Өнер иелері онлайн концерт беруде Жаны мен қаны таза, тамыры бүтін, ой санасы сәулелі, ұлтқа қызмет етемін дегендер өз шама-шарқынша елімізде орын алған кеселмен күресіп жатыр. Ертең не болар екен? деген қамкөңіл ой маза бермеген қысылтаяңда аудандағы өнерпаз ұл-қыздар тұрғындардың көңілін көтеру үшін онлайн-тарту жасауда. Олардың басты мақсаты – жүз жыраудың Отаны, киелі Қармақшы өңірінің өзіне тән мақам-сазының құдіретімен құлазығандардың рухын көтеру. Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы, К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйіндегі үйірме жетекшілері төтенше жағдай орын алғаннан бері күн сайын өз өнерлерін Facebook парақшасында паш етуде. Өнер майталманы Бидас Рүстембеков, Арнұр Көшеней, Айгерім Ешбаева бастаған "Жыр керуені" атты онлайн жыр шашуына жас өнерпаздарымыз Тоғжан Бақытова, Сырым Әділбеков, Әділет Бимұратұлы, елді мекендердің өнерпаздары да белсенді үлес қосуда. Талапты жастардың ұлы өнерге қызығушылық танытып, ел арасында дәріптеп, насихаттауы қуантарлық, әрине.Берік Аққалиев, Берік Байділдаев, Руслан Диқанбаевтар бірлесіп ұлттық аспаптар құлағында ойнау арқылы онлайн концерт берді. Оны тамашалап, әсерлі де әдемі пікір қалдырушылар көптеп кездесті. Өнерлі отбасы Бағатовтар, Ақмарал Кішкентаева, Ғалымжан Шәкизада, Ақерке Бекеева, Мәди Маханбетов, Айжан Қыдырбек, Азамат Аққошқаров әлеуметтік желі арқылы өз репертуарындағы туындыларды жанды дауыста шырқап, заманауи нақышта ұсынылған халық әндерін құлақтың құрышын қандыра орындады. – Біз күн сайын әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығу арқылы ән орындап жүрміз. Осылайша, қазіргі төтенше жағдай кезінде үйінде отырған тұрғындардың көңілін аз да болсын бір сергіткіміз келді. Сабырлық танытып, қауіпсіздік шараларын қаперден шығармасақ, бұл қиындықты бәріміз бірге жеңеміз, – дейді аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ақмарал Кішкентаева. Дәл қазіргі уақытта аудандық мәдениет үйі «#BizBirgemiz», «#БізҮйдеміз» акциясы аясында "Қармақшы дауысы" атты аудандық онлайн ән байқауын өткізуде. Оған қатысушы талапкерлердің қатары қалың. «Биле достым...» атты аудандық онлайн би байқауы, «Өлеңсіз өмір өтпесін...» атты облыстық онлайн поэзия байқауына қатысушылардың өнерін осы мәдениет үйінің парақшасынан тамашалап, баға беруге болады. Хореограф Сәния Молдабаева күн сайын үйірме мүшелеріне онлайн сабақ өткізсе, Жазира Сәтбергенова шеберлік сағатын жүргізеді. Өнерпаздар Абай Құнанбаевтың шығармаларын орындаудан да кенде қалып жатқан жоқ. Биыл Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Шәмшат Төлепованың 90 жылдығына орай республикалық онлайн жыр фестивалі басталған. Оны белгілі жырау Әділхан Қуаңбаев арнау өлеңімен ашыпты. Онлайн фестивальді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова мен Елмұра Жаңабергенова қабылдап, жырау ана жайлы өз естеліктерін айтып, өнерін көрсетті. Осылайша бұл бастама жалғасын таппақ.Сонымен қатар әлеуметтік желіде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 13-19 сәуір аралығында онлайн форматта өткізілетін мәдени іс-шаралардың жоспарын жариялады. Яғни, олар да карантинде қарап жатқан жоқ. Күн сайын сахнаның сәні боп, көрерменнің қошеметінен қуат алатын мәдениет саласының мамандары осылайша үйде отырып-ақ тыңдармандарын қуантуда.Гүлжанат ДҮЗЕНОВА Жаңалықтар / Руханият 14 сәуір 2020 ж. 867 0