» » ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ ЖАМПОЗЫ

ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ ЖАМПОЗЫ

Жуырда Алдашбай ахун ауылында Қызылорда қаласының 200 жылдық, Қармақшы ауданының 90 жылдық мерейтойы мен даңқты диқан, Ленин және Октябрь революциясы ордендерінің иегері, ақын Шәймерден Шегебаевтың туғанына 110 жыл толуы­на байланысты «Асыл тұлғалы азамат» атты мәдени-танымдық шара өтті.

Ауыл орталығында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен мерекелік шара аясында безендірілген сахнада ақын, диқан Шәймерден Шегебаевтың өнегелі өмір жолы жайлы Аманкелді Мусағалиев, Тұрмағамбет ауылындағы «Қуандық Бүрлібаев» атындағы ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Талғат Бәйменов және басқа да көркем­өнерпаздардың сахналық көрі­­нісімен басталды. шарада аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев ауыл тұрғындары мен қонақтар алдында сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, сондай-ақ талай дарын иелерін үлкен өмірге қанаттандырған қасиетті Қармақшы ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған осындай игі шараның маңыздылығына, өзінің үлгілі істерімен ел жадында өміршең болып келе жатқан ақын, ұстаз, диқан Шәймерден Шегебаевтың өміріне тоқталып, ұйымдастырушылар мен ұрпақтарына аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың ыстық ықыласын жеткізді.
Содан соң сөз алған еңбек ардагерлері Бекдәулет Маханов, Нұртілеу Салықов, Сәду Шалабаев, Қанибек Шәйменәлиев, Раунақ Берманова, Ағайша Нұрғалиева, Ақжар ауылының әкімі Ерлан Бисембаев пен ұрпақтары атынан сөз алған Зал Шегебаев және басқалар естеліктер айтып, лебіздерін білдірді.
Шара барысында Сыр өңірінде жыраулық өнерді әспеттеп, аталар жолын жалғастырып келе жатқан есімі қазақ жұртына танымал жырау, Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұлов пен талантымен талайды тамсандырған Дінислам Тоқсанбаев, Балтабай Бедебаев, Болат Баймұратов, Ақсұңқар Бүркітбаев та Сыр сүлейлері Ешнияз сал, Балқы Базар, Шораяқтың Омары мен Тұрмағамбет ақынның жыр-термелерін нақышына келтіре орындап, шара қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, ауыл өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Сондай-ақ, мәдени-танымдық шара аясында ауыл жастары арасында ақын Шәймерден Шегебаевтың өнегелі өмірі жайлы және өз шығармашылықтарынан өлең оқу мақсатында ұйымдастырылған «Өмір – ұзақ жол» атты жас ақындар мүшәйрасында үздік деп танылған бір топ жас қаламгерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Өмір атты ұлы жолдың бойында өзінің сүрген саналы өмірінде ел құрметіне бөленген атпал азаматқа арналған шара одан әрі ауыл орталығындағы ақ шаңқан киіз үйлерде асқа жалғасты. Аста өздері өмірден өтсе де, өнегелі істерімен ел жадында жатталып қалған, осы ауылда өсіп-өніп, ел мақсатына өмірлерін арнаған аға буын өкілдерінің елге жасаған қызметтері жайлы естеліктер айтылып, дұға оқылды.
Күні бойына созылған аталмыш шара барысында жасөспірімдер арасында 5 салмақ дәрежесі бойынша қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылып, өздерінің ептілігімен, білектілігімен қарсыластарынан басым болған жас бозкілем шеберлері Нұрдәулет Бәкір, Ерболат Алмабай, Мағжан, Әділжан Алтынбекұлы мен Думан Мақсатұлы сынды жас бозкілем шеберлері мен басқа да жүлдегерлерге құрмет көрсетті.
Шара соңында ат жарысы ұйымдастырылып, жарыста 5 шақырым, яғни 2 айналымға шапқан 11 тайдың арасынан топ жарған қазалылық Кенжетай Орынбайдың тайы үздік атанып, қаржылай марапатқа ие болса, 24 шақырымға шапқан 11 сәйгүліктің арасынан оқ бойы суырылып шығып, мәреге бірінші жеткен шиелілік Мұқсұт Арыстанбектің «Еркетайы» жарысты ұйымдастырушылар тіккен мүйізді ірі қараны жеңіп алып, абырой биігінен көрінді.
Міне, ұлағаты мол, тәрбиелік мәні зор болып өткен осындай мәдени-танымдық шарадан рух алып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленген жұртшылық шараны ұйымдастырушыларға алғаусыз алғыстарын айтып тарқасты.
Елбасының «Қазірге жету үшін біздің буын, сендердің әкелерің, аталарың тер төкті» деген қанатты сөзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізі екені рас. Сондықтан да «Ер есімі – қашанда ел есінде», – деп дана халқымыз айтқандай, ерлікті істерімен ел есінде жатталып қалған ата-бабалардың өнегелі істерін өскелең ұрпаққа аманаттау біздің еншімізде екенін біле жүрейік.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
21 қыркүйек 2018 ж. 2 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031