» » » Ұлт санасындағы зайырлы негіздер

Ұлт санасындағы зайырлы негіздер

Түркі халықтары әлемнің өркениетті елдері сияқты өзінің руханиятындағы зайырлы және діни негіздерді соңғы тарихи кезеңдерде жан-жақты зерделеу­ге тырысуда. Зерттеушілердің тарихи санаға жүгінуі және құбылыстардың құндылықтық қырларын айқындауы заңды құбылыс. Осы игілікті іске қазақтың көрнекті мәдениеттанушы маманы, ақыны, философы Әуезхан Қодар біршама қомақты үлес қосты. Өзінің философия ғылымдары бо­йынша кандидаттық диссертациясын қазақ халқының ойлау жүйесін, интеллектуалдық әлеуетін талдауға арнағаны белгілі. Ғалым өзінің көп қырлы шығармашылығында қазақ даласындағы, түркілік кезеңдегі ұлт болмысының рухани және тарихи негіздерін, философиялық астарын анықтауға тырысты. Зерттеуші алғашқылардың бірі болып «Далалық білім» деген терминді ғылыми айналымға енгізген ізденуші болатын. Осы ұғым төңірегінде өзінің кандидаттық диссертациясында баяндаған терең ойларын кейін ғалым жеке кітап ретінде жарыққа шығарды.
Ол өзінің көп жылдар бойы жинақтаған адамзат тарихы бойынша терең білімін ұлт руханиятын зерделеуге бұрғанын байқадық және Еуразиялық кеңістікке белгілі болған «Тамыр» журналдарында жарық көрген мақалалары негізінен гуманитарлық сала бойынша дайындығы бар зиялы қауымға арналды. Жалпы бірнеше ғылымның өзегінен, бас­тауларынан сусындаған замандасымыз кезінде гуманитарлық ғылымдардың негізгі міндеті мен парызы жастардың руханияттық әлеуетін күшейтіп, нақты дүниетанымын қалыптастыру екенін атап өткен еді. «Қанағат қағанаты» атты еңбегі қазақ тіліндегі жарық көрген терең ойлы тұжырымдарға толы еді. Зерттеуші өзінің ізденістерінде мұсылмандыққа дейінгі кезеңнің дүниетанымдық маңызына жете көңіл бөлінбейтіні зерттеушілердің назарын аударып отырды.
Қазақтың әлемді рухани игеруі, па­йымдауы, зерделеуі көп халық­тардағыдай аңыздардан, мифтерден, әфсаналардан бастау алады. Жалпы мифтер өзінің ерекше рухани сипатымен біздің діліміздің, менталитетіміздің, философиялық танымдарымыздың қайнар көзі. Неге біз Қорқыт ата туралы, Асан қайғы туралы аңыздарды барынша есте ұстауға тырысамыз, солардан тәлім аламыз және өмірді, әлемді түсінуге тырысамыз. Өйткені біз әлі жас ұлтпыз, қазіргі кезеңде есею жолындамыз. Адамзат эволюциясында мифтерден философиялық жүйелер туындайды, сосын философия әртүрлі жекелеген ғылымдарға жіктеліп кете береді. Философияны толықтай игеруге ұмтылған халықтар бірте-бірте ғылымның әртүрлі саласынан жаңалықтар ашуға, оларды өндірісте қолдануға бет бұрғаны байқалады. Оған адамзат тарихында немістер мен жапондарды, ағылшындар мен француздарды жатқызуға болады. Қазақ халқы үшін дамудың пәрменді кезеңі болашақта деген ойдамыз.
Әрине, қазіргі ғылым мен білімнің өркендеген кезеңнің өзінде мифтерімізден толықтай бас тартуға болмайды, өйткені ол халықтың этникалық мәдениетінің іргетасы, өзіндік рухани келбетін құрайтын дүниелер. Бірақ абсолюттік даму заңы бізге әлемдік трендтегі ұлы көштен қалмауға шақырады. Осы жерде бізге әмбебаптылық қажет екенін барынша сезе бастадық. Әсіресе, ақпараттар тасқыны заманында тілдерді меңгеру өмір талабы. Ал енді екі тілді бірдей жақсы меңгерген ғалым замандасымыз өз шығармашылығында көптеген рухани мұра қалдырып, Абайдың шығармашылығын да айналып өте алмады. Ғұлама ақынның «Қара сөздерін» орыс тіліне жаңаша сипатта аударуға талпынды және ақындық өнерінен үлгі алуға тырысты. Жалпы кез келген ұлттық мәдениеттер тек даладағы гүлдердің алуандығындай дүниені әртүрлі түске бөлеп, оның келбетін әсем ете түседі. Міне сол мәдениеттердің әрқилы көріністеріне қойылатын ортақ бірнеше іргелі талаптар да бар. Біріншіден, кез келген мәдениет туындысы руханилықтан сусындауы керек, демек адамдарға нұр беріп, рухани қуаттандыруы қажет, екіншіден олар шынайы шығармашылықтың, кәсібиліктің нәтижесі болуы тиіс, өнімдерді басқалардан көшірмелеу мен ұрлаудың нәтижесі болмауы керек, үшіншіден нағыз мәдениет туындысы әлеуметтік ортада жасампаздық идеясын таратуы тиіс. Осы талаптарға жауап бермеген кез келген туынды қоғамды, адамды алға жетелемейді, керісінше оны күйретеді, шаршатады, әлемді солғын күйге түсіреді.
Қазіргі кезеңдегі ұлттық философияның дамуы түрлі заманауи мәселелер барысындағы тарихи-философиялық және мәдени мұраның реконструкциялануы үдерісімен астасып жатады, бұл өз кезегінде Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің Орталық пен Периферияның мәдени, әлеуметтік, экономикалық және саяси шындығын пайымдауға философиялық үн қосады. Шығыстық және батыстық философиялық ойлау типінің үдерісі философтардың жаһандық әлемнің талаптарына сәйкес жауап беретін философиялық білім алуға деген жаңа мүмкіндіктерді ізденуге негізделген әлемдік философиялық үдерістің даму логикасына қатысты ұғымдарымен байланысты болып отыр. Ә.Қодардың шығармашылығында Шығыс пен Батыстың өзара сұқбаты үлкен орын алатынын атап өтуге болады. «Тамыр» журналының негізгі тұжырымдамасы осы мәдени сұқбаттық әдіснаманы ұстанумен айрықшаланды. Тіпті, Ә.Қодар әдетте теріс мағынада бағаланатын «маргиналдық» деген мәдениеттанулық ұғымның мазмұнына өзіне тән мәнерде ерекше сипаттама беруден ойшыл диалогтың ерекше қасиетін аңғарғанын байқаймыз. Кейде автор шығармашылығына зер салып қарасаңыз, онда автордың көбінесе өзінің ішкі әлемімен де сұқбаттасатынын байқайсыз және ол ерекше әсер қал­дырады.
Қазіргі әлем, сарапшылардың пікірінше енді қайта оралып кел­мейтін дәуірдің өтіп жатқандығын дәлелдейтін күрделі кезеңді бас­тан­ өткеруде. Әлем өзгеруде және ол қайтадан бұрынғыдай болмайды. Кейінге шегініс жоқ десе де болады. Адамзаттың алдында жаңа шындықты ұғынып, пайымдау міндеті тұр, соның ішінде философиялық дүниетанымды, мәдениетті қалыптастыру маңызды рөлді атқарады. Әлеуметтік кеңістіктегі күрделі мәселелерді тиімді ракурста шешу үшін реттеуші салаларға қомақты ғылыми ұстанымдар, онтологиялық, гносеологиялық және аксиологиялық әзірлемелер, шығыстық және батыстық дискурстардың теориялық базаларын нығайту қажет. Қазіргі таңда тарихи санамызды әрі қарай өркениеттендіріп, заманға сәйкес қалыптастыру мен дамыту үшін ұлттық философиялық рефлексия өте өзекті болып отыр. Өйткені философияның мазмұны әлем дамуының салдары мен келешегін анықтауға мүмкіндік ашып жаһандық көзқарасты беретін тұтастанған білім формасынан тұрады.
Қазіргі Қазақстанның тағдыры үшін әлемдік қауымдастықтағы постдағдарыстық кезеңде еліміз қандай орынға ие болады, постдағдарыстық әлемді құрып, пайымдауда мемлекеттің рөлі қандай, сонымен қатар біздің елдегі әлеуметтік және мәдени орта қалай өзгеретіндігіне байланысты бұл міндет анықталып, нақтыланатын болады деген сауалдар күн тәртібіне шығуда. Адамзат дамуында дағдарыстармен күрескен жаңа әлем мен жаңа дәуір біздің көз алдымызда пайда болып келеді, бірақ қалайда тарихи дәстүрдің мазмұны жоғалмайды. Қазіргі тарихи кезеңде халықтың рухани өмірінде қордаланған руханият белгілерін анықтау, Шығыс пен Батыстың өзара ықпалдасуы кезеңінде рухани құндылықтардың тарихы мен мәнін зерттеудан өткізу, руханият пен өркениетті ғылыми зерделеу, құндылықтар мен мәдениеттің ара қатынасын анықтау теориялық қана емес, сонымен қатар маңызды ғылыми-практикалық мәселеге айналып отыр. Оның шешімін табу, жас ұрпаққа нақты, ғылыми формада жеткізу өркениеттік дамудың кепілі болады және бұл ерекше батыл қадам саяси, әлеуметтік-мәдени, тіпті жаһандық, жалпыадамзаттық процестерімен тығыз байланысты өрбіп отыратыны анық. Осындай қадамдар жасауға талпынған біздің еліміздің жаңа тарихындағы зиялы азаматтардың бірі – Әуезхан Қодар болатын.
Шын мәнінде, қазіргі кезеңдегі жаһандық дағдарыстың негізі алдымен адамзаттың рухани бағдарлары мен мақсаттарындағы, құндылықтық бағдарларындағы дағдарыс. Адамзат соңғы үш мың жыл бойы біртіндеп рухани құндылықтарды материалдық пайдалылыққа қарай ауыстырып, олардың арақатынасын біршама бұр­малады, өз тарихын сыңаржақты баяндады. Бұл тұйықтан шығудың жолы әрбір халықтың рухани өміріндегі шынайы құндылықтар мен дәстүрлерге қайта оралу және рухани құндылықтардың өзіндік әмбебаптылық, тұтастық дәрежесін заманауи құндылықтармен байланыс­тыра отырып бұқара халыққа барынша объективті тұрғыда дәріптеу, насихаттау екені анық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі осы талаптарды жүзеге асырғаны абзал.
Кез келген халықтың ділдік қа­сиеттерін білдіретін ерекше өлшемдер болады. Мәселен, көптеген ғасырлар бойы қазақтың дәстүрлі ділінде ел үшін, жер үшін шайқастарда қаза табу – «өлімнің жақсы түрі» деп танылды. Өзінің өмірін халықтың мүддесіне, оның тәуелсіздігіне арнаған халық батырлары – Кенесары, Қабанбай, Бөгенбай, Бұқарбай, Наурызбай, Жанқожа, Өтеген, Аманкелді және басқа да көптеген қазақ хандары мен батырларының есімдері қазіргі кезеңге дейін халық жадында ерекше тұлғалар ретінде қалып отыр. «Нағыз ер жігіт туған жер үшін шайқаста ғана мерт болуы керек» деген қағида дәстүрлі қоғамда көптеген халықтардың рухани әлемінде орын алған. Себебі, халық дүниетанымы әдетте өзімшілдікті, қорқақтықты, жағымпаздықты емес, ол негізінен ұжымшылдықты, намысшылдықты, батырлықты барынша дәріптейді. Ал қоғамда қорқақтық, немесе сараңдық көрсеткен пенделер үнемі моральдік тұрғыдан қыспаққа алынып отырылған, әлеуметтік ортада антикейіпкер ретінде барынша мазаққа ұшыраған. Абай да ол туралы көп айтқаны белгілі.
Отбасы әлеуметтік институты рухани кеңістікте ежелден қалыптасып, өзінің басқа түркілік көрші халықтардан біршама айырмашылығы бар екенін танытты. Мәселен, жеті атадан жіктемелеу арқылы құдалық жасау дәстүрі көрші жатқан өзбек, ұйғыр халықтарда кездеспейді. Қазақ ділінің осы этникалық ұстанымды рухани сабақтастықпен сақтап келе жатқанын да білеміз. Қазақ отбасындағы ұл баланы негізінен «өз ұрпағын жалғастырушы, отау иесі» деп бағалап, қыз баланы «үйіндегі қонақ, жат жұрттық» деп есептеген және құрметтеп, төрге отырғызған. Тіршіліктегі атқарған қызметі мен әртүрлі іс-әрекеттерінің нәтижесі жерде қалмау керек деген түсініктер орныққан («Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді» деген түсінік кейінгі ғасырларда халықтың рухани өмірінде кең тарай бастайды).
Демек, өмір мен өлімді, қадір мен қасиетті, жақсылық пен мәңгілікті, жан мен тәнді бір-біріне сәйкестендіріп, ажырамас кейіпте қарастырушылық қазақтың ділінде берік орын алады. «Философиялық релятивизм» деп аталатын батыс ағымдарының элементтері қазақ ойшылдары шығармашылығында да көрініс тапқан еді. Ал енді тіршіліктегінің бәрі уақытша және бұл фәни – «Жалған дүние» деген түсініктің орын алуы дәстүрлі қоғамда қалыптасқан мұсылмандық дүниетанымдық қағидалармен астасып жатқандығын көрсетеді. «Бес күндік өмір» және «пышақтың сабындай қысқа ғұмыр» деген сипаттаулар ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ даласының ақын-жыраулары арасында жиі жырланған тақырыптар еді. Жалпы қазақтың дүниетанымындағы діни сананың сан қырлы ерекшеліктерін, ұлттық болмыс­ты тарихи-философиялық тұрғыдан талдаған маңызды шығармалардың қатарына академик Д.Кішібековтың этнос менталитетін талдаудан өткізген еңбектерін жатқызамыз.
Қоғамда жасылдар қоғамы құрылып, терроризмге қарсы қатынастар насихатталып жатқанда өмірде адамгершіліктің ұшқынының жоғалмағанын байқаймыз. Ал руханилықты ғана дәйектеген тарихи тәжірибені, өзіндік әлеуметтік деректі таза күйінде кездестіре қою тарихта сирек кездеседі. Ол мамандар арасында көбіне кейбір утопиялық идея ретінде қабылданады. Ал керісінше, әдеттегі тарихи тәжірибеде үлкен зұлматты жағдайларға көптеген мысалдарды келтіруге болады. Мәселен, тоталитарлық сипаттағы мемлекеттерде руханилық өзінің шынайы табиғи-тарихи қызметінің түрін өзгертіп, бұрмаланып, идеологиялық қыспақтың арқасында барынша үстірт прагматикалық сипатқа түрленген кейіпте көрініс береді.
Руханилықтың кез келген халық үшін мәдениетті ізгіліктендіру үшін маңызы мен мазмұны арта түседі. Гуманизм принциптері қоғамдық қатынастарда етек алған жағдайда ғана руханилықтың нәрі әлеуметтік ортаны нұрландыра түседі. Тарих субъектісінің руханилыққа деген ұмтылысы шын мәнінде қоғамның, өскелең ұрпақтың болашағын үйлесімді сипатта қалыптастыруға деген талпынысы болып табылады. Қоғамның руханилық жолын таңдауға бет бұруының өзі оның құндылықтар жүйесінің ізгіліктене, рухани кемелдене бастағанын білдіреді. Көбінесе шынайы зерттеуді әдетке айналдырған мамандар «өркениетті ел» деген ұғымды қолданғанда кейбір елдердің материалдық жетістіктерінен гөрі осы терең мағыналы рухани өлшемдерді алға тартады.
Дегенмен, қоғамның рухани саласының құрылымы, бағыт-бағдары теріс, алдаушы ұстанымдармен, құндылықтармен көмкерілсе, онда әлеуметтік кеңістікте қоғамдық ағымды әртүрлі жаңсақ жолдарға түсіріп жіберетіндей қасиеттер басымдық таныта бастайды. Жалпы құндылық ұғымы арқылы қандай да бір құбылыстың, нәрсенің, үдерістің мәнділігін, маңыздылығын, қалаулылығын, пайдалылығын және қымбаттығын жүйелі түрде сипаттаймыз. Ол объектінің белгілі бір бағалылығын, яғни объективті болмысты және сонымен бір мезетте оның әлдекім үшін оның құндылығын, яғни субъективті бағалауды білдіреді. Оның жіктелуі әртүрлі сипатта көрініс береді материалдық, рухани, саяси, мәдени, тарихи және тағы басқа  құндылықтар болып зерттеу саласына сәйкес сараптауларға түсіп жатады.
Тарихта өткен ғасырда орын алған Германия мен Кеңес Одағындағы тоталитаризмнің шығу тегі жоғарыда аталған тұлғаның еркіндігін барынша шектеуші негіздерге сүйенді. Ғылымда осындай қоғамдық процесті нағыз метатарихилық прогрестен «әлеуметтік ауытқушылық» немесе «әлеуметтік флуктация» деп атайды. Бірақ дегенмен тарихта тура жолмен ғана дамыған немесе ұлт руханилығы мен жалпы мәдениеті бір векторда ғана өрбіген ешқандай ел жоқ, барлық халықтар тарихтың соқпақты жолдарында адасулар мен жөнді жол табудың әрқилы қиылыстарын, асуларын басынан кешіргені белгілі. Жалпы алғанда руханилықтың негізі нағыз адами өзек бола тұрып оның өрбуі мен дамуының өзіндік тарихи күрделілігі мен маңыздылығы да осындай үрдістерден туындайды.
Философиялық ойлау жүйелері рухани өмірдің пәрменді дамуына үлкен ықпалын тигізеді және белгілі бір деңгейде ұлттық немесе этностық құрылымдардың қалыптасуы және дамуымен барынша астасып жатады. Қандай философиялық ой басымдық етсе, әлеуметте сондай руханият жүйесі қалыптасуы әбден мүмкін. Қоғамдық организм жетілу жолында болса, онда әрқашан өзін ұзақ уақыт бойы тұтқынында ұстаған кертартпа стереотиптер мен догмаларды бұзуға, халықтың рухани мұрасын, оның өткені мен бүгінін ұлттық санада қайта пайымдаудан өткізуге мүдделі. Себебі осындай рухани қадамдар жасау арқылы ғана өзінің ұлттық «Менін» асқақтата алады. Қазіргі заман қазақ халқының рухани өмірін, өзіндік философиясын, халықтық даналығын тереңірек зерттеп, осы күрделі де қызық тақырыпқа қатысты заманға лайықты ұстанымдарды із­дестірудің жолында. Осы игілікті іске Ә.Қодар мұрасы да өз үлесін қосады.
 «Ұлы Дала Елінің» өркениеттік абыройын арттыру үшін өмірдің өзі қазіргі таңда кәсіби мамандарға, зиялы қауымға үлкен міндеттер ұсынып отыр. Соның қатарына ұлттың тарихи санасының рухани негіздерін анықтау жатады. Осы мағынада өмірден ерте өтіп кеткен еліміздің зиялы азаматы Ә.Қодардың шығармашылығы кеңінен зерттеуге лайықты дүниелер, кейінгі жастарға насихатталуға тиісті кең көлемді рухани мұра деген ойды тұжырымдаймыз.
Серік ЕСЕНТАЙҰЛЫ,
 философия ғылымдарының
 докторы, профессор
20 шілде 2021 ж. 750 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031