» » » Сырдария – жырдария

Сырдария – жырдария



Тылсым сырды бойына,
Жыйып аққан бір дария.
Тәмсіл-жырды ойына,
Құйып аққан бұл дария.
Сағым қуған Сырдария,
Сағындырған жырдария.

Сол жағың – Қуаң, Қызылқұм,
Оң жағың – Нұра, Қарақұм,
Сағынып сені қарағым,
Араға жыл салып тағыда,
Шөліркеп жеткен қағына,
Құланыңдай кеп тұрмын.
Сырдария – жырдарияма,
«Ар ма, Анам!» деп тұрмын.

Бұлдырығы бұлтыңдап,
Бөденесі пыр-пырлап,
Түлкішектер жылтыңдап,
Орқоян қашар былқылдап,
Жезкиігі жөңкіген,
Жерұйықты сендей кім көр­ген!

Сексеуіл, дүзгін, тораңғы,
Жиде мен шеңгел, жыңғылды.
Қызғалдақ өскен қырыңды,
Керілген дала жусанды,
Кеудеңді ашар жұпары,
Белдеріңді сағындым.

Жағасы шүйгін жайқалған,
Үкілі қамыс шайқалған.
Қасқалдақ, қаз, үйрегі,
Айдынында тербеліп,
Сарсазаны жарқылдап,
Шағаласы шарқ ұрған,
Көлдеріңді сағындым.

Қырғауылы қыт-қыттап,
Шибөрі «қорып» ауылды.
Торайлар қашар жалт беріп,
Жарып өтіп қауынды.
Аңызақ жел, аптапты,
Аяқ-асты сап-сап қып,
Құйып өтер жауыны,
Күндеріңді сағындым.

Құр сағынып не керек,
Сенің қасиет-киеңді,
Жас өркенге кейінгі,
Баян етсем бейімдеп.
Бір кәдеңе жарасам,
Көңіліме тоқ санасам,
Болмас па еді ғанибет!
Көне тарих көздері,
Өркениеттің іздері,
Өн бойында өзеннің,
Іздегенге тұнып тұр.
Кемерінен суаттың,
Етегінен құмақтың,
Суылынан қанаттың,
Дүбірінен тұяқтың,
Сылдырынан бұлақтың,
Сыбдырынан құрақтың,
Жүрегіммен соны ұқтым.
Домбыра мен қобыздың,
Ішегіндей егіз үн,
Өксіп, сарнап, күмбірлеп,
Ой мен қырда жолықты.

Жейхун, Сейхун қос ішек,
Құлағы Тәңір тауында,
Сонау, ескі заманнан,
Тербеліп төмен ағылған.
Жағаңда сенің қаз-қатар,
Отыз қала болыпты,
Бірінен шықса таң ата,
Біріне керуен қоныпты.

Сығанақ, Созақ, Жанкент...
Отырар һәм, Жеті Асар...
Әрқайсысы бір перне,
Сырын айтар сағына.
Шалқыған Арал шанағы,
Барсакелмес – тиегі ең,
Тұран жазығы дейтұғын,
Жер – домбыраға тағылған.

Әр перне белгі қашалған,
Беймәлім тарих, тұнған сыр.
Қос өзен қатар қашаннан,
Бебеулеп аққан дастан-жыр.
Байырғы тарих – ертегі,
Көңілдің күйін шертеді.
Баяндайын әлімше,
Ұрпақ үшін ертеңгі.

Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Ойсылқара баласы.
Батыс пен Шығыс арасын,
Мың жыл бойы жалғаған,
«Жібек жолын» әу баста,
Сыр бойымен сол салған.
Қатпарлы тарих қашанда,
Сырын оңай ашар ма.
Ұйқыда жатыр Жанкент,
Оянғанмен Отырар,
Самарқау әлі Саураным,
Мүлгуде үнсіз Асарлар.
Яқсарттың бойы ежелден,
Қаңлылардың қонысы.
Жағаңда шашын тараған,
Айна ғып Айға қараған,
«Анам» деп жерін бағалап,
Тұмар Ханым қол бастап,
Патшалық құрған ел – осы.

Оранып үлде-бүлдеге,
Парсы елін билеген,
Жалғаншы мына дүниеге,
Қанағат қыла білмеген.
Сақ даласын ойрандап,
Талқандауға үндеген,
Кир патша қанға тұншығып,
Бассыз қалған жер – осы.

Ескендір ат шалдырып,
Үндіге барар жолында,
Ерулеп біраз қоныпты.
Қымыз ішіп, қызынып,
Рухсананың қолынан,
Жамалына қызығып,
Айы туып оңынан,
Еліме күйеу болыпты.

Кілемін жайып көлденең,
Толқыныңда тербелген,
Қобызын шалып шерленген,
Алысқан Қорқыт өліммен,
Жағаңа сенің жерленген.
Тұлымын желің тербеген,
Көкірегін білім кернеген,
Әбу Насырдай ұлыңның,
Жағаңда өшпес ізі бар.
Дарағы ол ғылымның,
Артында өлмес сөзі бар.

Шыңғыс пен әмір-Темірдің,
Жер қайысқан қолы да,
Жағаңа келіп түнеген.
Текке әскер жата ма,
Сапырылысқан сан түмен,
Не істегенін кім білген?!
Белгілісі әйтеуір,
Қараңғы түндер түріліп,
Кезегімен Күн күлген.

Баһадүр батыр Жалаңтөс,
Жеңіліп жаудан көрмеген.
Хонтайшыны жеңбекке,
Жәңгірге жәрдем бермекке,
Жиырма мың қалың қол­ме­нен,
Орбұлаққа жол тартып,
Сырдың бойын өрлеген.
Келте тонды Келменбет,
Келбетті ер – ел сенген.
Ел шетіне жау келсе,
Сарқасқасын сар желдіріп,
Қырғидай тиіп еңсерген.

Сәбиттің ұлы Асан да,
Жердің жүзін аралап,
Қазаққа іздеп жерұйық,
Ел үшін дамыл көрмеген,
Сырда туып, Сырда өлген.
Әйтеке би атамыз,
Жесір дауы, жер дауын,
Сөзбен шешкен екі ауыз.
Жанқожа, Бұқарбай, Ақмырза,
Зәресін жаудың ұшырып,
Азаттық туын көтерген.

Арыстан Баб, Яссауи,
Шариғат жолын зерлеген.
Ұйытсам деп исламға,
Тәңіршілдерді көнбеген,
Арқа еті арша боп,
Маңдайы борша терлеген.
Айқожа, Марал ишандар,
Құлболды, Қасым ишан бар...
Сопылық ілім уағызын,
Өмірлік серік еткендер.
Жәрімбет,Тайжан, Бекпенбет,
Дәрменқұл, Байжан, Сейтпенбет.
Санаға дінді сіңірген,
Сепкендей тұқым кетпендеп.

Ораз ахун ұстаздың,
Жолын қуып осы елде,
Ағарту жолын ұстанған,
Қалжан, Садық, Алдашбай,
Дәулетназар, Тоқсанбай,
Қожабай мен Мырзабай,
Әлібай сынды ахундар,
Меккемен Сырды жалғаған,
Құран – шын, бар деп – бір құдай.
Болса егер біреудің,
Аталмай қалған аты бар,
Әруақтары разы боп,
Алладан түсіп рахым,
Фердаус бағында жатыңдар.

Балқы Базар, Дүр Оңғар,
Ешнияз сал, Дүр Омар,
Шайырлық даңқы жайылған,
Сүлейлер еді осылар.
Төремұрат, Нұртуған,
Жиенбай жырау, Тұрымбет,
Молдахмет пен Нартайлар,
Әлдилеп елді жырымен,
Ән бесікте тербеген.
Күміс көмей, жез таңдай,
Бұлбұлдары дәуірдің,
Бәйгесін жырдың бермеген.
Қазанғап, Нышан, Әлшекей,
Керуен жолдай көшелі,
Рүстембек, Шамшат, Көшеней,
Күй-Жыр дария мұраның,
Нар қоспақтары осы еді.
«Құс жолындай» көктегі,
Алыстап кетті бұл шоғыр.
Құлын-тайдай көктемгі,
Артынан шауып, алақтап,
Кісінеп жүр бір тобыр.

Білімпаз халком Темірбек,
Жыр жампозы Тұрмағанбет,
Қалың елді оятқан,
Жаңа заман келді-деп.
Әбділда, Асқар ағалар,
Рахманқұл мен Қалтайлар,
Нұрпейісов Әбең бар,
Аузына елді қаратқан,
Тау тұлғалы, кіл заңғар!
Зейнолла мен Оразбек,
Нәсіредин, Қомшабай,
Жарасқан мен Адамдар
Замана сөзін зерлеген ,
Ел үшін маңдай терменен.

Шоқайдың ұлы Мұстафа,
Түркістанның көсемі еді,
Алса да тағдыр қыспаққа,
Азаттығын елінің,
Демі біткенше көксеген.
Мұратбайдың Ғаниын,
Шығыстың жасы таниды.
Болам деген жастардың,
Намысын рухы жаниды.

Нағи менен Тәйімбет,
Соғыста жойқын әлемет,
Жайратып неміс-фашисті,
Көрсетіп ерлік керемет,
Батыр боп елге оралды,
Дін аман, сау-сәлемет.
Дихан ата Ыбырай,
Көшербай, Әділбек, Қасымтай,
Шамшырақтары еңбектің,
Жарқ-жұрқ еткен жасындай.
Шырынкүл, Заһира, Ұлбала,
Сәлима сынды аналар,
Қосарлы ерлік іс қылды,
Мәпелеп дәнді баладай.

Шәрібек, Мардан, Әуелбек,
Жинап кетті маржан сөз,
Атадан қалған мәуем деп.
Академик Есенов,
Раманқұлов Достайды,
Ел біледі ең сыйлы
Атақтың иесі екенін.
Топырағыңнан жаралған,
Бал суыңнан нәр алған,
Қалдаяқов жазған ән
Роза, Мәдина салған ән,
Бар жүрекке таралған.

Байқоңырды кім білмейді,
Жер мен көкті жалғаған.
Осы ара жердің кіндігі,
Ғарышқа адам самғаған.
Қалықтап ашық ғарышта,
Тоқтар, Талғат, Айдындар,
Жақындап барды Марсқа,
Есігін қағып Айдың да.

Қойнауың толы қазына,
Төсіңде тірлік қайнаған.
Киелі өлкем, құт мекен,
Қасиетіңнен айналдым.
Құдіретіңе тәу еттім,
Кіндігім саған байлаулы.
Өзіңді осылай жыр еттім,
Жыр бағыңа гүл ектім.

Екі ішектің бойымен,
Әр пернені бір басып,
Оңаша қалып, ойыммен,
Сырласып, бірде мұңдасып,
Жоғары-төмен желдім бе?
Парыз бен қарыз жымдасып,
Екі ара алыс, тым қашық,
Тілдесе алмай, ымдасып,
Әруақтарды көрдім бе?
Кейінгі толқын жастарға,
Аз-кем мағлұмат бердім де,
Осылай мен тоқтадым,
Болашақ ұрпақ өр кеуде,
Өздеріңе сендім де!
***
Төрт түлігін төлдетіп,
Өндіріп мұнай көлдетіп.
Өсіріп егін қисапсыз,
Сырдың суын селдетіп.
Ел-жұрт отыр еш қамсыз,
Жағаңда бесік тербетіп.

Қартайма сен Сырдария,
Ортаймашы жырдария.
Сарқырап- ақ, Сырдария,
Сарқылмайтын жырдариям!
Тынымбай ДОСБАТЫР
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы
17 мамыр 2022 ж. 575 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031