» » » Сүндет – мұсылманға міндет

Сүндет – мұсылманға міндет

Хирург дәрігердің алдында кезек күтіп тұрғандардың қарасы көп. Бір-бір ер баланы жетектеген ата-ананың бәрі қобалжулы. «Бірінші қуанышымыз. Дәрігердің қолы жеңіл болсын. Жыламаса болар еді» деп зыр жүгіріп жүрген келіншекке, «Құлыным-ау кішкентай, азамат болады ертең» деп көзінің жасын бір сығып алған апаға қарап толқып кеттім. Себебі сүндеттелер балалар қатарында біздің де атқамінеріміз жүр. Ерекше сезім. 10-15 ұлдың бала боп еркелеп, дәрігер бөлмесінен жылап шыққан біреуін көрмедім. Бәрекелді. Міне, нағыз азаматтар. Елдің ертеңгі қорғаушылары.
Қолайлы кезең болған соң ата-ана 4-5 жасқа толған баласын жаздың соңғы айларында сүндетке отырғызып, той жасайды. Иісі мұсылман баласы үшін бұл тойдың жөні бір бөлек. Сүндет – ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып және сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені ол үмбеті ретінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ісін қайталауға, яғни, сүннет амалын жасауға жатады. Сүндетке отырғызу тек мұсылмандық жол емес, оның ер адамның денсаулығына, ертеңгі күні ұрпағының өсіп-өнуіне маңызы зор екенін медицина дәлелдеген. Сүндетке отыру адамның тән мен жан тазалығы, тіпті болашақ отағасы, отанасы үшін де пайдалы өмір салты, қазіргі тілмен айшықтап айтқанда саламатты өмір салтының бір қыры екендігі айдан анық.
Дәрігерлердің айтуынша сүндеттел­мегендер­ге қарағанда сүндеттелген ерлер қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады. Жыныстық жұқпалы ауру туғызу қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары. Американың медициналық ассоцациясы сүндеттеудің несеп қуық жолдарында сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді. Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең әрі ұзын «сүндетжейде», «сүндеткөрпе» тігетін болған. Оны бала жара толығымен жазылғанша киген. Сүндеттелген бала синтетикалық талшық қосылған киім кимегені дұрыс. Балаға ата-әжесі, ата-анасы психологиялық жағынан «сен енді нағыз жігіт болдың» деген сияқты жігерлендіру сөздерін айтып та ауырсынуды сездірмеуге тырысады.
Ал үлкендер сүндет тойдың басқа тойлардан ертеректегі ерекшелігін былай деп айтады. Тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратын. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашқан. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті, кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.
Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан, алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған. Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуы­нан басталады. Бұл бұрынғыдан қалған ұғым. Қалай болғанда да, бала сүндет тойында үлкен сыйға, құрметке ие болған.
Десек те, бүгіндері сүндет тойды «ысырап» қылатындардың қатары қалыңдай бастағанымен, ұлан-асыр той жасап, даңқын асырғысы келетіндер де жоқ емес. Не десек де, бар жиғанын баласының жақсылық қуанышына арнаған ұлттың ұрпағы емеспіз бе?! Тек, өткізіп жатқан тойдың мәні мен маңызын өсіріп отырған ұл-қызыңыз ұғынып өссе екен дейміз.
«Тұңғышымызды сүндеттедік. Той – халықтың қазынасы. Жиған тергенің тойға шашылсын» деп тілеген ұлттың ұрпағы болғасын, сүндет той жасап, балалардың қуанышын тойлаған жөн-ау. Дегенмен қазір карантин уақыты. Сол себепті үлкендердің батасын алуды кейінге қалдырып отырмыз» дейді кент тұрғыны Ақмарал Айдарова.
Ауызекі тілде сүндеттеу дегеннің орнына «піштіру» деген тіркесті құлағымыз жиі шалып қалатыны бар. Осы жөнінде және сүндет той жасаудың әдебі жайлы «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажыдан сұрап білгенбіз.
– Сүндет Ибраһим алейхиссаламнан келе жатқан жол. Яғни, тазалық үшін ер баланың артық етін алып тастау. Ауа райы біркелкі болған соң Араб елдерінде бұл дәстүр ерте атқарылады. Ер баланы 4-5 жасынан 7 жасқа дейін сүндеттеген. 7 жасынан кешіктірмеген. «Піштіру» деп айту тым әбестік. Малдың өзіне тарттыру, кестіру деген тіркес қолданған. Гаремдерде педофильдерді еркектік қабілетінен айыру үшін, ұрпақсыз қалсын деп піштіретін болған. Қазір балаларды дәрігер сүндетке отырғызса, ертеректе мұндай дәстүрді молдалар атқаратын. Себебі ол замандарда дәрігер жоқ. Елдің зиялысы молда болды. Молданы дінді жабайы етіп көрсету мақсатында балаларды «ертең сені піштіреді» деп қорқыту үшін шолақбелсенділердің ойдан шығарған сөзі. Егер біз солай айтатын болсақ, баламызды ұрпақсыз қалдырамыз дегенді білдіреді. Ал сүндет той жасап, үлкендерден бата алғанның айыбы жоқ. Дегенмен "мұсылман болды" деп дастарқанға ащы су қойып, даңғаза әуенмен дүрліктіріп тойлап жатқандарды көріп жүрміз. Сүндет тойда Пайғамбар лағнеттеген сусынды ішетін болсақ, ол құптамаған амалдарды орындасақ бұл ісіміз надан адамның көрінісі болып қалмақ. Осыны ескерген абзал, – дейді Жақсыбек Әбиұлы.
Сүндет той – тойдың үлкені. Әлімсақтан мұсылман баласы сүндеттеудің пайдасын ескеріп, өнегелі ғұрып ретінде ұлттық дәстүр қатарына қосқан. Байқасақ, көптеген дерек сүндеттелудің адам өміріне пайдалы екенін көрсетіп отыр. Ол ұлттық таным, діни һәм медицина тұрғысынан да құпталады. Ендеше, дана бабалардан аманат болған тағылымды дәстүрді сақтап, ғұрпымыздан жаңылмайық.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

31 шілде 2021 ж. 1 209 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031