» » » Қоңыр күй қоңыр кеште жел тербейтін...

Қоңыр күй қоңыр кеште жел тербейтін...

Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.





Би өнері

Ежелден ерекше өнер, ескірме сен,
Шара боп, шұғыла боп жеттің бе есен,
Көңілім көрсоқыр боп қалар ма екен?!
Би – біздің болмысымыз деп білмесем.

Кім ұғар сауыққұмар, тегі бізді,
Шығыстан шырайланар кезің үлгі.
Білсеңіз, би дегенің – ол өмір ғой,
Қозғайтын қозғалыста сезіміңді.

Бір сұлу – сұңғыладай дара қайың,
Делебең қозса – қиқу сал, ағайын!
Басында бұраңбелдің бір тал үкі,
Билесін мың бұралып " Қамажайын".

Байқасаң озбыры үстем таптың күшін,
Апырай, абыржытып, састырды шын.
Қайғымдай – қарашықта қалып қойған,
Қайрылған қанатынан аққу мүсін.

Қапалы ем қанып ішпей ұлы өнерден,
Қыз – жігіт таяп қалған міне, бермен.
"Қыз қуу" қозғап кетіп қайдағымды,
Дүние – ай, дөңгеленіп жүре берген.

Жел сүртсін тамшы жасты көзде ағатын,
Қу көңіл енді менің немді аласың?
"Шабандоз "шамаң жетсе дүбірлетші,
Қазақтың жазиралы кең даласын.

Кешегі кешіп өткен қиын бастан,
Салтымды таптым бүгін шиырлап сан.
Көргенде – көшпей қайтем, көшпенді елмен,
Ұршықпен жіп иіріп, киіз басқан.

Тарихтың тамырына сүйенеді ел,
Жекеге меншік те емес иеленер.
Тұтастай тұнған бекзат би әлемі –
Сахнада қалқып шыққан киелі өнер.

КҮЙ ӨНЕРІ

Шынында сахнаны кие дер ме,
Ежелден елміз құштар күй өнерге.
Қарт қайда қоңыр үннен қалбалақтап,
Қалатын таяқ таппай сүйенерге.

Қоңыр күй қоңыр кеште жел тербейтін,
Аңызға болғаны ма ел сенбейтін.
Бұл күнде кимешекті кемпір де жоқ,
Қыз күнін есіне алып кемсеңдейтін.

Жасаса ұл жыршылыққа дара байлам,
Домбыра соқтырар ем қарағайдан.
Құлағы құлаққаптан босамайтын,
Қадірін біле қойсын бала қайдан.

Қия алған қиянатқа кім баласын,
Қайтерсің, бармақ тістеп, қиналасың.
Жаныма жұбаныш қып жүремін бе енді,
Білді деп Қорқыттайын күй бабасын.

Өңірдің таныса да қия, тасын,
Өрімнің күйді ұқпауы ұят ә, шын.
О, тоба, танымайтын іні де ірі,
Құрманғазы секілді күй атасын.

Күйшіні көрер көзге кім іледі,
Бес саусақ перне үстінде жүгіреді.
Мақамы мың мұңсызға мұң ішкізген
Шебері шертпе күйдің Сүгір еді.

Осы жұрт Қыздарбекті білмес пе екен,
Қазанғап, Тәттімбет деп тізбектетем.
Сары Тоқа Сарыарқада сандаларсың,
Жоғыңды жоқшыларға іздетпесең.

...Көнеден қалған мұра кие дер ме,
Қазақтың қаны сіңген бұл өнерге.
Домбыра еріккеннің ермегі емес,
Шертуге олақ болсаң... тие көрме!


01 ақпан 2019 ж. 1 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 89

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 230

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930