Қармақшының Ақмаржаны
«Келетіндеріңді білсем қазан астырар едім. Түйе ме, жылқы ма, сиыр ма қай жануардың жілігін жейсіңдер? Осылай жиі атбасын бұрсаңдар етті, жаңалықтарыңды айтып. Жас емеспіз, көздің көруі нашарлап барады. Кезінде папамыз (жұбайын айтады) шығарған газетті оқи алмай, арманда боп отырмын» деп балаша қуанды барғанымызда. Әшекей тастармен көмкерілген қамзол, басына таққан жаулығы сондай жарасымды. Құдды қонаққа баратын қыздай құлпырып отыр. Салпыншақ сырғасы, сүйріктей саусақтарына киген сақинасы көздің жауын алады. Рас, әже деуге қимаймын. 90 жаста деп кім айтады? Келбетінде бір мін жоқ. Әдемі қартаю деген осы шығар, сірә. Бұл есімді қармақшылықтарға таныстырудың өзі артық. «Аллаға шүкір» дейді екі сөзінің бірінде Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, Ғасыр кәсіпкері Шынар Махмутова.

– Жақындарымыз үйленіп, 2-3-тен бала сүйіп, баспана алғанша біздің үйде тұрақтайтын. Қайбір жылдары бұл шаңырақта 32 жанға дейін тұрды. Көңіліміздің кеңдігі шығар, біреуіне қабақ шытпаппыз. Жайлы болған соң ба олар да өз үйлеріндей сезінетін. Барды өздері асып, түсіріп ішіп-жейтін. Әр адам өз несібесімен, ырзығымен келеді. Қонақ күтуді, ағайынмен сыйласуды, көпшіл болуды қиынсынбау керек. Қазанымыз ешқашан оттан түспеген. Жас болсын, бас болсын, елдің нары болсын, қарты болсын шай қайнаулы, дастарқан жаюлы бізде. Келіндерім де соған үйренген, – дейді үйінен кісі үзілмейтін апамыз.
Меншіктің түрі өзгеріп, халық нарыққа бейімделе бастаған кезде Шынар апамыз кәсіппен айналысуға бет бұрған. Өзі қыр-сырын білетін тамақтану бағытында «Ақмаржан» атты дәмхана ашты. Үлкен жолдың бойына орналасқан бұл жерге келушілердің көпшілігі жолаушылар еді. Сөзшең, қызмет көрсету мәдениетін жетік меңгерген көшбасшы кәсіпкер күні кешеге дейін қым-қуыт шаруадан бойын аулақ салмады. Саналы ғұмырын туған жерінің гүлденуіне, ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосуға арнаған жанға 2000 жылы «Ғасыр кәсіпкері», 2003 жылы «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Өз өмірін мәнді де мағыналы өткізіп келе жатқан анамыз бүгінде тоқсанға таяған. Жұбайы, белгілі журналист, ұзақ жыл аудандық газетте жұмыс істеген, өмірден ерте кеткен Сапабек Махмутов әкеміз екеуі тәрбиелеген жеті баласынан 70 немере мен шөбере сүйіп, айналып-толғанып отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді. Шолпаны – Байқоңыр қаласында, Мұқамбетқали мен Айымкүлі, Гүлфарасы – Алматы қаласында, ал Розасы Таразда тұрады.
Сырлы сұқбаттан соң қонақ бөлме төріндегі құнды мұралармен таныстыра бастады. 40-50 жыл бұрынғы журналдар, газет қиындылары, суреттер бәрі де сол қалпы сақталыпты. Құрмет грамоталарының санына жете алмайсың. Ортасында медальдары ілінген костюмы. Тұтас бір қабырғаны алып тұрған кілемшеде жеті баласынан тараған немере, шөберелердің есімі жазылған. Құдды музеймен пара-пар. Таныстырып тұрып, Сапабек әкеміздің суретіне ұзақ қарады. Ұзақ қарады да толқыды. «Сұлу жігіт еді ғой» деп көз жасын сығымдағанынан сыңарын сағынғанын сезіндік. «50 жыл отасқанда папамыз екеуміз (Сапабек Махмутовты айтады) бір бет жыртысып, бір-бірімізге қатты сөз айтып көрмедік. Үнемі мені күлдіріп, көңілдендіріп жүретін» деп еске алды.
Журналдардың бірінен Айзахан Бижанова деп қолтаңба қойған мына бір естелікті оқып қалдым.
«Шынар жеңгеміздің бесаспап аспаз екенін айтайық. Ол тамақтың жиырма жеті түрін дайындаушы еді ғой. Ренжіген кезін көрмеппіз. Үйіне түн ортасына барсаң да тамағын демде дайын қып, алдыңа әкеліп тұрғаны. Ағамыз марқұм: «үстіне көп тауар кетпесін деп, бір жарым метр бойы бар Шынарды таңдап алдым» деп жұртты күлдіріп отыратын» делінген.
Алланың берген қуаты шығар. Кешеге дейін халыққа қызметін көрсетіп келген апамыз бірер жылдың бедерінде жанын күтіп, денсаулығына қарап, балаларының жанында, құтты шаңырағында.
Біз әңгімелесіп жатқанда қазы-қартасын турап, құрт-майы мен қаймағын, балын, ыстық қою шайын дастарқанға әкеліп үлгерген немере келіні Бақыт: «Осындай тұлғаның келіні болғанымды мақтаныш етемін. Әжеміз ортамызда отырса өзімізді берік қорғанымыз бардай сезінеміз» дейді. Шайдан соң Шынар апа жимиып қана күліп, қолымызды қаттырақ қысты. Алақанымызды жайған бізге ақ батасын жаудырды. Тәуелсіздігіміздің таңы атқанына 30 жыл болыпты. Баянды болғай деп тілек айтты.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)