» » » Ел мақтаған шәкірттер

Ел мақтаған шәкірттер

Өткен айда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында тұңғыш рет «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының аудандық кезеңі өткен еді. Ондағы мақсат – «Qazaq Epos» ұлттық ағарту жобасы ұйымдастырған «Қобыланды батыр» жырының «Марабай жырау» нұсқасын жатқа айтып, нақышына келтіріп мәнерлеп орындау болатын. Аудан мектептері бойынша 300-ге жуық оқушы батырлар жырын айтудан сынға түсті. Іріктеуде №272 мектептің екі оқушысы Гүлнұр Қалмырза мен Даяна Толыбаева жүзден жүйрік шықты. Олар облысқа жолдама алып, ол жақтан да ауданымыздың мерейін көтеріп қайтты.
Біріншіден ұйымдастырылған бұл жоба – эпостық батырлар жырына деген құрметті арттырды. Еліміздегі жер-су атаулары мен байырғы көне сөздерді білуге жол ашты. Жастарды кітапқа қайта қызықтырып, оларға үлкен серпін берді. Бұл сөзімізге бірден-бір дәлел – қос жеңімпаз Гүлнұр мен Даянаның 132 бет, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырын жаттауы. Жетекшісі Мереке Қайнарованың бұл екі оқушыны таңдап алуы да тегін емес. Оқуда озат, әдебиетке жаны құмар, жыр жаттауға бейім жас жеткіншектерді ұстазы көптеген оқушы арасынан іріктеп алған.
– Жырды жаттау бізге ақпан айының аяғында тапсырылды. Шара мамыр айына жоспарланған. Осы арада Гүлнұр оқушым «Қобыланды батыр» жырының 132 бетін түгел жаттады. Ал Даянам 70 бетті жаттап үлгерді. Бірақ белгілі себеппен шара кейінге шегеріліп қыркүйек айына қалды. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік болды. Осы мүмкіндіктің арқасында жаз бойы дайындалып, қыздар жырды толығымен жаттап шықты, – дейді М.Қайнарова.
Байқауға дайындық барысында білікті ұстаз қос өреннің сенімді ақтайтынына іштей сенген. Себебі екеуінің де таланты мен талпынысы таудай. Жазғы демалыс басталысымен өзге қатарластары доп қуып, жан-жаққа қыдырып жүргенде Гүлнұр мен Даяна жыр жаттап, жан-жақты ізденуден дайындықты үзбеген. Жобаның тәртібі бойынша «Qazaq Epos» қоғамдық ұйымына әр оқушының қанша бет жаттағаны жөнінде жырдан бейнеүзінді түсіріп ақпарат беріп отырған. Тек жырды жаттап қана қоймай, эпоста кездескен көнерген сөздердің мағынасын ашып, талдау жасаған.
«Шәкірті бәйгеге шапса, ұстазы тақымын қысады» деп тегін айтпаса керек. Бүгінде қос қарлығаштың мерейі үстем. Екеуін бөліп жару әсте келмес. Аудандық іріктеуде 300 оқушының арасынан оза шығып, ақтық сында өнер көрсетті. Нәтижесінде Гүлнұр Қалмырза І орынды қанжығасына байласа, Даяна Толыбаева ІІ орынды иеленіп екеуі де облысқа жолдама алды. Облыстық кезеңде де құр алақан қайтқан жоқ. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, оза шапқан оқушылар жырды қарадүрсін жаттап қана қоймай, әр сөзіне мән беріп астарына үңілген қазылар алқасын да риза етті. Бес сағатқа созылған ауқымды байқаудың нәтижесінде жерлесіміз Даяна Толыбаева тағы да ауданның мерейін асырды. Жыр жаттаудың шебері екінші орынға жайғасып, 600 мың теңге сыйақыны еншілеп қайтты.
– Мен осы байқауға төрт ай дайындалдым. Дайындық барысында қиындықтар болды. Бірақ жетекшімнің қолдауымен бойымдағы үрейді жеңе білдім. Сайыста ешқандай қобалжу болмады. Өзіме деген сенімім мол әрі нық, – дейді жеңімпаз. Даяна келер жылдың наурызында өтетін республикалық үшінші кезеңде тағы да бағын сынап көрмекші.
Шәкіртінің бағы мен бабының қатар шабуы үшін күні-түні тынбаған ұстаздың еңбегі де ескерусіз қалмады. Оқушыларын жыр сайысына дайындаған ұстаз Мереке Қайнароваға ұстаздар күнінде құрмет көрсетіліп, 1 200 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
Ұстаз үшін ұрпақ тәрбиесі қашан да маңызды. Елдің ертеңі, келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жыр жаттау арқылы қазақы дәстүр мен ұлттық құндылықты дәріптеп, бай мұраны насихаттайды.


Ерсін СӘДУҰЛЫ
14 қазан 2019 ж. 1 307 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031