» » » Атасы достың баласы дос

Атасы достың баласы дос

«Эмманың ажал тағдыр мұрасындай,
Жалғанның жаңсагы жоқ расындай.
Жүргінші қонып, түсіп өтетұғын,
Бұл дүние бiр жақсының салған қорасындай, – демекші, Өмір-өзен өте шығатын жалған дүние ғой. Кеше жүрген Ибраһим бүгiн жоқ. Екеумiз тай-құлындай тебісіп, бірге өстік. Мектеп қабырғасында жүргенде таныстық. Сол алтыншы сыныпта оқитын кезiмiз. Ибраһим бiздiң ауылға жиi келiп тұратын, себебі, нағашылары Әлімбай Әлиасқаров елге беделдi ағаларымыздың бiрi едi. Ол бiздiң Ақжар ауылында тұратын. Сол кiсiнiң үйiне келiп жүргенде таныстық та, содан жақсы араласып кеттiк. Нағашыларына қыдырып келедi, сосын бірге ойнап рахатқа бататынбыз. Бiрде мынандай оқига болды. Оны нағашысы қойдың кезегiне жұмсапты. Мен ауылдың бiр шетiндегi көшенің малын бағуға шыққан едiм. Екеумiз өрісте де табыстық. Менiң қасымда анам бар едi, ол кісі Ибраһимді бұрын көре қоймаган екен. Ибраһим бiздi көрiп, жанымызға келдi де анама сәлем бердi. Бұрын көрмегесін, түрін танымаған анам одан «Кімнің баласысың?» деп сұрады. Сондағы Ыбекеңнiң берген жауабы менi таң қалдырмай қоймады. Ол атасы Тұрымбет жырауды, одан әкесi Бекмаханды тәптіштеп тұрып айтып берді. Мүмкiн бiз болсақ, әкемiздiң атын айтып қана қоя салар ма едік. Ал, Ибраһим... Ол менiңше, анамның өзін танымай тұрғанын түсiндi де, жай ғана «Бекмаханның баласымын» десе, «Қай Бекмахан?» деп анамның қайта сұрайтынын білгендіктен бiрден бәрін өзі айтып берді деп ойлаймын. Ибраһимнiң жауабын естiген анамнан дегбір қашты. Қолындағы барын салып, дастарқан жайып, шай қойып әбігерге түстi де қалды. Айналып, толғанып, арасында «Атасы достың баласы ДОС» деген бар, сендердiң аталарың сыйлас жандар болған, ендi сендер де бiрiңмен бiрiң досжар болыңдар» деген ақыл-кеңесін де айтып жатыр. Содан бастап бiздiң арамыздағы адами достығымыз, шығармашылық байланысымыз еш үзiлген емес.
Анамыз аталарымыздың, әкелерiмiздiң жолын бiздiң жалғағанымызды шын жүрегiмен қалаганы байқалып тұрды. Бұлай болатын жөнi де бар еді. Өйткені.. Менiң үлкен атам Жиенбай жыраумен Тұрымбет жыраудың қазаны бiр болған. Екi әулет бір отбасының адамдарындай араласып, сыйласып өткен өмірден. Сол сыйластық кейiн де жалғасын тапкан ғой. Менің әкем Рүстембек жырау Бекмахан ағамызды туған бауырындай көретін еді. Сыйластықтары зор болды. Кейін әкемiздiң көзi кеткесін де Бекмахан ағамыз үйге жиi келiп тұратын. Бір апталап жатып әңгімесін айтып, аунап-қунап кететін. Ол кісі келгенде бiздер әкемiз келгендей мәз болатынбыз. Сол iз жалғасын тапты. Бекмахан ағамыздың үлкен баласы Жеңіс ағамызбен менiң ағам Көшеней Рүстембеков дос болып, екеуi бiрiн-бiрi көрмесе отыра алмайтындай жақсы сыйласты. Сол секілді менің де Ибраһиммен сыйластығымыз жоғары деңгейде болды.
Мен бiздiң өзара шыгармашылық байланысымыз туралы тектен тек сөз қозгаганым жок. Ибраһим Қармақшыға жолы түссе маған хабарласпай кетпейтін. Қармакшыға келсе хабарласып, маған соқпай
кетпейтiн едi. Құрдас деп, талай арнау, өлең шығарып берiп кететiн едi. 1983 жылы қазақ совет әдебиетінің Қызылорда облысындағы күндерi аясында Қармақшы топырағында елдi елең еткiзген елеулi оқигалар болды. Ықылым заманнан жеткен ұлы өнер иесі Қорқыт бабамыздың мәңгiлiк тыныс тапқан жерiнде оның құрметiне қобыз iспеттi етiп жасалған ескерткіші бой көтердi. Қазiргi Тұрмаганбет, сол кездегі Ленин атындағы кеңшарда даңқты шайыр, әлемдік жауһар «Шаһнаманы» қазақша сөйлетiп кеткен ғажайып дарын Тұрмагамбет Ізтілеуұлының 100 жылдық мерейтойы тойланып, ол кiciге де арналған ескерткіш ашылды. Алматыдан қазақтың «мен» деген азаматтары келді. Олардың арасында Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев және т.б. болды. Мәртебелі қонақтарды қазақтың ежелгi салтымен арнау-жырмен қарсы алдық. Орындаушы мен болдым. Ал, жырдың мәтiнi Ибраһимдікі болатын.
Сол жылдары Ибраһим Торғай елінде, Арқалықтагы облыстық газетте қызмет атқаратын. Қармақшыға елдегі дүбiрдi естiп келген ғой. «Ал, қонақтарды арнаумен қарсы алу керек» деген кезде мен Ибраһимді тауып ала қойдым. Ол көп күттірмеді. Сондағы жыр мәтiнi төмендегідей.
«Ордасы өлең-жырдың, өнегенің,
Мен де бiр Қармақшының өрені едім.
Қаумалап келген мынау көпшілікке,
Сәлемiн жеткiзейiн өнерлi елдiң!
Бүгін той ауданымда болып жатыр,
Тасытып қуаныштың кемерлерiн!.
Сыр бойы құшақ жайып қарсы алуда.
Елiмнiң сөз зергері шеберлерін.
Әбділда, Жұбан, Қалтай ағаларым,
Теңiздей буырқанған тереңдерiм!
Жазушы, ақындарға шын жүректен,
Алғысым әрқашанда терең менiң!
Тойларың құтты болсын бәрiңiздiң,
Гауһардай жарқыратқан өнер кенiн!
Мен бүгiн қуаныштан тасып тұрмын,
Еліме бітпеген-ау өнер тегін.
Сымбатты сұлу Сырдың сүлейлерi,
Көркейтiп кеттi жырмен өз өлкесін.
Дүниеден өздерi өтiп кетсе-дағы,
Олардың мәңгi бақи сөзі өлмесiн!
Жүз жылдық тойы келіп Тұрекеңнің,
Шалқыдық екi тойды көз көргесiн!
Танытты назым жыры тамсандырып,
Халықтың құрметiнiң өзгермесін.
Алтынды бағалайды қашанда елi,
Ұғатын мағыналы сөз пердесін.
Рахмет, қасиетті Қармақшыға,
Қастерлеп, құрметтеген өз перзентiн!
«Сыр елі – Жыр елі» деп атанғандай,
Тасиды жүректегі нұрлы өзенiм!
Өмірге, өнерге де ғашық жанның,
Жүзінен ерекше бір сыр сеземiн.
Бүгiнгi тойға шашу алып келген,
Өнерпаздар күтумен тұр кезегiн.
Сiздерге көрсететін өнері көп,
Берейін соларға ән мен жыр кезегiн!» деп, Сырдың мақамымен төгiлдiрiп жiбергенде, «сөзi қандай, мақамы қандай!» деген сүйінішпен айтылып жатқан лебiздердi құлагым шалып, марқайып қалғаным есiмнен кетпейдi. Ибраһим сөзге аса қатты мән беретін. Сондықтан да, оның арнауы жүректен шығып, жүректерге жеттi.
Ибраһим туралы көп айтуға болады. Ол нағыз азамат едi. Кiммен қалай сыйласуды бiлетiн. Үлкенге иiлiп, кiшiге сызылып сөйлейтiн. Сол арқылы өзінің бектiгiн танытатын. Қайткенмен тектiнiң ұрпағы гой, сол тектiлiгi ұрпағына жалғассын деймiн. Жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын. Ұрпақтары аман болып, Алла отбасына береке, бірлік берсін!
Бидас YPICTЕМБЕКОВ.
жырау,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
24 маусым 2022 ж. 675 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031