының құрметтісі атанған Дана Ғабдуллақызымен сұқбатымызда бойында адамға деген жылылығы есіп тұрған Дана ханымның қолдан жасалған құртын, майлы бауырсағын, сары майын, ыстық шайын ішіп отырып, апайымыздың әңгімесіне де құлақ салдық.
– Менің осы ауылға келін болып түскеніме де отыз жылдан асты. Алдашбай ахун ауылы киелі мекен. Бұл елде талай дарын иелері түлеп ұшты. Бұл ауыл елге есімі танымал күміс көмей жыршыларды және басқа да көптеген таланттарды өмірге қанат қақтырған құтты мекен. Жатқан жері жайлы болып, иманы саламат болсын, марқұм енем маған көп нәрсе үйретті. Өміріме үлгі болды. Енем осы ауылдың тумасы, ол кісі ауыл тұрғынының әрбірінің мінезін жатқа білуші еді. Оларға қалай қызмет етуді және менің де оларға қалай қызмет көрсетуімді, ауыл тұрғындарының үлкені, яки кішісі болсын қалай құрметтеу керектігін үйретті. Міне «Келін ененің топырағынан» деп дана халқымыз айтқандай, бүгінде марқұм енем салып берген сара жолмен келе жатқан жайымыз бар. Ұрпақ өсіріп жатырмын. Оларға да ол кісіден алған үлгі, өнегемді беріп келемін. Өмірдің қызығы мен қиыншылығын бірге бастан өткеріп, бүгінде сол көрген бейнетімнің зейнетін бірге көріп келе жатқан өмірлік жарым Ақылбек екеуміз екі қыз, бір ұл үкілеп өсіріп, солардың қызығын көріп отырған жайым бар. Ұлым Олжасым мен қыздарым Гүлназ бен Меруерт – бірі кәсіпкер, бірі – мұғалім болып, туған елінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келеді, 4 немерем бар. Алла қаласа олар да өсе келе еліне қызмет етер деген ойдамын» дейді Дана Ғабдуллақызы.
СӨЗ СОҢЫ
Сапар соңында әкімшіліктің бас маманы Ермек Жақановтан ауыл ахуалы жайлы айтып беруін сұрағанымызда ол: «Биыл ауылда Омар Шораяқұлы атындағы көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, Тәуелсіздік көшесіне де ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қаржы бөлініп, жақын арада бұл жұмыстар жүзеге асырылады деп күтудеміз. Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті  дамыту мақсатында ауыл тұрғыны Рүстем Оңайсынов жылқы басын көбейтуге несие алып, жұмыстар жасап жатқан болса, 5 жас тұрғын мен 1 көпбалалы анамыз қайтарымсыз грантқа ие болды» деді.
«Ауылым – алтын бесігім» дегендей, заман ағымына қарай өсіп-өркендеп өркендеп келе жатқан Алдашбай ахун ауылы тұрғындарының тыныс-тіршілігін тіршілігін оқырмандарға таныстырудағы іссапарымызды да аяқтап, ауыл сыртындағы Омар Шораяқұлы атындағы баққа аялдап, атамыздың рухына арнап дұға жасадық. Біз баққа барғанымызда оның ішіндегі орындықтың бірінде бірер жас әңгімелесіп отыр екен. Олармен біршама түрлі тақырыптарда дидарласып, Омар атамыздың кім екенін сұрағанымызда жастар бізге таң қала қарап, жыраудың өмір жолын ғана емес, өлеңдерін де жатқа айтып беріп бізді таң қалдырды. Бұл ауыл жастары арасында ел тарихын, ауылдан шыққан тұлғалардың есімін ардақтайтынына риза болған біз оларға алғысымызды айтып, киелі атамекен – Алдашбай ахун ауылындағы сапарымызды аяқтап, аудан орталығына қарай жол тарттық.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
10 қазан 2022 ж. 711 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031