Оспан молда

БҰЛ ЖАҺАННАН КІМ ӨТПЕДІ ДЕСЕҢІЗШІ. ҚОЙНАУЫ СЫР БҮККЕН ДАЛА ТӨСІНДЕ ПАТША ДА, АЛЫП ТА, ӘУЛИЕ МЕН ҒАЛЫМ ДА ӨМІР СҮРДІ. АТА ТАРИХ, БАҺАДҮР БАБА, ШЕЖІРЕЛІ ЭПОС, ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕР – ҰРПАҚҚА ӘРДАЙЫМ ЖОЛ СІЛТЕЙТІН, ӨТКЕНІН ҚҰРМЕТТЕЙТІН ҚУАТТЫ КӨЗ. МҰНЫ БІЗ МИФ ДЕЙМІЗ. КЕЙДЕ КИЕ, ОДАН СОҢ ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ. МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫН ТҮГЕНДЕУ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ БОЛСА, ӨТКЕННІҢ ТІРШІЛІГІН ТӘЛІМ ЕТУ.

Киелі орындарды аралап, рухани байығанға не жетсін? Ал оны өзгеге насихаттау тіпті бөлек әңгіме. Алдымен жастарға, келер ұрпаққа шамшырақ болатын тұлғалар керек. Бір жағынан ол кең даланы тәу ететін киелі орынға, рухты мекенге айналдырады.

Таңмен алыса Иіркөлге жол тарттық. Әдеттегіше бір қолда қойын дәптер, екінші қолда фотоаппарат. Тас төбеден маңдайыңа шақырая түскен күн тесіп барады. Мұндайда «тендрден ұтып алған» Қызылорданың бұйра желі есе қоймайтыны бар. Әр талдың астында күннен жасырынып көлеңке іздеп жүруге уақыт жоқ. Бастысы Оспан молда жайында тың дерекке қанығу. Әне-міне дегенше былтыр ашылған Оспан молда мешітіне аяңдадық. Бабаға Құран бағыштаған соң, ауылдық клуб үйіне келдік. Мұнда бізді клуб қызметкерлері жадырай қарсы алды. Бар білгенін айтып, қажет адамдарға жол сілтеді. Сапар бойы жанымыздан бір елі қалмады. Бұл да бір туған жеріне деген ыстық ықыласты аңғартады емес пе? Қош. Аңыздар не дейді? Оспан молда кім болған? Бұл жайында ауыл қарты Нұртай Түктіғұловтың жинақтаған мәліметін қолға алдық. Одан соң Оспан молданың ғажайып оқиғасына куә болғандардан жан-жақты аңыздарды дәптерге түрттік.

Оспан Смайылбаласы – Сыр бойында 1894 жылы Қалдан батыр мен Төребай Пышанұлы билік құрған кезеңде дүниеге келген. Әкесі Смайыл ерте өмірден өтіп, інісі Омар екеуінің жастық шағы сол ауылда өтеді. Қалдан батыр мен ауыл жақсылары жас Оспанды Бұхарадағы «Көкілташ» медресесіне оқуға жібереді. Медресенің емшілік бөлімінде оқыған ол көз тиген, жын қаққан, шайтан айналдырған, балалары шетіней беретін жас аналарды ауруынан оқып, дем салған. Ішірткі жазып беріп, сәбилі болуына жол ашқан. Оның мұндай қасиетіне тәнті болған жұрттың қарасы қалың еді. Ауыл мен аудан ғана емес баба аты атырапқа тарап Қырымнан, басқа да алыс аймақтардан келіп емделгендер көп болған. Сабырлы мақаммен, әдемі әуезбен оқыған кәләм-шәріптің сырлы сүре аяттарын, тіпті күмістей аппақ сақал-қастары да үнсіз ұйып тыңдайтындай күй кешкен. Жаны тәтті жаннан бөлек ауырған малды да емдейтін қасиеті болған екен. Емге шипа, жанға дауа, анаға бала сыйлаған ол ауылдың өркендеуіне де мол үлес қосқан. Соғыс жылдарында тылда қасық қаны қалғанша еңбек еткен. Дін жолын таза ұстанған тақуа кісі болған. Сол себепті де Иіркөлде бой көтерген ауыл мешітінің атауы – «Оспан молда» мешіті болуында үлкен мән бар.

Байдың тұқымы, молданың әулеті халық жауы деп түрткілеулерге ұшыраған уақыт. Сол кезеңде Оспан молда Иіркөлге (сол кездегі Киров кол- хозы) келіп, 1971 жылы дүниеден озады. Құдай қосқан жары екеуінің бейіті ауылдың орталық қорымында бірге жерленген.

Әне-міне дегенше сағат тілі түскі 12-ні көрсетті. Ауылдың таза ауасымен дем алып, күре жолмен көлеңкелете Оспан молданың шаңырағына беттеп келеміз. Әр мүйіште жайлы орныққан ешкі-текелер. Шиқ-шиқ етіп көк аспанда ойнақтаған құстар. Шуақты, тыныш ауыл жанға жағып барады. Анадай жерден бір үйдің қарасы көрінді. «Міне, келдік» деген Айман апай:

– Төрлетіңдер! Оспан атаның шаңырағы осы. Мына кісі ұрпағы, – деді ол ентігін енді басып.

Үйден шыға келген Ибраһим Оспанұлы ә деместен молданың бөлмесіне апарды. Өзі тұтынған заттары, бәкісі мен көзілдірігін, кітабын тері сөмкеге сақтап қойыпты. Мұнда оның сүйеніп серік еткен ескі таяғы, қалың маталы шапаны да сақтаулы тұр. Сол кезеңдері Оспан молданың пайдаланған ем-шара кітаптары болған екен. Әр парағы тұнып тұрған анатомия деседі. Бір қызығы, Оспан молда теріс оқу қабілетімен ерекшеленген. Ал оны оқығанда дарияның ағысы теріс ағады екен. Иә, біз барғанда алдымен сол кітаптарды сұраған едік. Бірақ сол кезеңдері «Пайданы ойлайтын, арам пиғылды пенделер көбейіп келеді. Егер бұл кітап олардың қолына түссе барлығы өзгеріп, жақсы нәрсенің астан-кестеңі шығуы мүмкін. Сол үшін бұл кітап ешкімнің қолына тимеуі керек» деп Оспан атаның өзі айтып кеткен. Одан кейін кітаптың қайда екені белгісіз күйде. Осыншалықты жаман ниеттілерден қорғайтындай молда кітабының сыры неде деп таң қалған шығарсыз? Онда біз естіген, ауыл арасында аңыз боп тараған бірнеше оқиғаларды сөйлетіп көрелік.

Жайберген ақсақал, Мырзагелді Балабатыров, Ертай Қосбергенов сияқты көптеген жан перзент сүйген. Ауылдағы Әлима деген кісінің жеті баласы шетінеген соң осы кісіге емделіп, кейін төрт перзентті болған екен. Молданың көзін көрген Алпысбай ақсақалдың мына әңгімесіне құлақ түрелік.

Ақсақалдың Сәндібек деген 1964 жылы туған баласы қырқынан шықпаған кезі. Терезенің алдында алаңсыз ұйқыда жатқан сәбидің оянғанда аузы қисайып кеткен. Ол кезде Алпысбай Диханбаев трактор айдайды екен. Ешнәрсеге қарамастан Оспан молдаға жол тартады. Орта жолға жете бергені сол екен алдынан үш есекке мінген кісілер келе жатады. Молданы бірден танып, Қалған екеуі шешелері екенін аңғарады. Сонда шешелері Оспан молданың әлденені сезіп «Ойпырым-ай, мені іздеп біреу келе жатыр-ау» деп қайта-қайта айтқанын жеткізіпті. Содан не керек, молда баланы көріпті де бірден дем салады. Дем салған кезде бала орнынан бір көтеріліп тұрады. «Азанда тағы әкел» деп үйлеріне қайтарады. Азанда қайта келген Алпысбайды есіктің алдында күтіп тұрады. Бір бөлмеге кіргізіп тағы дем салады. Үшінші күні тағы дем салуға барса барлық есік жабық. Ешкім ашпайды. Үйді айналып жүргенде есік ашылып, Оспан молда шығады да ымдайды.

– Маған Жаңақаладан бір молда жас қыз жіберген екен. «Менің қолымнан келмеді» деген соң соған қараудамын. Халық үшін жаралған адам- мын ғой, сен баланы кемпірге таста, – дейді.

Арада бір апта өткен соң барса Дошаннан (жер аты) жаяу келе жатыр екен. «Қара тоқты алып кел» деп екі мезгіл оқиды. Одан соң балаға Алланың рақымы түсіп, құлан таза айығады.

Ауыл маңайында Ермекбай деген ақсақалдың тамы болыпты. Сонда барып жігеттер арақ ішіп, төбелеседі екен. Бір күні Оспан молдаға «Мыналарға бірдеңе жасашы» дегенде «Бұларды есекке айналдыру қолымнан келеді. Бірақ жасым келді. Қайта адам қыла алмай обал бола ма деймін» деген екен. Одан бөлек мына оқиғалар да ауыл арасында аңыз болып айтылып жүр. Болат Әбдірасілов бала кезінде қатты ауырып, ем қонбай ауруханадан шығарылыпты. Ата-анасы Оспан молдаға апарады. Молда дем салып, шамасы бір метрден асатын құстың қанатымен емдейді. Шексіз құдірет пе, кім білсін?! Денесі әр жерден тесіліп, жазылған екен. Ал құстың қанатын «Бала үлкен азамат болғанша сақтап, үйге іліп қойыңдар» депті. Сол құстың қанаты Болат әскерден оралғанша үйінде сақтаулы тұрыпты.

Ал ауыл тұрғыны Наушабек Ерманов бала күнінен бастап Оспан молданың үйінде көп жүрген. Жас кезінде тісі ауық-ауық ауырады. Сол кезде әжесі молдаға апарып, бас бармағын оқытып береді екен. Егер тісі ауырса оқытқан бармағын тістеп жатады. Сол кезде тісі бірден ауырғанын қояды. Ал Күлзира Ахметбекованың нәрестесі екі кештің арасында қатты ауырады. Үміт үзіліп оң жаққа бетін ақ орамалмен жауып отырғанда Оспан молда келіп дем салған екен. Сол кезде балаға жан бітіп, қайғы жұтқан туыстар мәре-сәре болып қуанған деседі.
ХХ ғасырдың басындағы қилы кезеңде Әліби Жангелдинмен бірге халық игілігі үшін қызмет жасаған Есенбек Құрманбаев өңіріміздің дамуында маңызды бастамалар көтеріп, аймақ экономикасының дамуына, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге теңдесі жоқ өлшеусіз үлес қосқан азамат болды. Ол 1951-1961 жылдар аралығында «Молотов» колхозын құрып, қоғам мүддесіне қызмет етті. Қармақшылық тұрғындардың арасынан Есенбек Құрманбаевтың есімін білмейтіндер кем де кем. Әсіресе, оның ауданда колхоз құрудағы жанкешті еңбегін көнекөз қариялар әлі күнге дейін аңыз етіп айтып отырады. Ал сол кезеңдері Оспан молдамен болған бір оқиға орын алған екен.

Бірде Оспан молданың үйіне бір топ қызметкерімен колхоз басшысы келеді. Оған шошқа бағып, осы шаруашылықты қолыңа ал деген ұсынысын айтады. Ислам дінінде харам деп саналатын шошқа малын молда құптамаса керек. Бірден бас тартады. Бірақ қайта-қайта түсіндіріп, жол көрсетеді. Ненің қалай болатынын, не істеу керегін тәптіштеп айтып жатқанда Оспан молда ішірткі жазып бүктеп отырады. Басшылар түсінбей дал. Молда ішірткіні бүктеп болған соң кеседегі суға салып, суды үрлейді. Үш рет «үф-ф» деген соң ауа-райы күрт өзгеріп, алай-дүлей дауыл соғады. Мұны байқаған басшылар қатты шошып кетті деседі. Бұл да ауыл тұрғындарының арасында жиі айтылатын аңыздардың бірі.

Иә, өткенге көз жүгіртіп, Оспан молданың қасиетті оқиғасына бір сүңгігендей болдық. Осы сәтте ойымызды әріптесіміз бөліп жіберді.

– Уақыт болды, елге оралайық. Молда пайдаланған дүниенің барлығын суретке түсіріп алдым, – деді ол.

Ұрпағына саулық тілеп, рақметімізді айтып сыртқа шықтық. Шақырайған күн сәулесі әлі басылмапты. Ойымыз сан сақта. Айналаға көз салып тыныстай бергеніміз сол еді ауылдық клуб үйінің қызметкері Айман апай қасымызға келді.

– Анау тұрған үйді көрдіңдер ме? – деді ол қарсы беттегі сол жақта тұрған үйге қолын сермей.

– Иә, көріп тұрмыз.

– Оспан молда бұрын осы үйде тұрған. Содан соң мында келді, – деді ол. – Енді сол көне үй мен көрші үйдің екі ортасын қараңдаршы?

– Мына жер көршінің ауласы ма? Жақында ғана өртенген сияқты ғой, – дедік біз жан-жақтан жамырай сөйлеп.

– Иә, осы үйде тұратын келіншекпен сөйлескенмін. Осымен үшінші рет өртеніп тұр екен. Неге екені де белгісіз. Тылсым деген осы ғой, иә? – деді ол бізге қарап.

Аңтарыла қалдық. Ойды ой қуалайды емес пе? Бастапқыда Оспан молданың қасиетті кітаптары үштүгейлі жоқ болғанын айтқан болатынбыз. Оны адам білмейтін, көрмейтін жерге көміп тастаған екен. Ал мына жердегі көршінің ауласы бұрын тола жантақ болған деседі. Ол жердің қайта-қайта өртене беруінде де мистикалық күштің әсері бар шығар, бәлки?! Мүмкін Оспан молда ем-шара кітаптарын жантақ астына, сол маңайға көмді ме екен, кім білсін...

Иә, Оспан молда өзі өмір сүрген заманының қарапайым тұлғасы, халқының шынайы жанашыры, қайраты қайтпас қамқоры ретінде тұғырынан таймай, өмірден озды. Оның қасиетті Қармақшы топырағында тарихынан мол мағлұмат беретін өнегелі өмірі, ұлағатты ғұмыры қалды. Ал біздегі мақсат – талай жанның дертіне шипа, бойына сәби берген Оспан молданың ел тарихындағы алатын орнын бағамдап, бүгінгі жас толқынға ғибрат ету.

Айнұр ӘЛИ

11 шілде 2020 ж. 1 399 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031