» » » Ұлы өркениет философы

Ұлы өркениет философы

Әбуден басталатын есім – арабтарда құрметтеуден туған. Шығыста құрметті адамды, ұстазды өзінің жеке атымен атамаған. Насыр «жәрдем» деген мағына береді. Демек Әбу Насыр «жәрдемші» деген сөз. Ол кездері ел басшысы көбіне әскербасы болғанымен терең білімді болмаған. Фараби ел билеушінің қасында білімімен ақыл-кеңес беріп, жәрдем еткен. Ал біз Ұлы даланың жәрдемшісі жайында не білеміз?
Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі –  Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Отырардың сол кездегі атауы Фараб болған. Бұл шаһар қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки. Бұл ұзақ атаудан нені аңғаруға болады? «Ат-Түрки» тегінің түркі екенін, ал «әл-Фараби» Фараб қаласынан шыққанын білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, әкесінің де аты – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ. Кейде оны «Тархани» деп те атаған. Әл-Фараби дәулетті отбасында дүниеге келген. Кей деректерде руының қаңлы-қыпшақ екені де айтылады.
Әкесі әскербасы болған көрінеді. «Тархан» атауы да содан берілсе керек. Әскери отбасында дүниеге келген соң әл-Фараби туралы еңбектерде оның ержүрек, батыр болғаны, жебені жақсы тартқаны, нысанаға дөп тигізетіні айтылады. Соған қарағанда, Әбу Насыр әл-Фараби тек ғылым-біліммен айналысып қоймай, сол кездегі түркілерге тән соғыс өнерін де жақсы меңгерген. Өзінің білімін жетілдіру мақсатында әл-Фараби білім мен ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылыми дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақталады. Ғалым Бағдадқа неге келді? Мұнда «Байт әл-Хакма» атты ғалымдар үйі мен бай кітапхана болған. Ол сол кездің әйгілі ғалымдарымен кездесіп, олармен сырлас болады. Грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді. Өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Одан қалған ғылыми еңбектерінің саны жүзден асады. Оны неміс ғалымы М.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Ғалым Аристотельдің, Платонның, өзге де философтардың еңбектерімен танысады. Тек танысып қоймай, оларға терең талдау жасап, өз пікірін білдіреді. Бір аңызда оның Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін 100 рет, «Табиғи гармониясын» 40 рет, «Риторикасын» 200 рет оқығаны айтылған. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Оның көлемді трактаттары – «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» және «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» деп аталады.
Әл-Фарабиді дүниеге танытқан музыка теориясына арналған шығармаларының бірі –  «Музыканың үлкен кітабы» еңбегі. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Ол тек музыка теориясын жазып қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспапта керемет ойнаған.
Оның  азаматтық, саясат, адам, қоғам жөніндегі ойлары «Фусул ал-мадани» («Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері») трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыбы әртүрлі болса да, негізінен бір мақсатқа – адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелігі – тән  және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратыны. Адам, мемлекет, ел басқару жөніндегі  өз заманында айтылған оның құнды пікірі  бүгінгі қоғамда да қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізудеміз. Оның көзқарасы бойынша, нағыз ғалым –  «нағыз немесе кемелденген философ», ол өзінің істерімен тек өз халқына ғана пайдалы болмай, барлық өнегеліліктің үлгісі болуы тиіс. «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан дүниені тәрбиелемей, үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымына қолы жетпейді»  дейді ол. Мұнда  адамның өз нәпсісімен күресе алуы жетістікке жетудегі  маңызды қадам екені айтылады.

Ортағасырлық ислам мәдениеті мен философиясы өз дәуірінен озып, қазіргі күнде де адамзат игілігі үшін қызмет етуде. Екінші ұстаз атанған әл-Фараби сынды ғылымдағы ірі тұлға арқылы қазақ халқы өзін мақтан тұтады. Ол өзінің керемет философиялық ілімдері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүниетаным, түркілік интеллект мүмкіндігінің қан­шалықты жоғары екендігін бүкіл Еуропаға паш етті. Ортағасырлық Ислам ренессансының Еуропа ғылымына жасаған ықпалы еуропалық ренессанс дәуірінің басталуына алып келіп, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарының дамуына жасаған әсері еуропалық өркендеу дәуірінің бетін ашты.
Ислам философиясының тарихына көз жүгіртетін болсақ, әл-Фараби рухани әлемінің қаншалықты биік, жоғары деңгейде болғанына көз жеткіземіз. Философияда Фараби иждихад дәрежесіне көтерілді, сондықтан да ол фикх, қалам секілді ілімдер бойынша өз ойын білдіріп қана қоймай, сол мәселелер бойынша лайықты шешім қабылдай алатын еді.
Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысқан соң Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы осы өлкеде өмірден өтеді.  Ол Дамаскіде «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасын жазып бітіреді. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салады. 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленді.
Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әл-Фараби туралы: «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек» деген пікір айтты.
Иә, Ұлы өркениет философы Әбу Насыр әл-Фарабидіңрухани әлемі – адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы болып қалмақ.Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы халқымыздың ұлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтіп, олардың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек екенін жеткізді. Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді.Расымен, Шығыс пен Батысты қатар мойындатқан ойшыл, әлемде Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған, өз заманының ең кемеңгер энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын таныстыру – бізге жүктелген үлкен міндет. Осы арқылы біз болашақ ұрпақтың бойында ғұлама ғалымның өнегелі қасиеттері мен ғылымға деген қызығушылығын оята аламыз.

Ай ХАНЫМ

12 ақпан 2020 ж. 1 189 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031