» » » Тәуелсіздікке тәубе

Тәуелсіздікке тәубе


АЛЛАҒА ШҮКІР, БИЫЛ КЕҢ БАЙТАҚ ЕЛІМІЗДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫНА ОТЫЗ ЖЫЛ ТОЛҒАЛЫ ОТЫР. ИСЛАМ ДІНІ АЯСЫНДА БІРІККЕН АЛАШ ЖҰРТЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫН ҚҰРЫП, ӨЗІНДІК МӘДЕНИЕТІН, ӨНЕРІН, ДІНІН, ТІЛІН, САЛТ-ДӘСТҮРІН ҚАЛЫПТАСТЫРЫП, ДАМЫТТЫ. ТӘУЕЛСІЗДІГІН САҚТАУ, КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА АМАНАТ ЕТІП ҚАЛДЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖОҢҒАР ШАПҚЫНШЫЛАРЫНА, ҚАЛМАҚ БАСҚЫНШЫЛАРЫНА ҚАРСЫ ҒАСЫРЛАРҒА СОЗЫЛҒАН ҚОРҒАНЫС СОҒЫСТАРЫН ЖҮРГІЗГЕНІ ТАРИХТАН БЕЛГІЛІ. КЕЙІНІРЕК РЕСЕЙ ПАТШАЛЫҒЫНА ҚОСЫЛҒАННАН КЕЙІН ДЕ ТІЛІМІЗДІ, ДІНІМІЗДІ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ ҚОРҒАУ МАҚСАТЫНДА ТҮРЛІ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСТЕР БОЛЫП ӨТТІ. ПАТША ҮКІМЕТІ ҚҰЛАП, ОРНЫНА АТЕИСТІК ҰРАНМЕН КЕЛГЕН КЕҢЕС ӨКІМЕТІНЕН ІРГЕСІН БӨЛЕКТЕП ТҮБІ БІР, ДІНІ БІР ХАЛЫҚТАРДЫҢ БАСЫН ҚОСАТЫН ТҮРКІСТАН МЕМЛЕКЕТІН, ТІПТІ БОЛМАҒАНДА АЛАШОРДА ӨКІМЕТІН ҚҰРУҒА АМАЛ-ӘРЕКЕТ ЖАСАДЫ. МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ ҚАЙТКЕН КҮНДЕ ДЕ ҰРПАҒЫМЫЗ ӨЗІНІҢ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІНДЕ БЕЙБІТ ӨМІР СҮРСІН, ТІЛІН, ДІНІН САҚТАП, ӨНЕРІ МЕН МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТСЫН, КЕЛЕР ҰРПАҒЫНЫҢ ӨЗГЕГЕ ҚҰЛ БОЛМАУЫ ЖОЛЫНДА ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЖАСАҒАН ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕКТЕРІ.
Кеңес өкіметі тұсында тіліміздің қолданыс аясы тарылып, дініміз бен дәстүрлеріміз мансұқталды. Ұлттық дүниетанымымызға жат мәдениеттер салтанат құра бастады. Бұл құбылыстардың ұлтымызға, руханиятымызға кері әсері, улы зардабы болатынын білген ұлт зиялылары (ақын-жазушылар, ишан-ахундар, би-болыстар) ұлтымыздың рухын, санасын оятатын, намысын жанитын, өзіміздің бабадан келе жатқан мол мәдени мұрамыздан жеріп, өзгенің руханиятына, жат мәдениетке жұтылып кетпеу жолында өз басына төніп тұрған тікелей қауіпке қарамай, аянбай тер төкті. Осындай ұлтымызды сақтап қалу жолында қайсарлықпен жан аямай еңбек еткен қаншама бабаларымыз қуғын-сүргінге ұшырап, Сібірге айдалып, қаншама арыстарымызға туған жерінен топырақ бұйырмады. Қаншама көрнекті тұлғаларымыз тек ұлтына адал қызмет еткені үшін ғана атылды. Арттарында қалған еш жазықсыз отбасылары кінәлі деп танылып, айдауда ғұмыр кешті. Ұлттың руханиятын дамытып отыратын мешіт-медреселер атқораға айналып, оларға жетекшілік еткен дін қайраткерлері де қуғын-сүргіннен, атудан, айдаудан тыс қалмады. Құдайсыз жүйе үстемдік құрған елде тілін, дінін сақтап қалудың мүмкіндігі өте аз екенін сезген қаншама қандастарымыз шекара асып, туған топырағынан үдере көшуге мәжбүр болды.
Осындай руханиятымыз мейлінше құлазып, үзілер шақта Алланың қалауымен 1991 жылы құдайсыз қызыл империя құлап, бабаларымыз сан ғасыр бойы армандаған ел тәуелсіздігіне қол жеткіздік. Аллаға сансыз шүкір! Шекарамыз шегенделіп, көк байрағымыз көгімізде қалықтады. Мешіт-медреселеріміз қайта ашылып, бабадан қалған мол мұрамызбен қайта қауыша бастадық. Бүгінде әр ауылда мешіт бой көтеріп, жамағатты азан үнімен ізгілікке баулып, руханиятқа бағыт-бағдар беруде. Тәуелсіздігіміздің арқасында қаншама медреселер ашылып, «Нұр-Мүбәрак» секілді жоғары білімді діни мамандар да­йындайтын іргелі оқу ордасы дамудың даңғыл жолына түскен. Айта берсек тәуелсіздігіміздің игіліктері өте көп.
Бізбен қатар тәуелсіздік түндігін түрген көптеген мемлекеттердің бірқатары осындай бір ұлы нығметтің қадіріне жетпей, түрлі қақтығыстарға жол беріп, тіпті арты қантөгіске ұласып, нәтижесінде жерінің бір бөлігінен айырылып қалып жатқандары да бар. Осы орайда түрлі дін, түрлі ұлт өкілдерінің мекен еткеніне қарамастан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері ешқандай ішкі, сыртқы қақтығыстарға жол бермей, даналықпен, сарабдал саясатымен Тәуелсіз Қазақстанымызды аяғынан тік тұрғызған Елбасына, оның салған сара жолымен ел болашағына адал қызмет етіп келе жатқан Мемлекет басшысына Алла өзі күш-қуат бергей!
Жоғарыда тәуелсіздігіміздің арқа­сында дініміздің дамып келе жатқанын тілге тиек еттік. Байыбына бармайтын әлдекімдер әлеуметтік желілердегі дін дамыса бәріміз араб болып кетеміз, бұлай бола берсе түбі тәуелсіздігімізге қауіп болады деп жалған ұран көтеріп, дін насихатшылары – имам-молдаларды «арабқұлдар» деп тілдейтіндер бой көрсетуде. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың тіліне, мәдениетіне құрметпен қарайтын дін. Тіпті әр ұлттың өзіндік салт-дәстүрін, өзге де баға жетпес құндылықтарын сақтауға, дәріптеуге, дамытуға шақырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан еш айырмашылығы жоқ» деген хадисі, дініміздің араб болуға, арабқа еліктеуге үндемейтініне айқын дәлел. Дініміз әлдекімдер айтып жүргендей ұлтынан жеріп араб болуға шақыратын дін болғанда он төрт ғасырдан бері өзіндік мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі қалыптасқан ауған, парсы, өзбек, тәжік, қазақ, татар, ұйғыр, түрік секілді ешқандай халық болмай түгелдей араб болып кеткен болар еді. Жоқ, әрине олай болуы мүмкін емес, ислам ұлтты жоюшы емес, дамытушы дін.
Және бір айта кететін жәйт, қаншама халықтар әлі де тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай арманда болып жүргеніне қарамастан, егемендігімізге шүкірлік етпей бұрынғы бодан болған Кеңес өкіметі жақсы еді деп көксеп, құлдық санадан арыла алмай жүргендер де баршылық. Неге ол заманды аңсайтынын: азық-түлік тапшы, апельсинді жылына бір көрсеңіз, егемендік алғаннан кейін бананның дәмін татқандар қауын сияқты екен деп жүргенін қалай жасырарсыз. Көлік деген әр ауылда бірен-саран болса, қазір әр үйде бір-бір машина десек артық айтқандық болмас. Бұрын үй саларда бірінші жыл іргетасын құйып, келесі жыл кесегін басса, одан кейінгі жыл көтеріп төбесін жауып, әупірімдеп бір-екі бөлмесіне кіргеніне шүкір дейтін. Қазір шүкір, көпшілігі бір жазда өзағаңдарға үй салдырып кіріп, қоныс той тойлап жатады. Айта берсе мысалдар жетерлік. Сонда ол заманның қай жеріне қызығып жүр. Жә, мұның барлығы материалдық жағдай ғой.
Ал руханият мәселесінде жоғал­тқанымыз ойға оралғанда ол заман­нан құтылғанымызға шүкірлік айту лайықты. Қаншама мешіт-медре­се­леріміз жабылып, тіліміз шұ­бар­ланып, дініміз мансұқталды. Айт пен мәуліт мерекелерін былай қойғанда, әз-Наурыздың өзі ұмыт бола жаздап Тәуелсіздік қарсаңында қайта қауышқан жоқпыз ба?! Кеңес заманын аңсау ұлт болашағы жолында бастарын бәйгеге тігіп, жандарын шейіт еткен, аштыққа ұшыраған, атылған, асылған, айдалған қаншама арыстарымыздың, ахун-ишандарымыздың, жырау-шай­ыр­­­ларымыздың, би-шешен­де­рі­­міз­­дің, имам-молдаларымыздың, ақын-жазу­шыларымыздың өзге ұлт зиялы­ларының алдында сатқын­дық һәм кешірілмес күнә. Әрі тәуелсіздігімізді баянды ету жолында кейінгі ұрпаққа кері насихат. Ендігі жерде өткенге салауат дей отырып, тарихта ұлтымыз үшін жазылмас жарасын салған зар заманды аңсай бермей, тәуелсіздігімізге тәубе деп, ахиретке ел егемендігін мәңгі ету жолында тілеулес болып, бірлесе қызмет етейік!

Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,
аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы
21 тамыз 2021 ж. 564 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031