Алғыстан асқан құрмет жоқ, баталы сөзді ұққанға
ЖОСАЛЫ, 27 ақпан – qarmaqshy-tany.kz Алғыс айту күні күнтізбемізге еніп, баршамызға ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл күні баласы анасына, оқушы ұстазына, көрші көршісіне өз ризашылығын білдіріп әлек. Осы тұста көптің көкейінде жүрген сауалға жауап іздемекпіз. Яки алғыс айту күні қандай мереке? Тереңіне бойлап көрдік пе?

1621 жыл, қаһарлы қыс. Аяздың құрсауында қалған Америка құрлығын отарлаушылар аштыққа ұшырайды. Сол кезде жергілікті үндістер аяушылық танытады. Бірнеше күркетауық әкеліп, оларды тамақтандырады. Мұнысын айналасындағы дүйім жұрты қолдап, барлығы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарады». Сөйтіп қаһарлы қыстан аман-есен өтіпті деседі. Сол уақыттан бастап бұл күнді Жаратушыға құлшылық етіп, қамқорларға ризашылық білдірген күн ретінде атап өтеді екен. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды. Бір қызығы бұл мерекеде халық көшелерде шеру өткізіп, дәстүрлі тағамдар әзірлейді. Оның ішінде дастарқан күркетауықсыз жайылмайды. Бұл халықтың өткенін ұмытпай, аштықтан аман қалғанына білдірген ризашылығының нышаны.
Израильда бұл мерекені астық ору мерекесімен байланыстырады. Негізгі мақсаты Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру. Бұл күздің соңына қарай тойланады. Вьетнам мен Қытайдың кей өңірі 8-айдың 15-ші күнінде ризашылық фестивалін өткізеді. Мереке астық жинауға арналып, жаңбыр жауғызады. Мол астық бергені үшін Айдаһарға алғысын айтады. Осы секілді мереке басқа да елдерде қолданылуда. Бұл – халықтың бір-біріне деген риясыз сенімі, ыстық ықыласы. Біздегі мереке қалай пайда болды? Тарих беттерін парақтайық.
Сонау XVI ғасырдан бастап Ресей үкіметінің қудалауынан қашқан орыс, украин, татар мен өзге ұлт өкілдері қазақ еріктілері деп бір жерге бірікті. 1881-1883 жылдары Қытайдың солтүстік-батысынан 50 мыңға жуық дүнген мен ұйғыр көшіп келді. Қазақ шаруаларының отарлауы Столыпиндік аграрлық реформаға байланысты күшейе түсті. Сондағысы 46 жыл ішінде (1871-1917 ж.ж) өлкеге 1,6 млн. адам келіп тұрақтады. Ал мұның ішінде 60-қа жуық ұлт өкілдері бар еді. Сталиндік жүйе кезінде әр жылда бүтіндей бір халық, оның ішінде 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыстан корей отбасылары вагон-вагонымен келіп, ашық далаға түсірілді. Ал ол кезде мұнда тек қазақтар тұрған екен. Олар мұқтаждықта өмір сүрсе де құшағын жайып, жылы қарсы алды. Үйлеріне кіргізді. Бір асты бөліп жеді.
Иә, қазақ үшін бұл күн өзге елде белгіленгеннен пайда болған мереке емес, қажетін уақыт талап еткен мереке. Қиналғанда қамқор болып, құшағына алған қанша жұрт ризашылығын білдірген мереке. Татулық пен ырыстың, бейбітшілік кұсын көк аспанға қанат қақтырған мереке. Бұл – қазақ халқының кеңпейілдігін, мейірімділігін айшықтаған мереке. Өткеніміз оралмасын, мұрағатта тек естелігі ғана қалсын. Болашақ ұрпақ сол аталар салған сара жолдың ізімен тек жарқын елде өмір сүріп келеді. Одан асқан бақ та, бақыт та жоқ.