» » » Қара тастың өзінен жыр тапқан ақын

Қара тастың өзінен жыр тапқан ақын

«Ғажайыптар бара жатса азайып, Барлық таудан бір-ақ мүсін қашайық» деп жұрт жазбаған жыр жазған, жұрт айтпаған ой айтқан, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орайластырып Қапшағай қаласында «Ақ Жайық» демалыс кешенінде Қадыр ақынның ескерткіш-бюстінің ашылу салтанатына қатысып қайттым.
«Оралда туғанның осалы жоқ» деп айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев айтқандай, тарихи тұлғаларды ұлықтаудың әрдайым үлгісін көрсетіп жүрген батыстықтар осы мәдени шараны ұйымдастыруда тағы да рухани жаңғыру үлгісін танытып, кемелдік пен жасампаздықты паш етті.
Осы шараны ұйымдастырушылар Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қордың қамқоршылық кеңес төрағасы, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов пен қордың директоры Қазақстанға еңбегін сіңірген мәдениет қайраткері Донеділ Қажымовтар. Ақынның айнымас досы, қайсар жазушы Ғаббас Қабышев пен ақынның жары Салтанат қатысушылардың дүркірете қол соққан қошеметімен ескерткіштің ашылу рәсімін жасады. «Ақын жанын осылай, ақын болып түсінші. Ескерткішті осылай, жасар түбі мүсінші» деп Қадекеңнің өзі айтқандай Тимур Ермұхаметов Қадыр Мырза Әлидің мүсінін жасауда ақынның ойшыл данышпандық дидарын, жайдары жүзін тап басқандығына тәнті болдық. Ризалық, қуаныш сезімдер ескерткішке қойылған құшақ-құшақ гүлдер шашуымен көмкеріліп жатты. Ескерткіште Қадырдың 40 пен 50 жас аралығындағы көпшілік алдына шығып кітап оқып тұрған сәті бейнеленген. Ескерткіш жамылғысы түсірілген сәтте тұғырда қашап жазылған Қадекең өлеңінің бір жолы – «Ең алдымен Ел қамы..» тіркесі көзіңе оттай басылып, «Содан кейін қалғаны» деген өлеңнің екінші жол тіркесі еріксіз есіңе түседі.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет "Қазақстанның шығысындағы Қапшағай көліне батыстың Ақ Жайығы құйып жатқандай әсерде болып тұрмыз, «Ойлай да білген адамға, тойлай да білген лайық» деп Қадағаң айтқандай, осы кешенге демалуға келушілер ескерткішті көру арқылы Қадыр ақынның рухына тағзым етіп, оның парасатты поэзиясынан нәр алады деген ойдамын" деді.
«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, жазушы Қали Сәрсенбайдың соңғы бес жылда жарияланып келген Қадыр ақын жайлы естеліктер мен оның алмастай афоризмдерінен тұратын «Қазақтың Қадыры» атты кітабының тұсаукесері болды. Шараға Суретшілер одағынан Амандос Ақанаев пен Қайырбай Зәкіров, профессор Ғарифолла Әнес, қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, ақын Айсұлу Қадырбаева, Батыс Қазақстан облысынан тағы басқа көптеген зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау лебізін білдірді. Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов, Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттап, есімін ұлықтау ісіне қосып жүрген елеулі еңбегі үшін бір топ азаматтармен бірге маған да ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хатын табыстады. Пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан еліміздің әр тарапынан келген ақынжазушылар мен қоғам қайраткерлеріне қарап халықтың Қадыр ақынға деген құрметінің шексіз екеніне көзіміз жетті.
Ескерткіш-бюсті жасату, орнату, шараның барлық қаражатын көтеріп бұған дейін де Қадырға қатысты көптеген шаралардың демеушісі болып жүрген, қоғамдық қордың құрылтайшысы, мейірбан азамат Құндыз Шамақұлы. Осындай материалдық мүмкіндікпен сырт елдерден хан сарайындай ғимараттар сатып алып, ұшақтар мен яхталар иеленуге болатын қаржыны мәдени шараларға, тарихи тұлғаларды ұлықтауға жұмсап жүрген рухани биік болмысына ризалық білдіріп, алғыстарын айтып жатты.
Қадыр ақынның 350 өлеңін жатқа оқитын Орынбасар Береке және Қадыр оқулары байқауынан жүлде алған Орал қаласының оншақты оқушысын марапат есебінде Алматыға ұшақпен алдыртып, қаланы аралатып, Қапшағай көлінің жағасында демалып көңіл көтерулеріне мүмкіндік жасалған. Аталған шарада жүлдегерлердің және Оралдан келген дәстүрлі ән орындаушылардың, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі күйшілерінің өнерін тамашаладық, Қадыр жырларымен қайта қауыштық. Марқұм болған жазушы ағаларымыз Сағи Жиенбаевтың, Тәкен Әлімқұловтың, Райымбек Сейтметовтің үйіндегі апайлармен кездесіп дидарласу мүмкіндігіне ие болдық.
Қадыр Мырза Әли шығармашылығына қатысты шаралардың ешбірінен қалыс қалмау ниетімді білетін рухани інім Донеділ Алматыға ұшақпен бару-қайту мүмкіндігін жасады. Осының арқасында Қадыр шығармаларына бойлай түстік, рухани азық алдық. Айтылған естеліктер барысында «Әдемі әзіл бір кездері мен айтқан, әлі талай ду күлдірер халқымды. Амал қанша, татар дәмім таусылды, қабірстан құшағымен қаусырды.. Жоқ! Өлмеймін! Елім талай естиді. Лентаға жазып алған даусымды!» деген ақын болжамының растығына, Қадырдың өлген күні жоқ, туған күні ғана бар екенін сезіндік. Қадыр шығармашылығы таусылмайтын кен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап Қадыр дәуірі деген екі буын алмасқан дәуір өтті. Алпыс жыл бойы Қадыр Мырза Әли қуатты жырларымен шын мәнінде ұлт тәрбиешісі бола білді және оның ойлы, тегеурінді жырлары әлі талай ғасыр ұлтқа қызмет ететініне, асыл мұрасының өлмейтініне сеніміміз беки түсті. Әбіш Кекілбаевтың «Қадыр сияқты қадау талантқа айтылар бағамның салмағын ешбір сөзбен жеткізу мүмкін емес» дегеніндей, Қадыр талантына тамсану мен таңырқауымды осы жерден доғара тұрғаным жөн сияқты.
«Ақ Жайық» демалыс кешеніндегі шағын кітапханаға өзімнің «Айтарым бар» деп аталатын кітабымды және 2012 жылы Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап қітапханада өзім жүргізген Қадырды еске алу кешінің бейне жазбасы түсірілген флешканы табыс еттім. Қазақтың Қадыры атанған ақынның рухы шат болғай!
Сәпен АҢСАТ,
«Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының Қызылорда облысындағы сенімді өкілі
03 қараша 2020 ж. 622 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 068

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031