"Тоғыз келін бірге тұрды"
Өмірдің сан торабы. Онда үлгі етерлік те, үйренерлік те істер аз болмақ емес. Үш келіннің бірге тұрғанын сенсация етіп жүргенімізде тоғыз келіннің бір ата-ана маңына шоғырланғанын естігенімізде шынын айтқанда, сенер, сенбесімізді білмедік. Бірақ бұл – шындық. Әке ұстыны мен ана мейірімі үйлескен отбасы әрдайым ауылдастарының сый-құрметіне бөленіп келеді. Бұл өнегенің иесі – ұлттық тәрбиені өзек етіп, маңдай терімен өсіп-өнген ақайлық Өтепбергеновтер жанұясы.

Ана – мейірім мен шуақтан жаратылған жан. Оның айналасына төккен сәулесі жан-жағын жылылыққа орап, жайнатып жібереді. Жанұядағы бірлік пен берекенің де, қонақ күтудегі ілтипаттың да басты ұйытқысы мен ұйыстырушысы осы аналарымыз. Сол сықылды айтулы отбасының ынтымағы мен ауызбірлігінде Батыр ана Марал Муапыққызының даналығы мен сабырлы мінезі жатыр десек, артық емес. Ол Қазалы ауданының Абай ұжшарында 1941 жылы өмірге келген. Әкесі Муапық Жолтайұлы кезінде ұжшар өміріне абыроймен қызмет етсе, анасы жанұя тәрбиесімен айналысқан. Марал анамыз Ақайға көшіп келгеннен кейін осындағы ет комбинатында жұмыс істеп, зейнет демалысына шығады. Ол өзінің бауырларына да қамқор әпке, бағыт беруші жанашыр.
– Біз текті әулеттен шыққанбыз. Әкеміз Қарахан қожаның әулетінен тараған ұрпақ. Сол заманда асыл дінімізді насихаттаушының бірі болған. Ал нағашы жағымыз тоқсан түйе томарға жанбаған ер Сейітпенбет әулие. Әкеміз Ұлы Отан соғысына қатысып, жаралы болып оралған. Марал әпкемізді мақтаныш тұтамыз. Жездеміз де өте жақсы кісі болатын. Апамыз сол әулетке еңбегін әлі де сіңіріп келеді. Анасын (енесін) 100-ге жеткенше күтіп бақты. Отбасындағы 6 қыздың ең үлкені осы Марал апамыз. Қалғандары білім саласында қызмет етіп, қазір зейнет демалысында. Ағамыз Әбдіқадыр жоғары білімді маман болған. Өмірінің соңғы жылдары "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы қызметін атқарды. Әпкеміз өте зерек, біздерге ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетуден жалыққан адам емес, – дейді сіңлісі Пана Жолтаева.
"Өткен күнде белгі бар" демекші, жақсының жақсылығын неге атап айтпасқа?! Уақытында ауылға жұмыссапарымен Сейілбек Шаухаманов, Икрам Адырбеков, Биғали Қаюпов секілді мемлекет және қоғам қайраткерлері атбасын тірегенде Өтепбергеновтерді үлгі етеді екен. Сонда ағаларымыз "бір шаңырақтың астында тоғыз келінді бірге ұстап отыру қандай ғанибет" деп талай мәрте таңқалысып кеткен кездері жиі болыпты. 74 жасында дүниеден өткен Әділхан ағамыз саналы ғұмырында қолынан келгенше ауылдың мұң-мұқтажын, түйінді тіршілігін шешіп отыруға атсалысқан. Қарапайым, ақкөңіл болмысымен көпке жаққан.
– Мен бақытты анамын. Жолдасыммен жарты ғасырдан аса уақыт өмір сүріп, бір ренжіскен емеспіз. Ұл-қыздарымыз да осы өнегені алды. Келіндерім ибалы, кішіпейіл. Бір кездері тоғыз келінмен бірге тұрдық. Олар да бір-біріне құрметпен қарайды. Бүгінде Алланың берген он баласынан отыз немере, он бір шөбере сүйіп отырған әжемін. Қазір балаларым мені аялап қарауда. Жасым сексенге келді, шүкір деймін. Батамен көгерген халықпыз ғой, мен де перзенттеріме әркез ақ батамды беріп отырамын, – дейді Марал әжеміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ