» » » Алтын дауысты Алмас

Алтын дауысты Алмас




Қорқыттан күй қалды
ма тартылмаған,
Сүлейлерден сөз қалды
ма айтылмаған.
Қасиетті бабалардың жолын қуған,
Жырыңыз алмас қылыш
жарқылдаған.
Жыр десе, терме десе тартынбаған,
Көненің көзісіз ғой, сарқылмаған.
Ғасырлардың үні мен жыры болып,
Жасаңыз, Алмас аға – Алтын ағам!
Сыр сүлейлерінің жауһар жырларын тыңдап өсу бір басқа, оны көңілге құйып, сезімге түйіп, жүрекке жиып, туа бітті талантпен, күміс көмеймен, алтын дауыспен, киелі домбыраның сүйемелдеуімен тыңдарманды ұй­ыту бір басқа. Сонау жиырмасыншы ғасырдың жиырма бесінші жылы атақты әнші Әміре Қашаубаев Париждің төрінде, бүкіл дүниежүзілік сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Жалғыз арша» және тағы басқа әндерді орындап, дала жыршысының асқақ дауысын қалай танытса, арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде жырау Алмас Нұрмаханұлы Алматов та дәл сондай даңққа бөленді. Әміренің әйгілі дауысы Сорбонна университетінің профессоры Перноның фонографқа жазған таза қалпында өнер тарихында қалды.
Жырау Алмас Нұрмаханұлы да домбырадан төгілетін, жыр көмейден сезілетін дала дауысының саф алтын екенін тағы бір рет дәлелдеді. Ерекше өнер десе ішер асын жерге қоятын талғампаз еуропалықтар, Париж төрінде ән салған сирек кездесетін талантты Алмас жыраудың алтын дауысын өнердің алтын қорына, алтын дискіге жазып алды. Бұл ұлттық өнерді ерекше бағалаудың, жоғары мәртебелі құрметтеудің белгісі.
Өнерлі жанның берері көп. Алмас Нұрмаханұлы жыр жампоздарының, Сыр сүлейлері алтын қорының шежірешісі ғана емес, қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін зерт­теушілердің алдыңғы легінде тұр. Кезінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болғаны өз алдына, жыршылық-оқытушылық еңбегі үшін Ы.Алтынсарин атын­дағы құрметті төсбелгісімен, Қазақ­стан Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Парасат» орденімен марапатталған. Атақтары, істеген қызметтері өз алдына бір төбе. Қорқыт атындағы өнер зерттеу орталығының директоры, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Мә­дениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ Ұлттық кон­серваториясының құрметті профессоры.
Киелі Қорқыт баба өңірінде дүниеге келіп, атақты жыраулар Жиембай, Рүстембек, Көшеней, Бидас жыраулардың жыр-жауһарларымен сусындаған, композитор Мүлкаман Қалауов пен танымал фольклоршы Әуелбек Қоңыратбаевтан дәріс алған, құйттайынан құйма құлақ, шежірелі сөздің шешені, жыр жампозы атанған Алмас Нұрмаханұлының жүріп өткен жолдары, көріп өскен мектебі жас жыраулардың ғана емес, қазақ елінің бүгінгі барлық жастарына үлкен өнеге. Ол қазақтың дәстүрлі өнерін, жыршылық мектептің үлгілерін Мәскеу, Самарқан, Париж қалаларында, Франция, Италия, Швецария, Моңғолия, Түркия елдеріне халқымыздың асыл қазынасы ретінде таныстыра білді. Эпикалық жыр өнерінің, Сыр сүлейлерінің асыл тұяғының бірі Алмас жырау барда жыраулық дәстүрдің жалғасын таба берері сөзсіз. Асыл тұяққа сөз беріп көріңізші, Сыр бойындағы Асан Қайғы баба, Қорқыт атадан бастап күні бүгінге дейінгі түркі әлемінің, Шыңғыс ханнан тарайтын қазақ хандығының тарихын ауызша да, жазбаша да жыр толғамдарымен таңды таңға атырады, күнді терме-шежіремен батырады.
Тілшінің бір міндеті жақсы нәрсені газет-журналға жазу ғой. 1987-1988 жылдары Алмас Нұрмаханұлы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына қызметке келді. Көп ұзамай «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырып, оның меңгерушісі болды. Сол кафедраның қабырғасында жыршылар мектебін құрып, дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттай бастады. Атақты ақын Фариза Оңғарсынова басқаратын «Пионер» журналынан осы жақсы жаңалықты жазуға тапсырма алдым. Ол кезде өзім де жаспын. Бұрын сырттай білетінім болмаса, атақты жыраумен жүзбе-жүз кездесіп көрмеп едім, сондықтан біраз жүрексінгенім рас. Өзімнің туған ауылыма – Сарыбұлаққа жақын Қармақшы ауданына қарасты Қорқыт ауылында дүние келген жыршы-термеші Алмас ағаны ауылдастарым, әке-шешем, ағаларым, ағайын-тума бәрі жақсы танитын. Бала кезімізде ауылда той-томалақ. Құдажолы-астар жиі өтетін. Сондай кездегі қызықтың көкесі – ат шабыс, бәйгелер мен жыршы-термешілердің сайысы еді. Ауылдың үлкен-кішісінің, алыс-жақын ауданның, ауылдың дәстүрлі өнерсүйер қауымының басын қосатын сондай дүбірлі жарыстарда Алмас аға бастаған жыраулардың терме-жырларын тыңдайтын біздің бала армандарымыз алысқа шарлайтын. Міне, сол балалық арманның басты жыра­уын «Пионер» журналына жазу бақыты бұйырғанда, қалай жүрексінбейін. Сөйтсем, Алмас ағам мен қорқатындай, мені қорқытатындай «дию» емес, айтар сөзіңді, жазар дүниеңді шежірелі шешендігімен, керемет қоңыр үнімен, майда тілімен, әдіптелген әңгімесімен, ауылдың абыз қарттарын, данышпан даналарын көрген даналығымен жаңыңды баурап алатын жан екен. Амандасқан бойдан «бала кезімде есіктің босағасынан сығалап, жырыңызды тыңдап ем» деуім мұң екен, арқалы ағам, төгілді дейсің. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Жиембет жырау, жыршы-зерттеуші Тұрмағамбет... бәрі кетті. Төрдегі көне сандық ашылып, айтулы жыраулардың жыр жауһарлары шашылды.
Көп ұзамай «Пионер» журналына Алмас аға туралы сұқбат шықты. Атақты ағам оны оқыды ма, оқымады ма, білмеймін, бірақ өз басым, елден шыққан ерекше талант иесі туралы жазғаным үшін, ұлттық консерватория жанынан тұңғыш рет жыраулық мектептің ашылғаны үшін шын қуанып едім.
Арада қанша жыл өтсе де, Алмас жырау өзгерген жоқ. Өзгерген жоқ дегенде, еңбекқорлығын айтамын. Тарих, өнер, жыраулық мектеп туралы том-том кітап жазғандары өз алдына, өзінің профессорлық, зерттеушілік бағытындағы дүниелері өнердің тарихына жыл сайын қосылып жатыр.
Қазақ елімен, қазақтың жыраулық өнерімен бірге Алмас Нұрмаханұлы да өсіп келеді. Ол қазір еліміздің астанасында, Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі ән» кафедрасында профессорлық, оқытушылық қызметте.
Бірде Алмас ағаның астанаға қызметке келгенін есітіп, батасын алайын деп үйге шақырып, бас қостық. Қасында жерлесім әрі туыс болып келетін ініміз Тоқсан Досаманов болды. Алмас аға жыршылық өнердің тарихымен қоса Қармақшының Жаңақаласы, Қазалының Сарыбұлағында өткен үлкенді-кішілі ат бәйгелері туралы, ауылдың игі жақсылары, көнекөз қариялары туралы керемет әңгімелер айтты. Ауылды сағынып қалыппыз, таңның қалай атқанын байқамай да қалдық.
Қазақ халқының жыршылық, жыраулық дәстүрін жалғастырушы, фольклор зерттеушісі, ескі дәстүрлік өнерді жаңғыртушы Алмас Нұр­маханұлы туралы айтар әңгіме көп.
Әлі де бергенінен берері көп ағамыз жасай берсін. Сыр сүлейлерінің тұяғы тозбасын, жыраулық өнеріміз жалғаса берсін деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген алтын ағамыз – Алмас жыраудың алдында тек жақсы күндер болсын деп тілейік.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
әскери журналист,
Нұр-Сұлтан қаласы.
20 ақпан 2021 ж. 677 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031