» » » Сырғалы қыз сыланар

Сырғалы қыз сыланар

СЫРҒА – ҚАЗАҚТЫҢ ЕЖЕЛДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМЫНЫҢ БІРІ. ТАЛАЙ ӘНГЕ АРҚАУ БОЛҒАН, ТАЛАЙ СҰЛУДЫҢ КӨРКІН АШАТЫН ДА ОСЫ БҰЙЫМ. БҮГІНДЕ СЫРҒА КЕҢ ҚОЛДАНЫСҚА ИЕ. ТҰЛЫМШАҒЫ ЖЕЛБІРЕГЕН КІШКЕНТАЙ ҚЫЗДАН БАСТАП, АҚ ЖАУЛЫҚТЫ ӘЖЕЛЕРІМІЗ ДЕ СЫРҒАНЫ КҮНДЕЛІКТІ ҚОЛДАНАДЫ. ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ҰЛЫҚТАЛЫП, ҚОЛДАНЫСТА ЖҮРГЕНІ ҚУАНТАДЫ, ӘРИНЕ. АЛАЙДА, КӨПШІЛІК БІЛЕ БЕРМЕЙТІН, БІЛСЕ ДЕ ЕСКЕРЕ БЕРМЕЙТІН МЫНАДАЙ ТҰСТАРЫ БАР ЕКЕН.
Жалпы қазақ халқы тоғыз жасты балиғатқа толған кез санайды. Осы балиғатқа дайындық ретінде қыздың құлағын жеті жасқа келгенде теседі. Жеті санын әлем жаратылысының саны болғандықтан да қасиеттейді. Өзіміз жиі қолданатын «Жетіге келгенше жерден таяқ жейді» дегендей, бұл жасқа дейін жығылып тұрып, айналасын танып, бүлдіршіндік дәуірді бастан өткізеді. Бұл табиғат заңы. Тұлымшағы желбіреп қуыршақ ойнап жүрген қыздың құлағы тесілген соң мінез-құлқы, әдеттері, жүріс-тұрысы өзгеріп сала береді. Осы кезде ол өзінің қыз екенін анық сезінеді. Ұл баланы сүндетке отырғызумен бірдей қыз да есеюдің алғашқы сатысынан өтеді. Қыздарды да сырға тағуға алдын ала дайындаған. «Қыз санатына қосыласың», «нағыз сырғалы қыз боласың» деген секілді сөздерді баланың зердесіне сіңіре береді.
Негізінде жаратылыстың өзі қыз баланы ұлға қарағанда тез есейтеді. Ол қуыршақ ойнап жүріп-ақ, өзі де аңғармай болашақ аналық өміріне дайындық жасайды. Мәселен, қуыршағына киім-кешек, төсек-орын әзірлейді, үйшік жасайды, оған бесік жырын айтып ұйықтатады. Мұның бәрін ойын, қызық көреді, алайда өз табиғатына еріксіз тартпай қоймайды.
Ертеректе анасының, жеңгесінің сырға туралы сөздерінен кейін, кез келген қыз өзінің сырға тағар күнін асыға күткен. Бұл туралы ел анасы Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» кітабында былай деп суреттейді. «Жан дүниесінде қандай өзгерістердің болатынын білмесе де, бала санасында соған дайындық жүріп жатады. Кішкентай жүрегі лүпілдеп сол арманды күнге жеткенде оған қос етек көйлек, қамзол, үкілі тақия кигізеді, мойнына моншақ салады. Әжесі, анасы, әпке-жеңгелері ауылдағы әйелдерді арнайы жайылған дастарқанға шақырады. Шашуы мен көрімдігін алып әйелдер, қыз-келіншектер жиналады. Бұл басқосуға ерлер қатыспайды. Құлақты кез келген адам теспейді, қолы жеңіл саналатын ісмерлер, инені көп ұстаған шеберлер таңдалады. Алдымен құлақтың сырғалығының екі жағынан екі тал тарыны бір-бірімен сәйкестендіре қойып, сонымен уқалап әбден жанын кетіреді. Одан кейін отқа ұсталып тазартылған инемен тескенде ауырғанын сезбей қалады» деп баяндайды.
Бұрын ел ішінде иттің жүнінен есілген жіп өткізетін де әдет болған екен. Итті жеті қазынаның бірі деп әрі ит жүнінің құлақты қызартып іріңдетпей тез сауықтыратын қасиетін білгендіктен осылай істеген. Қазіргі уақытта ит жүнінен жасалған белдемше, кеудеше, байпақтардың пайдасын айтып қана қоймай кеңінен қолданып жатыр. Ата-бабаларымыздың ешқандай зертханасы жоқ кезде-ақ ит жүнінің емдік қасиетінің болатынын білгеніне тағы таңғаласың. Сондай-ақ бұрын құлақ тескенде шайдың қатты самасын өткізетін де тәсіл болған. Бұл да бекер емес. Шай шипалы болмаса бүкіл әлем халқы пайдаланбас еді ғой. Шай самасының да құлақты ісірмейтін, қызартпайтын қасиеті бар. Мұның бәрі ертедегі әдістер. Ал қазір мамандар арнайы болаттан жасалған кішкентай ілмектерді құлақ жазылғанша тағып қоюға кеңес береді.
Бүгінде құлақ тесетін адамды да алыстан іздеудің қажеті жоқ. Сұлулық салондарының біршамасы бұл қызмет түрін қолға алған. Бұрынғыдай инемен емес, бірнеше секундтың ішінде арнайы құралмен оп-оңай тесіп береді. Кішкентай бүлдіршіндердің көпшілігі сезбей де қалады.
Сонымен қатар халқымыз қыз баланың құлағын сәндік үшін, тек әдемілікке бола теспеген. Бұл қыз тәрбиесінің маңызды бір бөлігі ретінде есептелген. Ертеңгі күні бойжетіп, өзге босағаны аттайтын келіндік жолға дайындықтың алғашқы қадамы, қызды ісмерлікке, шеберлікке, ұқыптылыққа баулудың басы. Құлағы тесілген қыз бұрынғыдай қуыршақ көтеріп, «үйшік-үйшік», жасырынбақ ойнап селтеңдеуді ерсі көредi. Ол кесте тігіп, шілтер тоқып, шашақ түюді үйренеді. Үй ішінің тірліктеріне араласып анасына қолғанат болуға тырысады. «Сырғалы қыз сыланар» демекші, шашын күтіп, киімін ұқыпты киіп, отырыс-тұрысы биязыланады, қадам басуы мәнерленеді. Өйткені ол өзін «бойжеткен қыз» қатарына қосып, соған саналы түрде бейімделеді, қызға тән әр нәрсенің жолын білмекке ұмтылады. «Олақтан салақ жаман» деп, қыздың салақ болуы, олақ қалыптасуы өзіне ғана емес, ата-анасына, қала берді ауыл-аймағына сын. Ондайды еліміз «өнеге көрмеген» дейді, ең алдымен, шаңырағын кінәлайды. Міне, сондықтан «қызға қырық үйден тыйым» қыз сырғалы болған күннен басталған. Себебі осы кезге дейін ойын баласын айналасы онша елемейді, «бала ғой», «кішкентай ғой» дейді. Ал шашын өріп, камзол, көйлек киіп, сырға таққан соң бірден көзге түседі. «Ой, кәдімгідей бойжетіп қыз болыпты ғой» деп үлкендер содан былай баса назар аударады. Әрбір саналы адам үлгі-өнеге, жақсы нұсқа көрсетіп, білмегенін ұқтырып, қатесін түзеуді өздеріне міндет санаған екен.
Сырға салудың да өзіндік жөн-жобасы болған. Жасы кіші қыздарға жеңілдеу шағын түрлерін, бойжеткендер қоңыраулы, әшекейлі салмақтыларын салған. Соның өзінде дөңгелек жүзді қыздарға ұзыншақтау салпыншақты үлгіде жасалғанын, ал атжақты сопақша пішінділерге домалақтау түрлерін таққан екен. Қандай болса да таққан сырғасы әуезді үнді болған. Қыздар салмақты да байыпты, кербез де көркем жүрісті болса, оның қозғалысына сай сырғаның сыңғыры да ырғақты, сазды естілген. Жеңгелері «сырғалым» деп атын тергесе, жігіттер сол сырғаның сыңғырын өлеңге қосып, сырға арқылы өзінің жүрек сезімін білдірген.
Сондай-ақ Зейнеп Ахметова өз еңбегінде қазақта бұрын сырға салудың және бір түрі болғанын атап өтеді. Оған «Өмірге келген ер баласы шетінен шетінеп зарлы болып жүрген ата-ана әрең дегенде ұл перзент көргенде «тіл тимесін», «сұқ өтпесін» деп ырымдап баланың оң құлағына сырға салған екен. Бұл былайғы жұртқа ерсі не ерекше көрінбеген, өйткені үлкен болсын, кіші болсын кез келген қазақ ұлға сырға салудың мән-мағынасын жақсы білген. Біліп қана қоймай тілеулес болған. Сырғалы ұлды көргенде «Біреудің құдайдан тілеп алған жалғызы екен ғой» деп танымайтын адамның өзі оған жақсы сөз арнап, қариялар бата берген, әже-апалар қолынан сүйіп, маңдайынан сипайды екен. Осылай ел-жұрттың ықылас-пейілі мен мейірімін көріп өседі. Ата-анасы баласының аман-сау қатарға қосылғанына шүкіршілік етіп той жасайды. Оны атап тұрып «сырға той» дейді. Тойда жасы үлкен, көпке қадірлі, елге сыйлы қариялардың бірі бата беріп, көпшілік алдында ұлдың сырғасын шешіп, әжелер шашу шашады. Ал қазіргі қос құлағына бірдей сырға тағып жүрген селтеңбайларға мұның ешбір қатысы жоқ» деп түсініктеме береді. Бүгінде мұндай ұл балаларға ерекшелеп, айдар қояды. Ал сырға тағу қолданыстан қалған секілді.
Осыдан біршама жыл бұрын сырға тағуға шектеу қойылды. Ол уақыттарда мен мектеп оқушысы едім. Талапқа бағынып, амалсыздан сырғамды алып тастағаным бар. Бір екі жылдан кейін сырға тағуға қайта рұқсат берілді. Сонда сырға тақпағандықтан бітеліп қалған құлағымызды қайта тесуге тура келген. Құдайға шүкір, қазір мүлде басқа қоғам. Сырға тағуға шектеу жоқ. Тереңіне үңіліп, астарын түсінбесе де, қазір өң-түсін, шырайын ашу үшін әшекей сырға тақпайтын қыз жоқ. Тіпті бір сырғаны азсынып, бір құлақты бірнеше жерінен тесіп жүргендер де жеткілікті. Осы орайда өзіміз салт-дәстүр туралы еңбегін басшылыққа алып отырған ел анасы мына бір нәрсені жастар ескерсе екен дейді. «Осы күндері байлық көрсету ме, даңғой мақтаншақтық па, түсінбестік пе, не дерімді білмеймін, әлі сәбилік дәуірде жүрген екі-үш жасар қыздардың құлағын тесіп алтын, тіпті гауһар тасты қымбат сырға салатындарды көретін болдық. Әрине, ата-ана баласынан несін аясын, қалай әлпештеп аялаймын десе де өз еркі. Дей тұрғанмен, әр нәрсенің өз уақыты, өз жөні бар ғой. Басының суы кеппеген кішкентай бүлдіршіннің құлағын тескенде сырға оның сана-сезіміне қозғау салып, жан дүниесін сілкіндіре ме? Ол өзінің қыз екенін сезінетін әсер алып ойланды ма? Құрттайынан қымбатқа үйренсе, болашағы қалай болады? Перзенттерінің құлағын сән үшін бе, жоқ өзгеден артықтығын көрсету үшін бе, ерте тесетіндер жоғарыдағы сауалдарға мән бермейтін секілді» дейді өз еңбегінде Зейнеп Ахметова.
Қарап отырсақ, ойланарлықтай мәселе. Түпкі мәнін түсінбесек те, кішкентай бөбектерімізді сырғалым атандырып қойғанымыз жасырын емес. Сәндік үшін тағылар сырғаның сырын ұғынып, ұлттық құндылықтан алыстамайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2022 ж. 1 603 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 007

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031