» » » Жыр елінде жаңа туындылар

Жыр елінде жаңа туындылар


Дастан Мырзабекұлының есімі жыр сүйер қауымға кеңінен таныс. Білім саласында бірқатар жауапты қызметтер атқарған ақын ағамыздың жуырда ғана сиясы кеппеген "Қырғауылдың қайғысы" және "Ойтүрткі" кітаптары жарық көріп, оқырманын қуантқан жайы бар. Ел руханияты қатарына жаңа кітаптардың қосылуына орай аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйытқы болуымен кітап авторы Дастан Нәзікбаевпен кездесу кеші өткізілді. Оған ардагерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, сала басшылары мен жастар, оқушылар қатысты.
Алғы сөз ақынның сыныптасы әрі досы, «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Төлеповке берілді.
– Біз Дастан екеуміз Жаңажол ауылында бір сыныпта оқыдық. Ол мектептен-ақ әдебиетке жақын болды. Жас кезінен жолдастарымыздың ішінде беделді, өзінің айтарлық орны бар, аузы орақты азаматымыздың бірінен саналды. Міне әлі күнге дейін сол қалпынан таймай келеді. Қатарың болғанменен оның арасында өзіңе жақыны болатыны бар. Дастекеңмен сондай сыйластық, достық қатынасымыз үзілген емес. Жарық көріп жатқан кітаптар құтты болсын дейміз. Қаламына қан жүгіре берсін. Елдің мұң-мұқтажын айтар ақындық сапарына сәттілік тілеймін. Жазары таусылмай, туған жердің қадір-қасиетін дәріптей берсін деген тілегімді білдіремін, – деді ол.
Кездесуде басқа да қонақтар сөз алып, өздерінің өзекжарды тілектерін білдіріп жатты. Солардың бірі – аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов.
– Дастан Мырзабекұлы Орынбасар ағамызбен мектеп қабырғасында таныс болса, біздер бір-бірімізді аудандағы басшылық қызметке араласа бастағаннан білеміз. Дастекең ауданда жауапты қызметтер атқарды. Әлі де жасап жатыр. Ең күрделі де жауапты есептелетін білім саласын басқаруы – әрине біліктілікті қажет ететін іс. Ой-шұқыры көп салаға басшылық ете жүріп қолынан қаламын тастамай, шығармашылығын да қатар ұстап отырды. Дүниеге келу, жаратылу Алла тағаланың ең үлкен сыйы деп білемін. Тіл бергеннің өзінде кейде ойымызды толық жеткізе алмай кібіртіктеп жатамыз. Ақын-жазушыларға тәнтімін. Ішіңдегі шығара алмай жүрген дүниеңді бұл кісілер әдемі тілмен, әдеби ораммен оқырманға жеткізе де, зердесіне құя да біледі. Адамдар арасындағы қатынас, табиғатпен сырласу, әр азаматтың бітім-болмысы мен өмір түйткілдерін шұрайлы тілмен жеткізе білу – Алла дарын салған шығармашылық иелерінің қолынан ғана келетін шаруа деп ойлаймын. Дастан ағамыз секілді азаматпен замандас, дос болғаныма қуанамын. Жарыққа шығып отырған кітаптармен танысып шықтым. Бұл шығармалар қазақ руханиятына қосылған құнды дүние боларына титтей де шүбәм жоқ, – деді Әділ Үсенұлы.
Кеште көңіл түкпіріндегі риясыз тілегін білдірген ақын Достық Тілеубергенов те былайша сөз қозғайды.
– Жыр сүйер қауым, бүгін кереметтей жаңалықтың үстінде отырмыз. Кітап шығару да, өлең шығару да оңай емес. Өлеңге шабыт керек. Шын мәнінде айналаңда, қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен қозғалыстар ақынның өлеңіне арқау болып, қағазға түсіруге түрткі болады. Екі бірдей кітап басып шығару мына нарық заманында ерлік дер едім. Ақын үшін шығарған кітабы, әрбір өлеңі өз туған баласындай. Өлең де жайдан-жай шыға салмайды. Жалпы Дастекеңнің шығармаларымен жақын таныс­пын. Өзім де өлең жазатын болған соң, кітапты көп оқимын. Әсіресе жергілікті жердің шығармашыл өкілдеріне мән беремін. Автордың кітаптарында әр алуан тақырыптар қозғалады. Өмірдің түрлі құбылысы суреттелген. Сөз түйінінде айтарым, жаңа кітаптардың оқырманы көп болсын. Ақын бауырыма алдағы уақытта да табыс, жетістік биігін тілеймін, – деді Д.Тілеубергенов.
Ана тілі – ұлттың жаны, бойына жүгірген қаны. Күрмеуі байлауға келмейтін қайсыбір мәселені де тілмен түйіп, тілмен шешкен қазақ атамыз өз жолынан жаңылып көрмеген. Бұл ретте Дастан ақынға ізгі ниетін арқалай келген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева апамыз да ақынның еңбегіне жоғары бағасын беріп, тілегін жеткізді.
– Ақындарды, батырларды тудырған өлкеде тағылымды кештің куәсі болып отырмыз. Бұл басқосу рухани жағынан да, кейінгі ұрпаққа берері мол тәрбиелік жағынан да қазыналы басқосу болып отыр. Білім саласында Дастан Мырзабекұлымен көп жылдар бірге қызмет атқардық. Бір білетініміз – адамның бойындағы дарын оты елге қызмет етуі керек. Бұл кісінің бойынан да осындай ұстаным мен қағиданы көрдім. Өзінің мемлекеттегі жүрген қызметімен қатар сол табиғат берген ақындық рухани қазынасын жас ұрпаққа дер кезінде бере білген азамат десем қате айтпағаным. Себебі туған топырақтан түлеген жақсыны құрметтеп, оны кейінге өнеге, үлгі ете алсаң, адамзат баласына одан асқан бақыт бар ма?! Ағарту саласында жүрген кезінде білім бөлімінің басшысы болды, мектепті басқарды. Қай қызметінде де таңғалып жүретінбіз, қалай осының бәріне үлгереді, уақыт табады деп. Замандасым балаларға тәрбие беру, бағыт-бағдар көрсету мәселесінде аудан тарихына үлкен із қалдырды десем қате айтқаным емес. Оның дәлелі пікір айту, балалардың ойын жеткізуі, өзіндік менін қалыптастыруда еңбегі зор болды. Қазақтың әрбір баласын өзінің баласындай көріп, ұстаздық парызын адал алып жүруі – екінің бірінің қолынан келетін жұмыс емес. Сөзімнің дәлелі, сондай тәрбиелеген шәкіртінің бірі, бүгінде республикаға танымал айтыскер ақын Сырым Әділбековтің ақындық әлеміне ақ батасын беріп, тұсауын кескені. Сырым ұлымызбен қатар көптеген дарынды балаларды қатарынан оздырып шығарды. Өнердегі балаларға жанашырлық танытып, қатты қадірлеуі – азаматтың азаматтық ұстанымынан туындаған сүйіспеншілік болса керек. Оқушылардан концерттік бағдарлама іріктеп, бір ауылдан екінші ауылға барып өнер көрсетулері де – ұстаздың үлкен жүрегінен шыққан парасаттылық деуге келер. Дарынды балалардың қай кезде де өнерін ұштап, ел алдына шығуына мүмкіндік жасады. Мектеп оқушыларынан құралған жас айтыскер ақындардың да талабына қолдау білдіріп, жанынан табылатын да осы ақын бауырымыз. Шынында, кім басшы болмай жатыр, кім қызмет етпей жатыр, ал соның қатарында осындай іргелі із қалдырып отыру – ұлтқа қызмет ету, ұрпаққа тәрбие беру деп ойлаймын. Осындай ұлтқа қызмет ету, ұрпақты тәрбиелеудегі Дастан Мырзабекұлының ұлағатты орны биіктей берсін. Өз басым жергілікті шығармашылық иелерінің туындыларын оқып, танысып отырамын. Сонда аңғарғаным – туған топырақтың адам баласының қалыптасуына, бойға күш-қуат беруінде орны айрықша. Ел азаматтарының бас қосып, өсіп келе жатқан буындарымызға өнегелі сөздер айтып, осындай есте қаларлық кездесу ұйымдастырып жатқаны тегіннен-тегін емес. Бұл ретте кітапхана ұжымына мың алғыс айтамыз. Кітап құтты болсын, әрі қарай да қалам ұштала берсін. Біз ақындарымыздан жаңа жырлар күте берейік, – деді Г.Төлегенқызы.
Ақын кітабының тұсаукесерінде аудандық "Қармақшы таңы" газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниевалар алғаусыз тілектерін ақтарса, Ақмарал Жарасова басқаратын №27 орта мектептің 7-сынып оқушылары ақын жырларын жатқа оқып, шығармашыл ортаның шырайын кіргізді. Сондай-ақ аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры, республикаға танымал айтыскер ақын Сырым Әділбеков домбырада өзінің жыр-шашуын орындап берді.
Кездесу соңында Дастан Мырзабекұлы өмірден көрген-түйгенімен ой бөлісіп, жиналған қауымға алғысын білдірді.

С.АҚКІСІ
26 сәуір 2022 ж. 728 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031