» » » Күйші болғым келеді

Күйші болғым келеді


Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген. Күйге бұдан артық баға беру де қиын. Күй – атадан балаға жетіп, оны қадірлеп, көздің қарашығындай сақталуының  арқасында қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы –домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырады. Қазіргі күнде күй өнеріне көңіл қойып, ұлттық өнердің ұлықталуына үлес қосып жүргендер жетерлік. Бұл тұлғалардан дәріс алуға ұмтылып, ұлттық аспапты жетік меңгеруге құлшынған жастардың да қатары артуда. Сондай талапты жастың бірі – қасиетті қара домбыраға қаршадайынан құмартып, қос ішектің қоңыр үніне елітіп өскен Шыңғыс Алтайұлы.
Ол кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектептің 7 сынып оқушысы. «Домбыра» сыныбы бойынша аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің биылғы түлегі, үздік шәкірттерінің бірі. Рыскүл Табынбаевадан 5 жыл көлемінде тәлім алған ол осы уақыт аралығында біршама белесті бағындырып, түрлі додада топ жарған. Аудан, облыс, республика көлеміндегі сайыстардан бөлек, шет елдерде де бақ сынаған Шыңғыстың жүлдесіз келген кезі жоқтың қасы. Өзге елде қазақтың домбырасынан күй тиегінін ағытқан жас күйшіге таң қалғандар да жетерлік. Қос ішектен тараған түрлі дыбыстың жан-дүниеңді тебірентіп, түрлі күйге түсіретіні баршамызға аян.
­– Шыңғыс 7 жастан, яғни бірінші сыныптан бастап үйірмеге қатысты. Негізі әуез мектебіне балалар екінші сыныптан қабылданады. Шыңғыстың ынтасы мен өнерге деген талабының зор екенін байқап, жасы кіші болса мектепке қабылдадық. Сабаққа қалмай келіп, үй тапсырмасын мұқият орындайды. Өзі өте алғыр, домбыраны қатты жақсы көреді. Жаңа нәрсені үйренгісі келіп, сырттан естіген күйлерін «апай, мына күйді үйретіңізші» деп бағдарламадан бөлек күйлерді үйренуге құмар. Сайыстарға да тыңғылықты дайындалады. Жоғары деңгейлі сайыстарға барып, республиканың түкпір-түкпірінен, халықаралық байқауларда өзге елдерден келген өнерпаздармен бақ сынасып, жеңіске жету – мұндай жастағы бала үшін үшін оңай емес. Мен мұны қазақ өнеріне деген құрметі мен қанмен келген дарындылық дер едім. Талабы таудай шәкіртіммен мақтанамын, әлі де талай белесті бағындырып, мықты күйші атанарына сенемін, – дейді ұстазы Рыскүл Табынбаева.
Жеті жасынан қолына домбыра ұстаған дарынды жас күйшінің алға қойған мақсаты айқын. 9 сыныпты бітірген соң, Қазанғап атындағы музыкалық колледжге білім алуға ниетті. Күй өнеріне деген қызығушылығы басым Шыңғыстың өз айтары бар.
– Күй өнері қазақ халқында аса бағалы. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқы күй өнерін басқалардан артық көрген. Күйді көңілдің кілті деп танығанына қарап, жанына рақат сыйлар құдіретін танығанынан болар деймін. Күй тыңдасам көңіл-күйім көтеріліп, ерекше әсерде боламын. Біресе желдіртіп, біресе желпіндіре соғып, тұла бойды шымырлатып, алпыс екі тамырды идірген күй құдіретіне тамсанбау мүлдем мүмкін емес. Мені де күй әлеміне алып келген қос ішектің күмбірі. Болашақта кәсіби күйші болғым келеді. Менің бүгінгі жетістігім әрқашан қолдау білдіретін ата-анам мен өнерге баптаған Рыскүл апайдың еңбегінің арқасы. Оларға алғысым шексіз, – дейді жас күйші. 
Киелі күйдің арқасында омырауына «алтын медаль» тағып талай-талай «бас жүлде», «диплом», «мақтау қағаздарымен» марапатталған күйшінің жүлде қоры жақында тағы бір марапатпен толықты. Ол облыстық «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты балалар шығармашылығы байқауында күйшілік өнерді насихаттауда үздік өнер көрсеткені үшін І орын алып, жеңіс төрінен көрінді. Бұдан бұрын «Дарын» республикалық жас өнерпаздар байқауынан бас жүлде,  халықаралық өнер фестивалінде І дәрежелі дипломмен, ІІ халықаралық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты балалар мен жасөспірімдер байқауында бас жүлде, І дәрежелі лауреат, Болгарияда өткен өнер фестивалінде І орын иеленгенін айта кеткен жөн.
Шыңғыс туралы құр мадақ айту емес, оның орындауындағы күйлерді тыңдай білу қажет сияқты. Ол бар болғаны – 13 жаста. Оның дарыны шыңдалып, өресі кеңейіп талай-талай асуларды алары сөзсіз. Жас та болса, Шыңғыстың бойында өнер адамына тән қасиеттер қалыптаса бастаған. «Ұлық адам әрдайым кішік болады» дейді емес пе?  Қарапайым, әрі биязы мінезді, кішіпейіл күйшінің кемел болашақ иесі болары анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 тамыз 2021 ж. 1 433 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031