Замана заңғары

ЕСІМІЗДЕ МӘҢГІЛІК ЖАС БЕЙНЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ЖАНДАРДЫҢ БІРІ–ШЫҒЫС ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАЛЫНДЫ ЖЕТЕКШІСІ БОЛҒАН ҒАНИ МҰРАТБАЕВ. ОРТА АЗИЯ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АРАСЫНАН ШЫҒЫП, РЕСЕЙДЕ ЕРЕКШЕ МОЙЫНДАЛҒАН ҚАЙРАТКЕРДІҢ ӨМІР ЖОЛЫ ҚАТПАР-ҚАТПАР БЕЛЕСТЕРГЕ ТОЛЫ. БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗҒА ЖЕТКЕН ӨМІРБАЯН ДЕРЕКТЕРІ ДЕ ТОЛЫҚ ЕМЕС.
Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, Коммунистік Жастар Интернационалы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, «Жас Алаш» газетінің тұңғыш редакторы, ағартушы-демократ, қоғам қайраткері – Ғани Мұратбаев өзі өмір сүрген уақыттың көшіне ілесе білген озық ойлы, намыс-жігерлі, қарапайым тұлғасымен, іскерлігімен соңына өшпейтін із қалдырған шығыстың жарық жұлдызы. Жалпы қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға белсене араласқан ол ХХ ғасырдың басындағы ұлттық ояну мен жаңғыру идеяларына бой ұрған, ұлт мүддесін ойлап, өзінің халқына қалтқысыз қызметі арқылы халқын ағартушылыққа шақырған қайраткер ретінде танылған тұлға. Ғани Мұратбаевтың ар-ождан, рухани қасиеттерді санаға сіңіріп, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, өркениетті деңгейге көтеру идеяларының мазмұны мен мағынасы әлі күнге дейін өзегін жоймады.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусымда қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы (сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Қазалы уезі) Қарақұмның «Арғымақ» деген жайлауындағы төбеде туылған. Ғанидың әкесі Мұратбай ескіше оқыған, парасаты мол, орташа ауқатты кісі болған. Әлімнің Қарасақал руының 15 жыл болысы болған. Кеңес өкіметі кезінде, саясатқа сәйкес Ғанидың шыққан тегі жәй шаруа деп жазылды. Бұлай деп жариялауға екінші бір себеп, Мұратбай қайтыс болғанда Ғани төрт жастағы бала еді. Ол ер жеткенше әкеден қалған азды-көпті дүние-мал таусылып, көзге көрінерлік асылып-артылған ешнәрсе бола қоймаған. Сондықтанда Ғани тек қана күн көретін дәрежеде өскен. Шешесі Бәтима баласының зеректігін ескеріп, Ғаниды тоғыз жасында көп қиыншылықпен Қазалы қаласындағы орыс-қазақ (орыс-түзем) мектебіне оқуға береді. Мектепте оқып жүргенде-ақ уезд басшыларының көзіне түскен ол 1917 жылдың күзінде, яки он бес жастан сәл асқанда революциялық кеңестің құрамына алынады. Он бес жастағы жасөспірім баланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тегін емес шығар.
Революциялық Кеңес құрамында жүрген қысқа мерзім Ғанидың өмірге, жалпы, қоғамға деген көзқарасын күрт өзгертті. Ең бастысы – оқымаса болмайтынына көзі жетті. 1916 жылы Ғанидың анасы Бәтима дүниеден өтеді. Мектепті үздік бітірген соң орысша сауаттанған Ғани 1914-1917 жылдары Қазалыдағы қазіргі М.Горький атындағы No16 мектеп, ол кездегі орыс бастауыш училищесінде оқиды.
1918 жылы Ташкентке оқуға аттанады. Мұнда Ғани қазақ-қырғыз педучилищесіне оқуға түседі. Бұл Ғанидың бойы да, ойы да ержете түскен шақ еді. 1916-1917 жылдардағы мемлекет ішіндегі саяси жағдайлар, таптық сана-сезімі оянып келе жатқан зерделі жас жігітке қатты әсер етті.
Ғани Ташкентте педучилищеде, кейіннен Халық Ағарту институтында оқи жүріп, Финкельштейн атындағы мектепті де үздік бітірген. Институт қабырғасында жүріп-ақ, қазақ, қырғыз, өзбек жастарынан қамқорлығын аяған жоқ. Жанарында оты бар, «келешек осыдан қоғамға қажетті тұлға шығады» дегендердің барлығын Ғани Шығыс университетке оқуға түсірді. Олардың жақсы оқып, сол замандағы талапқа сай орыс тілін жетік меңгеріп, марксизм идеяларын оқып-білуіне, қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға жете мән берулерін қадағалайтын. Жастармен кеңес өткізіп, жастар ұйымының жұмысына көмек беріп, олардың таптық, саяси жағынан жоғары тұруларын көздейтін.
Ғани өміріндегі қуаныштың бірі оның 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып енгендігі еді. Міне, осы күннен бастап, Ғанидың жалындаған өмірі жастар ұйымымен тығыз байланыста өтті. Училище комсомолдары оны жастар ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Сол кезеңде саяси сана-сезімі де, өмірге көзқарасы да көп жастардан озық Ғ.Мұратбаев жастар ұйымының алдыңғы қатарлы белсенді мүшесі, жастар жұмысының үлгілі ұйымдастырушысы болды. 1916 жылғы, одан кейінгі оқиғалар салдарынан аштыққа, жалаңаштыққа ұшыраған жетім балаларды интернаттарға, балалар үйлеріне, мектептерге тарту ісіне белсене араласты.
Ташкент қаласында еңбекші жастар ұйымы 1918 жылдан бастап құрылып, алғашында ол Лев Толстой атындағы Ташкент жастарының ұйымы, артынан еңбекші жастардың социалистік одағы, ал 1919 жылдан Коммунистік Жастар ұйымы деп аталды. Түркістан комсомолының бірінші съезі қарсаңында бұл ұйымның құрамында бес мыңнан астам мүшесі болған.
Осы кездегі Ғани өміріндегі тағы бір үлкен кезең – оның Жетісу орталығы, Алматыға келуі еді.
Тап тартысы күшейе түскен, Түркістан республикасының алыс түкпіріндегі Жетісуда жұмыс істеген, Түркістан майданы революциялық-әскери Советінің өкілі Д.Фурманов, Жетісу еңбекшілері арасында саяси-ағарту жұмыстарын жүргізуді қажет деп тауып, РКП(б)-ның Түркістан жөніндегі комиссиясынан білімді, сенімді кадрлар жіберуді өтінгенді. Көмекке жіберілген жастардың басында Ғани Мұратбаев тұрды. Ғани Верныйда педагогикалық курстың тыңдаушыларына сабақ берді. Ол тек оқытушылық қызметпен ғана шектелмей, жергілікті жастар арасында түрлі саяси жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысты.
1921 жылдың наурызынан бастап, оқуынан қол үзбей жүріп, Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс ұйымдастыратын Бюросының төрағасы болып сайланды. Осы кезеңде ол Түркістан комсомолының өкілі ретінде Орынбор қаласында өткен Қазақстан комсомолының бірінші съезіне қатысты. Ғани съезді дайындау мен өткізуде үлкен роль атқарды. Осы жолы Ғани этнограф, музыка зерттеушісі Александр Викторович Затаевичпен танысады. Ол Ғанидың айтуымен «Дудар-ай», «Қатын жырау» әндерін нотаға түсіреді. А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабында әндерді ауызша орындағандар тізімінде Ғанидың да есімі бар.
1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республи- касы Комсомолының үні – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш нөмірі жарыққа шықты. Бұл жылдары Ғани Түркістан атқару комитеті жатақханасының No18 бөлмесінде тұрды. Бұл бөлме жастардың жиі жиналатын орнына айналады. Жұмыс жайлы мәселелер талқыланып, қызу айтыстар өтетін. 1921 жылы Ғани Мұратбаев РКЖО-ның ІV съезіне делегат болып қатысты. 1922 жылы 22 мамырда РКЖО Орталық комитетінің қаулысымен Орта Азиялық бюро құрылды. Ол Түркістан, Бұқара және Хиуа республикаларының комсомол ұйымдарының қызметін үйлестіріп, біріктірді. Орта Азиялық бюро мүшесі Ғани Мұратбаев бір жыл ішінде Орта Азияны түгелдей аралап шықты. Еңбекші жастар арасындағы қозғалысты дамытудағы зор еңбегі үшін Хорезм Республикасының «Қызыл Еңбек» орденімен марапатталды. Сол тұста бүкіл Орта Азия мен Қазақстан жастар ұйымына қараған Түркістан Комсомолы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы (жауапты хатшы) болып сайланды. Жырақта жүрген Ғани үшін бұл үлкен белес болатын. Оның алғырлығын, саяси көзқарасының тұрақтылығын ескерген Бүкіл Ресейлік Коммунистік Жастар Одағы (БЛКЖО) Ғаниды КИМ-нің атқару комитетінің мүшелігіне сайлап, КИМ- нің Шығыс елдері жастарының бөлім меңгерушілігіне тағайындады.
Бұл 1924 жылдың жазы еді. Жұмысты беріліп істейтін, әр істі аяғына жеткізбей тынбайтын Ғанидың өз денсаулығына қарауға да мұршасы келмеді. Ауырдым деуге де арланған намысшыл жігіт науқасқа шалдыққанын да білдірмей жүрді. Алайда асқынып кеткен өкпе дерті Ғанидың жас ғұмырын қиды. 1925 жылдың 15 сәуірінде ол мәңгілікке көз жұмды. Өзекті өртеген өкініштің оты оның серіктестері мен бүкіл қазақ жұртының, шығыс жастарының жүрегін сыздатты. Мәскеу Ғаниды үш күн аза тұтты. Қаралы митингіге он бес мың адам жиналды. Қала орталығындағы Ваганьков зиратына арулап жерледі. Ғанимен қоштасуға Одақтас Республикалардың комсомол қайраткерлері, партия, кеңес ұйымдарының өкілдері, КИМ-нің мүшелері қатысты.
Ғаниды мәңгі есте қалдыру мақсатында 1967 жылы Ғанидың туғанына 65 жыл толу құрметіне Қазалы қалалық кітапханасында алғаш көрме ұйымдастырылады. Қазалы қаласында Ғани есімімен аталған No17 қазақ орта мектебі болса, 1968 жылы оның мемориалдық музейі ашылды. Содан бері жарты ғасыр бойы Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі зерттеліп, музейге келушілерге насихатталуда. Ғани Мұратбаевтың туған күні жыл сайын музейі жанындағы Ғани алаңында өткізіледі. Республикада Ғанидың есімімен аталатын мектептер, көшелер, ауылдар, оқушылар Сарайы, стадион бар. Мекемелер мен мектептерде, ауылдарда ескерткіш-бюсттер орнатылған. Қазалы ауданы әкімінің 2016 жылы 5 сәуірдегі No116 санды өкімімен «Ғани Мұратбаев» атындағы облыстық жастар сыйлығы тағайындалды. Келесі жылдан бастап бұл сыйлық республикалық дәрежеде беріле бастады.
Оның 75, 80, 90, 100, 110 жылдық мерейтойлары республикалық дәрежеде аталып өтті. Мерейтойларында туған жері Қазалыдан арнайы делегация Мәскеуге барып, Ғани ескерткішінде болып, рухына тағзым етіп қайтты.
Биыл Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевтың дүниеге келгеніне – 120 жыл. Сыр елінің замана заңғарының арнаулы датасын жұртшылық есінен шығармай, іс-шаралар легін әлдеқашан бастап та кетті.
Иә, өз заманының көшіне ілесіп, өз замандастарынан оқ бойы озық туған Ғани Мұратбаевтың тұлғасы заман өзгерсе де, біздің дәуірімізге дейін мәңгілік жарық жұлдыздай жол сілтеп тұра береді. Ғанидың өзі аз жасаса да, оның ісі мәңгілік жасайтынын тарих дәлелдеуде.
Айнұр ӘЛИ
01 тамыз 2022 ж. 715 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031