Тайқазанның 300 келіге жуықтайтын көшірмесі жасалды
Тайқазанның Түркістан қаласына қайта әкелген күніне орай «Береке, бірліктің символы – Тайқазан» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Кесенеге келушілерді көрме жәдігерлері арасындағы ағаштан жасалған алып Тайқазан ерекше қызықтырды. Тайқазан көшірмесінің авторлары – Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының ұстаздары Қыдырғали Агибаев, Пердехан Тансихов және Болат Серікбеков.
«Тайқазан жеті түрлі металдан жасалғаны белгілі. Біз де соған негіздеп жеті түрлі ағашты қолдандық. Яғни, өз елімізбен қатар, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды жеті елдің сапалы ағаштарынан жасалған. Негізгі нұсқасына лажы барынша келтіруге тырыстық. Көшірмені жасап шығуға бір жарым жылдай уақыт жұмсалды. Салмағы 300 келіге жуықтайды. Түпнұсқа Тайқазанның ою-өрнектері мен өзге де элементтерін дәл түсіріп, жазуларынан қателік жібермеу үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгіндік. Тайқазанды жасауға Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының үш ұстазы оқушыларға ағаш жону, кесу, желімдеу сынды жұмыстарды үйрете отырып жасадық. Шәкірттеріміз үшін бұл жұмыс ең ерекше тәжірибе болды деп ойлаймыз»,- деді ағаш шебері Қыдырғали Агибаев.