» » » Жеңісімді Сыр жұртшылығына арнаймын

Жеңісімді Сыр жұртшылығына арнаймын

«Қызылордалық жыраулар мен журналистер жарады!»
Иә, бұл Сыр елінің болымды да толымды жетістіктеріне қызыға қараған өзге аймақтағылардың пікірі. «Жарады» демегенде ше? Егемендік алған, ұлттық, мемлекеттік мереке саналатын Тәуелсіздік күні қарсаңында әр саланың озаттары өзіне сай марапат төрінен көрінеді. Бірер апта бұрын журналистерге берілетін «Үркер» ұлттық сыйлығын сыр өңірінен алғаш рет иеленген әріптесіміз, жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбаевтың жеңісімен қуансақ, іле-шала қызылордалық қос талант, белгілі тележурналист Рауан Мыңбаев пен кәсіби жыршы, термеші Күнсұлу Түрікпеннің «Дарын» мемлекеттік сыйлығын алғанын естідік.
Жақсы жаңалықты жарыса жазатын бізге замандастардың жетістігі ерекше шабыт сыйлап, рух көтерді. Ақжар ауылының тумасы, талай додада топ жарып, өзінің шын мықты екенін дәлелдеген күміс көмей Күнсұлу Түрікпенді жоғары жетістігімен құттықтап, қуанышында қасында болмасақ та, әсерлі үнін тыңдап, тілдесуге  асықтық. Ол қаршадайынан сахнаға шығып, ел алдында өзін еркін ұстауды меңгерген. Қазақ қыздарына тән нәзіктік те, намыс та бір бойынан табылады. Дүйім жұртқа дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген домбыралы дарынның сол бір сәтте телефонның арғы жағынан шыққан дауысы денемізді дірілдетіп, бойымызды шымырлатқанын қалай жасырайық.  
Күнсұлу Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде білім алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінен «Дәстүрлі жыр» мамандығын меңгерген. Қазақ Ұлттық өнер университетінде білім жетілдіріп, «Өнертану» ғылымдарының магистрі атанды.  Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының, халықаралық «Мен қазақпын»  мега жобасының «Терме» номинациясы бойынша гран-при иегері. Репертуарында 200-ге тарта қазақтың ақын-жырауларының жыр-термесі, «Көрұғлы», «Қарасай-Қази», «Орақ, Мамай» эпостық жыр-дастандары бар. Ұлыбритания, Түркия, Өзбекстан, Мәскеу, Әзірбайжан, Түркменстан елдерінде өнер көрсетіп, қазақтың жыршылық дәстүрін насихаттауға үлес қосқан бірден-бір өнер иесі. Облыстық филармонияның әртісі.
2005 жылы ең алғаш қатысқан «Бозторғай» балалар байқауында-ақ өзінің болашағы зорын байқатқан бойжеткен содан бері биік тұғырдан аласарған емес.  
– Жыр айтуға деген қызығушылығым он, он бір жасымнан басталды. Оған себеп болған да, алғашқы ұстазым болған да өзімнің ата-анам. Әкем менің бойымдағы жыр айтуға деген кішкентай ұшқынды байқаған болу керек, мені осы өнерге өзі баулыды. Мақам, жыр, дастан, домбыра деген не екенін алғаш үйреткен – әкем. Өзі де жас кезінде Бидас, Көшеней жырау секілді елге белгілі жыраулардың қасында жүріп, бір тыңдаған жырды жаттап алатын құймақұлақ кісі. Үйде әкем қолына домбырасын алып жыр-дастан айтса барлық бала маңайына жинала қалып тыңдайтынбыз. Соның әсері болса керек, бір үйдегі алты баланың барлығы бүгінде өнерден құр алақан емес. Кейін анам қолымнан жетектеп жүріп, түрлі үйірмелер мен ұстаздардың алдына алып барды. Солардың басы Алмас Алматов ағамыз. Одан бөлек, Бидас Рүстембеков, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов секілді ағаларым мен университет қабырғасында дәріс берген Шолпан Биімбетова апайым өмірлік ұстаздарым деп айта аламын, – дейді ол.
Дәстүрлі әннің төрт мектебінен бөлек, Сырдың жыраулық дәстүрінің өзі бірнеше мектептен құралады. Тыңдаушы үшін жалпылама «Сыр мақамдары» деп айтылғанымен, оның ішінде де бірнеше мектепке бөлінеді. Әр мектептің мақамында, орындалуында өзіндік ерекшеліктер бар. Күнсұлу – Жиенбай жыр мектебінің өкілі. Осы дәстүрді, осы мақамды жалғастырушылардың бірі.  Қазақылықтың қаймағын бұзбай, дана, дара аналардың жолын жалғастырып жүрген Күнсұлу бірінші өмірге әкеп, адам бол, адал бол деп тәрбиелеген анасын, ақ жаулықтылардың арасынан ең алғаш жыраулық статусқа ие болған Шамшат Төлепованы, қазақ руханияты жөнінде терең зерттеп, қыз, келін тәрбиесінің насихатшысы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы үлгі тұтады. Жыршыны сан қырлы десек те болады. Ол әнші әрі сазгер де. Кәсіби деңгейде болмаса да, ән жазатыны бар.
– Менің мемлекет тарапынан алған маңызы зор, салмақты сыйлығым – жырдың қарашаңырағы болған Сыр өңіріне, оның жыраулық дәстүріне берілген үлкен құрмет, жоғары баға деп түсінемін. Бұл сыйлықты алғандағы әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сан түрлі саладан үздік деген қаншама талапкер қатысты. Солардың арасынан Сыр еліне екі сыйлықтың бұйыруы – бағымыздың жанғаны.  Жеңісімді Сыр өңірі жұртшылығына, жыраулық дәстүріне, ұстаздарыма, ата-анама арнағым келеді. Осы сыйлыққа лайықты деп ұсынған облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасы, халық шығармашылығын дамыту орталығы басшылығына алғысымды білдіремін. Қазақстанның барлық өңірінен жыр үйірмесін, мектеп, өнер ордасын ашуды мақсат тұтамын. Қазір ерікті қатысушыларға онлайн оқыту курсымды бастадым. Бұрын терме, жыр айтпаған, танылмаған таланттар көп. Солардың арасында 1-2 аптада-ақ үйреніп, жырға деген махаббатын көрсетіп жатқаны қуантады. Осы шабытпен, осы қарқынмен жүйелі жұмысқа кірісемін,  – дейді ағынан жарыла.  
Сөз соңында Күнсұлу қызға мына бір өлең шумағынан артық теңеу таппадым.
Жыршы қыз ел сенімін өзің ақта,
Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.
Бәрін айт, бірін айтта лайықтысың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
30 қараша 2020 ж. 597 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031