» » » Ене мектебінен шыңдалған шәкірт

Ене мектебінен шыңдалған шәкірт

Қыз баланы оң босағадан ұзатқанда көлдей боп ақжарма тілек төгіледі. Соның ішінде ең көп айтылатыны: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің». Осы сөздің астары тым тереңде жатыр. Ұясынан ұшып, құтты шаңырағына қонған қыз бала ене мектебінің шәкірті. Жақсы ұстаздан білім алған оқушы әлбетте бір биікті бағындырып, жетістікке жетеді. Бүгінгі кейіпкеріміз де сондай. Небәрі 19 жасында ауыл азаматы Дәуірбек ағамызға тұрмысқа шыққан ақжарлық Жанат Аяпбергенқызы он саусағынан өнер тамған шебер ана.
Ауылға арнайылап барып, Жанат апаймен жолықтық. «Таңдайы тақылдап тұрған қыз екен» деп үлкендер айтатындай кейіпкеріміз тез-тез, нығарлап сөйлейді екен. Жастайынан пысық, шаруаға мығым екені көрініп тұр. Жанына жайғасқаннан ол өзінің өткен өміріне шолу жасады. Аузынан шыққан әрбір сөзден енесі жайлы естелік кезіктіресің. Алдыңғы буын өкілдерінің қандай қиындық көрсе де мойымай, қандай шаруа болса да дөңгелетіп әкетіп, еш шаршамай, шалдықпай, адал еңбек еткені белгілі. Сондай ортадан шыққан жанды алдымен отбасы, содан кейін өмірдің өзі тәрбиеледі.
Киіз үй тігіп, оның жасау-жабдығын дайындайтын әже, апаларымыздың бұл күнде қатары сиреді. Ал кейінгі толқын арасында осы бір ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, қол үзбей жалғастырып, дәріптеп жүрген Жанаттың алтын қолынан шыққан талай дүниені ауыл тұрғындары тұтынып келеді. Киіз басу, ши тоқу деген кәсіптен қол үзбеген еңбекқор жанның ебі жоқ ісі болсайшы. Қарап отырып, «бәріне қалай үлгереді екен» деп таңданасың. Ауылдық клубтағы тұрақты жұмысымен қатар жас кәсіпкер келіншек Нұргүл Әбішованың цехында тігінші. Одан бөлек тапсырыспен ши тоқып, оюлы киіз басады. Той томалақ пен асқа палау дайындайтыны бар.
Ауылда ағайынды Өтеген мен Аяпберген Лекеровтер шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болса да бір-бірінен ажырамаған. Қос ағайынды азаматтың жары, абысынды-келіні Айсұлу мен Нәреннің сыйластығын, қанша жыл бір шаңырақ астында шай деспей ғұмыр кешкенін ауылдастар үлгі етіп отырады. Екі әке, екі анадан тәрбие алған Жанат барған жерінде тәрбиелі отбасының түлегі екенін таныта білді. Әкесі Аяпберген ауылға белгілі ұста болған. Тегіне тартқан ұл-қыздарының бәрі өнерлі. Алайда Жанатты мұндай шеберлікке баулыған енесі Маржан Қойбақова. Адалынан келген келінге ененің көзі тірісінде берген ақ батасы қабыл болған шығар, бүгінде жолы жарқын.
– Қыз күнімде ине ұстап, тігін тіккен емеспін. Марқұм анамды (енесі) ауыл тегіс біледі. Он саусағынан өнер тамған, жігерлі, от жалыны аузында тұрған жан еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Өлең жазатыны бар-тын. Өмірінің қызық қуанышын дәптерге шумақтап түсіріп отырады. 5 бала өсірді. Бәрін де ептілікке, өмірдің ағымына тез бейімделе білуге баулыды. Мен шаңыраққа кенже келін болып түстім. Ата-енемнің қолында тұрдым. 22 жыл тәрбиесін алдым. Анам ертемен тұрып сиыр сауады, құрт, айран мен ірімшігін дайындайды. Атамның өмірінің соңына дейін иығынан кетпені түспеді. Бір қарасаң атам екеуі бірге бақшаға кетіп бара жатады. Бірде үйдің тірлігі. Сондай ширақ, үлгерімді, Алла қуат берген батыл кісілер болатын. Өзімдей болсаң өкінбейсің деп жиі айтатын анам. Шілде-тамызда ши теруге шығамыз. Піскен шиді алдымен жинап, кептіреміз, кейін тазартамыз. Бір жылдары үздіксіз ши тоқып сатып, кәсіп қылдық. Абысыным (есімі Жансая, атын атамады) да шебер. Екеумізге қой қырқудан бастап жүн сабау, киіз басу, құрақ құрау, ши, шұлық тоқу, тігін тігу бәрін-бәрін үйретті. Анамыздың ортамыздан алыстағанына 4-5 жылдың бедері болды. Орны әлі күнге ойсырап тұр, – дейді ененің қатқыл қабағын жібіткен ибалы келін.
Жанаттың қазір 8 қанатты киіз үйі бар. Той мен аста, мерейлі мерекелерде көркі көз тартар, әсемдігі сөзбен әспеттеуге келмейтін қараша үйді жалға сұрайтындар жетіп жығылады. Жыл сайын сол киіз үйдің келбетін көріктендіруге құмар-ақ. 4 баланың анасы биыл қызын ұзатыпты. Оның жасау-жабдығының бәрі өз қолынан дайындамақ.
– Қазір қолөнер бұйымдарының бәрін бір өзім істеймін. Үйренуге талпынған жас қыз-келіншектерге үйретіп, жаныма епті жандарды жинағым келеді, – дейді ол.
Иә, қазақтың әр шаңырағында осындай атадан қалған ұлттық бұйымның бір бөлшегі, оны қастерлейтіндер көп болса екен.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
28 шілде 2020 ж. 1 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031