» » » КИЕЛІ МЕКЕН ҚАРМАҚШЫМ, ЖҮРЕКТІ ЖАУЛАП АЛҒАНСЫҢ (ФОТОРЕПОРТАЖ)

КИЕЛІ МЕКЕН ҚАРМАҚШЫМ, ЖҮРЕКТІ ЖАУЛАП АЛҒАНСЫҢ (ФОТОРЕПОРТАЖ)

... Дүрс-дүрс еткен пойыз дөңгелегінің дауысына жолаушының құлақ еті үйреніп кеткендей. Анам мен қарындасым ыстық шайдан ұрттап, көрші жолаушымен әңгіменің қызуына кіріп кеткен. Ал мен жоғарғы орында жатып, шеті көрінбес сайын дала төсіне қарап жаттым. Бұл өңірдің табиғаты маған тым ерекше еді. Біздің батыс өңірдегідей жайқалып өскен талы да жоқ, сайын дала төсінде жасыл шөп те көрінбейді. Мен үшін бұл «шөл өңір» ыстық көрінді.
Осылайша терең ой тұңғиығында жатқанымда біздің түсетін станцияға келіппіз. Темір көліктен түскен сәтте-ақ Сырдың ыстық лебі соқты. Расымен, бұл леп талай суық жүректі жылуға бөлеп, ерекше бір қасиет сыйлайтындай. Ауылдың көшесінен тал көргенімде көңілім орныма түскендей болды. Себебі бұл жақты мүлде ағаш өспейтіндей елестеткен едім. Дегенмен Сырдың желі мен ыстық күншуағынан тал көлеңкесінің құтқаруы екі талай. Міне, осылай бұл өңір мені құшағын айқара ашып қарсы алды.

Бұрындары тек сырттай ғана білсем, қазір киелі Сыр жерінде аяқ басып жүрмін. Бұл жақта тұрып жатқалы бері Қармақшыға күн сайын ғашық болып жүргендеймін. Нағыз қазақылықтың иісін шығарған тұрғындары да өзгеге ұқсамайды. Жүздері жылу мен қуанышқа толы, қонақжай әрі қолда барын беруге даяр жандар дәл осы қармақшылықтар. Келген күннен-ақ қарапайымдылық пен мейірімге толы жандарға таң қалып жүрмін. Ал еңбексүйгіштігі жайында мін табу мүмкін емес. Күн шуақтана шыққаннан, ұясына батқанға дейін бір байыз таппай еңбектенеді де жүреді. Өмірімде ең алғаш егіншілердің жұмысын көргенде таң қалғаным жалған емес. Күннің ыстығы мен жердің құрғақтығына қарамастан осынша көлемде егін егіп, ақ алтынды мол көлемде орып алу деген нағыз ерлік. Табиғаттың қиындығына тапжылмай қарсы тұрып, маңдайдан аққан қара тердің күшімен еңбегінің нәсібін көріп жүрген жандар ғой.
Еңбекші халықтан бөлек өнерлі жан қатары саусақпен санарлық деуге келмейтіндей. Он саусағынан бал тамған өнерпаздар арасынан ұлттық аспаптың қыры мен сырын меңгерген, жыр мен халық әнін үздік орындайтын әнші мен жазушы, ақындарды табу да қиынға түспейді. Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйі өнерпаздардың киелі мекеніне айналған. Әр күні жаңашыл жоба мен мерекелік шаралар болып, қалың көрермен тамашалауға жиналады. Бұл дегеніміз – ауылымыз сан қырлы өнерпаз бен өнер сүйер көрерменге бай екеніне дәлел.
Кенттегі этно ауыл саябағы, ардагерлер аллеясында серуендеу – бір ғанибет. Сыр желінен тербелген ағаш бұтағынан әдемі әуен естілетіндей. Ауылға кірер беттегі «Жосалы» деген жазудың өзі мейірімді әрі қонақжай көрінеді. Күллі Қазақстанға әйгілі Сырдария сұлулығын сөзбен айтып жеткізу тіптен мүмкін емес. Балыққа бай, қасиетті Дария өзені – бұл мекеннің баға жетпес байлығы. Оның әр тамшы суы тұрғындар үшін алтыннан да қымбат. Қорқыттың өзі болмаса да, сөзі қалған бұл киелі мекенде туып-өсу – бір бақыт. Байыз таппайтын бұл мекен күн ұясына батқан кезде тіптен сұлу кейіпке енеді. Оның қараңғы көшелері сарқылмас шабыт сыйласа, көше шамдары ерекше бір нұр шашатындай. Сырдың ыстық құмына аунап өскен жас сәби жүзі де қуаныш пен нұрға толы.
Аудандағы тарих пен шежіреге толы мұражай сөрелері – елге елеулі жандар, сырға тұнған музей экспонаттары мен көне қалашық ескерткіштеріне толы. Мұнда бабадан қалған сыры көп Сортөбе мен Шірік-Рабат қалашығынан табылған құнды заттар мен деректерді молынан алуға болады. Ал кітапхана қоры жергілікті және қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыздарының кітабына толы.

Рухани қазыққа айналған, ерекше сәулетімен көзге түсетін Қорқыт ата кешені де кенттің солтүстік-батысынан орын тепкен. Өшпес өмір іздеген Қорқыт бабамыздың мәңгі мекеніне айналған Қармақшы ауданы бұл күнде көпке әйгілі. Түркі әлемінің абызы – Қорқыт атаның мемориалды кешені тек қазақстандықтардың емес, күллі әлем халқының қызығушылығын тудырады. Ал Қорқыт бабаның үнін жалғастырып жүрген қобызшы, күйшілер де осы жерде күн кешіп жүр. Жыл сайын көрерменнің қошеметі мен ыстық ықыласына бөленіп жүрген жандарға бұл қасиет Қорқыт атадан дарығандай.

Адамның жүрегін жаулап алатын бұл құтты мекеннің жай-күйі осындай. Батыстың бақытына бөленген жан ретінде бұл өңірдің тыныс-тіршілігіне тез сіңісіп кеттім. Алыстан ат терлетіп келген сәттен-ақ жан-жағымнан зор қолдау тауып, барлығы қол ұшын созуға даяр болды. Міне, осы себептен бұл құтты мекенге келгенім үшін қуанамын. Алдағы уақытта да өңірдің тыныс-тіршіліг мен дамуына үлес қосарым сөзсіз. Бұл өңірге тіпті өз жырымды да арнағам:

Құмының құны алтындай,
Қасиеті оның ып-ыстық.
Жасы жанған жарқылдай,
Үлкенді үгіттер болмыс қып.

Асқар шыңы болмаса да,
Аңсары биік жұрты бар.
Ну орманға толмаса да,
Ыстық құмды тұрқы бар.

Қорқыт үні жаңғырып,
Қобыз жыры сарнаған.
Қоңыр үнді ән қылып,
Жыр айтудан талмаған.

Сыр сұлуы болған Дария,
Әсем әуендей сыңғыры.
Күллі әлемге аты жария,
Қорқыт баба мұң-жыры.

Жүрегі жылы халқының,
Бұл – бақыттылар мекені.
Мықтап қысқан тақымын,
Жұртына кімдер жетеді?

Қасиетті мекен Қармақшы,
Сырдың көркіне айналған.
Ғашығы талайдың алғашқы,
Өзіңе еріксіз байланғам.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
04 желтоқсан 2019 ж. 1 564 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031