Алаштың Алмас жырауы
Көмекбаев ауылдық кітапханашысы Г.Қыпшақбаеваның ұйымдастыруымен «Жауһар жыр» жобасы аясында жырау, фольклор зерттеуші, профессор, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» кітап беташары болып өтті. Мәдени шараға мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары қатысты. «Алаштың Алмас жырауы» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылып, жыраудың өмірі мен шығармашылығына байланысты слайд көрсетіліп тұрды. Кеш барысында кітапханашы Г.Қыпшақбаева Алмас Алматовтың өмірбаянын оқып, жыраудың «Шыңғыснама» кітабына шолу жасады. Оқушылар Сағладинова Айгерім, Нажмадинова Альбина, Сайлауова Сандуғаш, Қожамжаров Данияр, Бақбергенұлы Нұрислам тарихи эпопеялық туынды «Шыңғыснамадан» үзінділерді жатқа айтып берді.«Шыңғыснама» - тұтас бір дәуірдің, Шыңғыс хан заманының шежіресі. Көлемі жағынан да, көркемдігі жағынан да қазіргі заманда мұнымен терезе теңестіріп, өре салыстырар эпикалық ірі шығарма дүниеге келген жоқ. Моңғол елінің азаматтары Шыңғыс ханның кіндікқаны тамған жерге оған арнап тастан теңдесі жоқ алып ескерткіш орнатқан екен, қазақ жырауы Алмас Алматов, міне ол ескерткіштен де зор, ұрпақ жанына одан да гөрі етене жақын, күнде оқып, күнде сырласып отыруға мүмкіндік беретін рухани құнды алып ескерткіш жасапты. «Еңбегіне қарай – атақ. Ғасырдан ғасырға өтіп, ұрпақтан ұрпаққа рухани қызмет етіп осындай төрт томдық эпопеяны өмірге әкелген қазақ жырауын ХХІ ғасырдың Гомеріне теңесек, ол артық айтылған сөз болмаса керек.»-деп тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойшығара Салғараұлы А.Алматовқа баға берген. Алмас аға – рухани кеңістігі ешкімге ұқсамайтын, күрделі тұлға. Бұл кісінің жыраулығы, ақындығы, өзінің мектебі, ділмәрліғы, шешендігі, ұстаздығы барша қазақтың Алмасы екендігін айғақтайды.