Әл-Фараби – шығыстың ғұлама ғалымы
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»
(Әбу Насыр әл-Фараби)
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келген (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққан. Бұған дәлел – оның толық аты жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.

Әл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тіпті, тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған. Саз өнерінің қыр-сырын тексеріп, терең игерген ғұлама көп ішекті ғажайып аспап ойлап табады. Бұл цитра атты музыкалық аспап болатын. Әл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының әкімі Сәйф әд-Дәулә әл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдармен бірге сарайына шақырып құрметтеп, қонақ қылады. Сонда әмірші оған: «Тағам алдырайын, ас ішесіз бе?» деп сұрайды. Ғұлама: «Жоқ, ішпеймін» дейді. Әмірші: «Сусын ішесіз бе?» деп сұрағанда одан да бас тартады. Сосын Сәйф әд-Дәулә: «Олай болса бірдеңе тыңдарсыз» деп ұсынады. Әл-Фараби: «Тыңдайық» деп келісімін береді. Сонда әмірші қолдарында музыкалық аспаптары бар әншілер тобын алдырады. Бұлар патшаның ең талантты өнерпаздары болатын. Олар орындарына жайғасқан соң қолдарындағы аспаптарының күйін келтіріп, алуан түрлі сазды әуенді ойнай бастайды. Алайда олардың өнеріне әл-Фарабидің көңілі толмай, қателіктерін айтып сынайды. Сонда одан Сәйф әд-Дәулә: «Өзің жақсы ойнайтын ба едің?» – деп сұрайды. Әл-Фараби: «Иә, ойнай аламын» деп өзінің саз аспабын алып, құлақ күйін келтіреді де, көңіл көтерер әуездерді төге жөнеледі. Бұл әуен мәжілісте отырғандардың көңілдерін шаттандырып, жүздеріне жайдарылық ұялатады. Олар бір-бірлеріне жымия қарасып, шад-шадыман болысады. Әл-Фараби бұл әуенін аяқтаған соң, қолындағы аспабының құлақ күйін басқаша келтіреді. Сиқырлы сазды ішектерден енді адамның жүрегін жылатар мұңлы әуен сарнап қоя береді. Құлақтан кіріп, бойларын билеп алған қайғылы күйге еліткен жиналған жұрт кірпіктерін жас шалып, кемсеңдей бастайды. Бұл қайғылы әуенді аяқтап болған соң әл-Фараби аспабының құлағын басқаша бұрып, енді құлаққа жағымды, мамыражай, баяу күйді тарта бастайды. Жиналған жұрт күйдің әсеріне беріліп, жастықтарға жантая кетеді де, сәлден кейін көздері жұмылып, ұйқыға кетеді. Сол кезде әл-Фараби әуенін аяқтап, аспабын бір шетке сүйеп, сарайдан шығып жүре береді.
Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған әмірші оны өзіне жақындатуды ойлап, қазылыққа тағайындайды. Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Кейіннен таным өрісін одан әрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеп, қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрімен, өнермен шұғылданады.
Әл-Фараби жетпіске тарта кітап пен зерттеу жұмыстарын жазып кетті. Оларда философия, астрономия, логика, геометрия, музыка сынды ғылым мен өнердің сан алуан түрінің мәселелері талқыланған. Алайда оның еңбектерінің көбі аумалы-төкпелі замандарда жоғалып кетті де бізге осынау мол мұраның аздаған бөлігі ғана жетіпті. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасап, Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған. Адамның өз болмысын өзі танып-білуіне философиялық тұжырымдар жасаған. Ол рухани бастауларды жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қанағаттанудан, бақыттан іздестірді.
Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Расында да Әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, жалпы мұсылман үмметіне, барша адамзатқа ортақ тұлға, ортақ мақтаныш. Ұлы ұстаз һижраның сексенінші жылында Дамаск шаһарында дүниеден озды.
Мәдени жаңару үдерісі жүріп жатқан қазіргі кезеңде өркениеттер арақатынасында төңкеріс болып, Шығыстың өркениеттің алтын бесігі, Европа қайта өрлеуінің негізі болғандығы мойындалып, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Ибн Рушдтардың европа философиясына қосқан үлесі баса көрсетілгенімен Фараби еңбектерінің әлі де ашылмаған қырлары көп. Мұның бір бөлігіне жоғарыдағы талдаулар дәлел. Демек, біздің есімін мақтан тұтар шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби жайлы зерттеулердің арнасы келер күндерде де ортаймақ емес.
Айнұр МАДИЯРОВА,
№ 183 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі