» » » Жеңіске жігерлендірген жыр

Жеңіске жігерлендірген жыр

Бекмахан Салқынбаев (1908-1978 ж.ж.) Сыр сүлейі Тұрымбет жыраудың жалғыз баласы еді. Ол 1928 жылы Шымкентке жақын маңдағы Қапланбек совхоз-техникумында агрономдық оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін, яғни, соғыстың алдында жас маман Шиелі ауданында агроном болып жұмыс істейді. 1942 жылдың тамызында Шиелі ауданы әскери коммисариатынан Ұлы Отан соғысы майданына шақыру алады. Перронда жорыққа аттанғалы тұрған жалғыз баласы Бекмаханға Тұрымбет жыраудың сонда домбыраның құлағын бұрап жіберіп, жігерлендіре айтқан жырлары төмендегідей екен:
Тапсырдым балам Бекмахан,
Жаратқан сені Құдайға.
Қалды деп артта ата-анам,
Қапаланып мұңайма.
Ер болсаң бекіт беліңді.
Бойыңды тіктеп, нығай да.
Басымызда емес бір біздің,
Жалпы елге бұл тізім, –
Бірдей тегіс қыр-ойға.
Бара жатқан бұл майдан,
Небір ығай-сығай да.
Қатармен бірге аттанған,
Қаншама қызық бұ қайта?!
Азамат болсаң ренжіп,
Қапаланба, жан балам.
Жауға аттанбақ сайланып,
Асынып қару байланып,
Емес пе ерге, сән балам?!
Жұртқа келген жұмысқа,
Болмайды қарап тұрысқа,
Болмалық міндет, тән балам.
Кеулімнің пісент шыңындай,
Көзімнің жарық нұрындай,
Сен едің жанған, шам балам.
Жауды жеңіп жайратып,
Дұшпанның сорын қайнатып,
Басына жаудыр, қан балам.
Беттескен жаудан қорынып,
Именіп көңілің торығып,
Қайтпасын пәтің, дән балам.
Екі талай жерлерде,
Басыңа қатер төнгенде, –
Жаратқан болсын, жар балам.
Тапсырдым Хаққа аманат,
Қауышқаймыз саламат, –
Оң болсын жолың, бар балам! – деп жырлаған Тұрымбет жыраудың жалынды жырлары жалғыз баласын емес, майданға аттанып бара жатқан өрімдей жастарды да толқытып жіберген еді.
Ерлік пен жеңіске жігерлендірген бұл жырдың әр жолынан нәр алған Бекмахан Салқынбаев алғашқыда Беларусь майданындағы қияң-кескі шайқастарға қатысып, минометшілер батальонында қызмет етеді. Осында жүріп, аты аңызға айналған «Катюша» орудиясының командирі атанады. Жауға қарсы шайқастарда сан рет жауынгерлік ерлігімен көзге түседі. Белорусия майданынан кейін Балтық жағалауын, әсіресе, Польша жерін жаудан азат ету шайқастарына қатысады. Сондай бір үлкен шайқастардың бірінде бірнеше жерден ауыр жара- қаттанып, госпитальде емделіп шығады. Майданға баруға қайта сұранады. Бірақ дәрігерлердің шешімі басқаша болып шығады.
Жырау әке аманаты мен мұраты орындалды. Жауынгер Бекмахан Салқынбаев ұрыс даласында ауыр жарақат алуына байланысты 1944 жылдың аяғына таман туған еліне оралады. Ол майдандағы көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» ІІ дәрежелі орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», т.б. мерекелік бірнеше медальдармен марапатталады.
Елге оралған соң Б.Салқынбаев Ақжар МТС-ында агроном болып, өз мамандығын одан әрі жалғастырады. Осында жүріп Бестам орта мектебінде мұғалім болып істейтейтін ауыл қызы Зағи Әлиасқарқызымен танысып, отбасы құрады. Ол да өзі сияқты майдангер, халық ақыны Әлімбай Әлиасқаровтың туған қарындасы болатын.
КПСС мүшесі Бекмахан Салқынбаев кезінде Шиелі, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында мамандығы бойынша жауапты қызметтер атқарады. Қатардағы агрономнан бас агроном, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, бөлім бастығы қызметтеріне дейін көтерілді.
1958 жылы Тереңөзек ауданынан Қармақшыдағы туған ауылы –Чапаев атындағы ұжымшарға (қазіргі Ақтөбе ауылы) көшіп келіп, ұзақ жыл осы шаруашылықтың бас агрономы болып жемісті еңбек етті. Зейнет жасына шығардың алдындағы жылдарда қатардағы агроном болды. Бірі – соғыс, бірі – тыл ардагері болған Бекмахан Салқынбаев пен Зағи Әлиасқарова өздері құрған шаңырақтан Жеңіс, Кеңіс, Тыныс, Ибрагим, Әнуар, Марат, Әнет, Бану, Бауыржан, Роза, Ғабит есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Жеңіс пен үшінші ұлы Тыныс 2003 жылы қайтыс болды. Қалғандары түрлі салада еңбек етеді. Алдынғы толқыны, яғни жасы үлкендері құрметті еңбек демалысына шыққан. Немере ұрпақтардың еңбек жолдары да табысқа толы.
Шаңырақтың асқар тауы, соғыс және еңбек ардагері Бекмахан Салқынбаев алғашқы үш-төрт немересін көріп, 1978 жылы дүниеден озды. Ал, Батыр ана, тыл және еңбек ардагері Зағи Әлиасқарова ұл-қыздарының бәрінен де немерелерін көріп, екі-үш шөбересінің қолынан су ішті. Ол кісі 86 жасында қайтыс болды. Жалпы Салқынбаевтар әулеті – Сыр өңірінде өсіп-өнген, қанатын кеңге жайған қасиетті шаңырақтың бірі. Бұл әулеттен тарайтын немере-шөберелердің ұзын саны қазір 100 деген киелі саннан асып та кетті.
Бекмахан Тұрымбетұлы кезінде әкесі сияқты кәтекі жырау болмаса да, домбыраны әдемі шертетін, өзінің қоңыр дауысымен Сыр сүлейлерінің және жырау әкесінің терме, толғауларын, кейде «Қорқыт» қиссасынан үзінді жырларды нақышына келтіре орындайтын еді. Ол кісі ауыл, аудан көлеміндегі жыршы-жыраулар сайыстарына қатысып, жүлде алған өнер иесі болатын. Өлең де жазатыны бар еді. Кезінде ол Сыр өңіріне аса белгілі өнерпаз жандар Күндебай, Рүстембек, Нұғыман жыраулармен сыйласып, достық қарым-қатынаста болды.
Бекмахан Салқынбаев көзі тірісінде әкесі Тұрымбет жыраудың біраз өлең-толғауларын қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа табыстап кеткен болатын. Ол дүниелер бірнеше қалың оқушы дәптерін құрайтын. Кейіннен жырау атаның көптеген шығармаларын әдебиет жанашыры, көне мұралардың жаршысы, шежіреші қарт Әлқуат Қайнарбаевтан, Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорынан жазып алғанымыз бар еді. Солардың бәрінің басын біріктіріп, 1993 жылы Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыдағы «Газет» баспасынан «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты тұңғыш кітабын оқырман қауымның қадесіне жараттық. Негізінен Тұрымбет жырау атамыздың көптеген шығармаларын қағазға түсіріп, оларды бізге табыстап кеткен әкеміз Бекмахан болатын.
2008 жылы Қармақшы ауданының орталығандағы Мәдениет үйінде әйгілі жырау Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына 140 жыл толу мерейтойы дүркіреп өткені – күні кешегідей әлі көз алдымызда. Бұл тойдың қарсаңында жырау ата шығармаларын қайта толықтырып, «Атандым жас күнімнен бала жырау» (Қызылорда, «Полиграфия» баспа үйі) атты кітабын оқырмандарға тарту еттік. 2018 жылы 150 жылдық торқалы тойына орай Қармақшы ауданы орталығында өткен «Тау тұлғалы Тұрымбет» атты республикалық мерейтой шараларының салтанатты түрде өткені белгілі. Осы тойға облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Тұрымбет Салқынбайұлының «Жүйрігі едім халықтың» атты кітабы жарық көрді.
Мұны айтып отырған себебім: Алпысыншы, жетпісінші жылдары, яғни, әкеміздің көзі тірісінде сол кісінің айтуымен оқушы дәптеріне жазып алынған Тұрымбет жырау мұраларының оқырман қауым кәдесіне жаратудың оңай болмағанын жәй білдіру еді. Бәлкім, әкеміз Тұрымбет жырау мұраларының өлмейтініне сеніп те кеткен болар.
Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1946 жылы желтоқсанда Бозарқаштағы үйінде ауыр дем алып жатқанында жанында қоршай отырған іні-қарындастарына қарап жатып:
– Қарақтарым, ау, мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой...Теріп алсаңдаршы, – деген бір ауыз сөзін айтып, үзіліп кеткен екен.
Тәуба, жырау атамыздың сол аманаты мен жан әкеміздің ақ сенімі
Ақталып келеді. Дәтке қуаты – жырау ата шығармалары жоғарыда айтқанымыздай әр жылдары жарық көрген үш кітапқа топтастырылып, жырсүйер қауымның қолына тиді. Әкесінің осы мұраларын жинақтауға кезінде жалғыз баласы, соғыс және еңбек ардагері марқұм Бекмахан Салқынбаев өлшеусіз үлес қосқан еді.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
журналист
11 сәуір 2020 ж. 1 194 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031