» » » Сурет салу – сүйікті ісім

Сурет салу – сүйікті ісім

Күз келді. Күзбен ілесе жаңа оқу жылы да келді. Ақайдың көшелерін бұрын ақ көйлек киген оқушылар сәнін кіргізіп, одан қалды қоғамдық көліктерге кірсек іші лық тола оқушылар болушы еді. Індеттің артынан ерген күшейген тәртіп біраз үйреншікті өмірді өзгертіп жіберген. Қыркүйек айында жылда оқушылар мектеп алдына қоңырау сайын шығып, бір-бірімен сағынысып, жазғы каникулдағы қызықтарын айтатын. Биыл басқаша. Мектеп алдында оқушылар аз. Дегенмен, біз де аялдамастан Ақай ауылындағы білім ордаларының бірі – №279 мектептің ішкі тынысымен танысуға табалдырығын аттадық. Әдеттегідей мақсат айқын. Болатын баланың қолын қақпай, белін буып, одан қала берді білімге деген ынтасын арттыруға үлес қосып, баланың еңбегін жариялау. Біз іздеген дарынды балалармен жұмысты жүргізетін, әрине, ол мектеп директорының ғылымиәдістемелік орынбасары – Шамшырақ Баймағамбетова. Ол 32 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар, жоғарғы санатты педагог-зерттеуші. 2014 жылы Қызылорда облысы әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындалған 1 миллион теңге сыйақының иегері. №279 мектепте 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Кәсіби мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, бойында сәл ғана болсын өнер ұшқыны бар баланы одан әрі жетілдіру, қызығушылығына қарай бағыт-бағдар беру, тәрбиелеу, өнер додасы, пәндік олимпиадаларға қатыстыру.
– Ғылыми-әдістемелік жұмыстар екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсы. Екінші бағыт – республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жоба мен шығармашылық жұмыстар. Міне, жаңа атап өткен бірінші бағыт бойынша біздер жыл сайынғы дәстүрлі «Зерде» конкурсына қатысамыз. Оқу жылы басталысымен-ақ мектепішілік дарынды балалар додасы ұйымдастырылады. Мектептен шыққан үздіктер ауданға, ауданнан – облысқа, облыстан – республикаға жолдама алып, әртүрлі жанрдағы өнердің майын ішкен мықтылармен сынға түседі. Екінші бағыттан да құр қалмаймыз. Пән мұғалімдерімен бірлесе отырып, оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындаймыз. Оқушыларымыз ғылыми жобаларын қорғайды. Шығармашылық жол да қалыс қалған емес. Ән, би, сурет салу өнері бойынша байқауларға қатысуына ықпал жасалады, – дейді Ш.Өтегенқызы.
Ғылыми-әдістемелік жұмыстың жұмыс жоспарымен, оқушылардың қолынан шыққан тың дүниелермен танысуды мақсат қылдық. Сонда эстетикалық талапқа сай салынған суреттердің иесі кім болды екен деген сауал келді көкейімізге. Әбілхан Қастеев атамыздың тура ізбасары десек болады. «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деген екен қазақтың әйгілі суретшісі Ә.Қастеев. Жалпы, сурет салу өнері – асқан әсемдікті, талғампаздықты, ізденіс пен еңбекті талап етеді. «Бейнелеу өнерін таңдаған адамдар көп жағдайда өте сезімтал, ішкі жан-дүниесін сурет салумен ұштастыратын, ойын сөзбен емес, қаламның ұшымен жеткізгенді мақұл көреді» деседі әлемдік ғалымдар. Суретші атамыз да кішкентайынан сурет салуға құмар болып, айналасындағы әсемдікті қағазға түсіруге әуес болған. Міне, біздің кейіпкер де адамдардың келбетін салуды кішкентайынан әдетке айналдырып, өсе келе хобби, ал қазір үлкен өмірге осы шығармашылығымен бірге өсу үшін өзін дамытуда. Қалай деймісіз? Ол түрлі байқауға қатысып, сурет салып жаттығады.
Суретші қыз – Гүлниса Орақова ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Байқоңыр қаласындағы №277 мектепте «Бейнелеу және сызу» пәнінің мұғалімі Мейрам Орақұлы. Анасы – Ақай ауылындағы №279 мектепте «Информатика» пәнінің мұғалімі Құралай Әбдікерова.
– Бұл сурет салу өнері – алға қойған мақсатым. Мен болашақта осы бойымдағы талантым мен қызығушылығымның арқасында үлкен армандарыма жеткім келеді. Тек сурет салып қана қоймай, интерьердизайнер, сән үлгісін жасап киім үлгілеріне стильді жоба жасасам. Болашақтағы арманым – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетіне оқуға түсіп, дизайнер мамандығын алып шығу. Мақсатым – танымал болу емес, жай ғана өнерім жарық көрсе. Менің қолымнан барлығы келеді. Болашағым, өнерім үшін барлығына дайынмын, – дейді 14 жастағы бармақтай қыз.
Суретші аруға қолдау көрсетіп, өнерін құрметтейтін анасы екені Шамшырақ апайдың сөзінен байқалады. Көп ұзамай анасын да сұқбатқа шақырып, қызының өнері туралы сұрадық.
– Қызым балабақша жасынан сурет салуға құштар. Әкесінен дарыған қабілеті болар. Жауапкершілігі мол. Осы шығармашылық жолды жақсы көреді. Бірталай байқауға қатысты. Осы жылдың мамыр айында «ALASH STAR» атты ІІ Халықаралық өнер байқауында «Бейнелеу» номинациясы бойынша талантын паш етіп, бас жүлдені жеңіп алды. Гүлниса еліміздегі ең ауқымды «Елбасы медалі» жобасына қатысып жатыр. Қатысушылар «Алтын», «Күміс», «Қола» деңгейлерінің бірін таңдап, қарым-қабілетін жеті бағыт бойынша жетілдіреді. Олар спорт, дағды мен дарын, кітап оқу, ұлттық мұра, туристік саяхаттар және еңбек тәжірибесі. Әр кезеңнен өткен сайын қатысушы мықтылығын, дарынын жетілдіреді. Ал жобаның финалына шыққандар алдағы жеңістерінің бастауы болатын «Елбасы медалімен» марапатталады. Міне біз осы сурет салу өнері қолымыздан келетінін дәлелдеп, «Қола» деңгейі бойынша қатысудамыз, – дейді анасы Құралай Әбдікерова.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2020 ж. 1 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031