» » » КӨРІНБЕЙ КЕТКЕН ЖҰЛДЫЗДАР

КӨРІНБЕЙ КЕТКЕН ЖҰЛДЫЗДАР

Бала күнімізде сүйікті кейіпкерлерді үлгі тұтып, соларға еліктеп өстік. Бірі Робин Гуд болды, енді бірі өзін Метхунның образына сай қылды. Тіпті, ауылда танымал фильмдердегі адамдардың атын баласына есім ғып қойғандар да табылады. Әңгіме бұл емес, бір кездері өзіміз тәмсанып отыратын кинофильмдердегі, бірақ қазір көрінбей кеткен жұлдыздардың қайда, не істеп жүргенін оқырман қауымға таныстыра кеткенді жөн көріп отырмыз.

Кинода табысқан тағдыр
Өртенген сезімді,
Қалайша өшірем.
Балауса кезімді,
Қайтіп мен кешірем?!
Есіңізде Мейрамбек Бесбаев басты рөлде ойнайтын мылқау қыз бар еді ғой. Бала махаббаттың жарқын үлгісіндей болған кинодағы сол сұлу талай жігіттің көзінің жауын алған шығар?! Көрген сайын көре түскің келеді сол фильмді. Құдай-ау, қандай сұлулық десеңші.
Сол кейіпкеріңіз қазір белгілі кинорежиссер Ақан Сатаевтың сүйген жары. Иә, иә, дәл соның өзі. Нәзира Бақаева. Бар-жоғы екі фильмге түскен бойжеткен «Алғашқы махаббаттан» соң Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильміне шақырту алады. Сонан соң көп уақыт өтпей түсірілім алаңында Ақан Сатаевпен танысып, отбасын құрды. Содан бері көрермен көзіне көп түспей қалды.
– Отбасыма, балаларыма, күйеуі­ме қызмет ету жолын таңдап кеттім. Себебі, мен кәсіби актриса емеспін. Бірер роль бұйырғанының өзі маған жеткілікті, – дейді Нәзира Бақаева.

Қайдасың, Қожа?!
Мектепте комиссия отырысы өтіп жатыр. Арасында Қожаның анасы бар. Терезе тұсынан тал бұтағына өрмелеп шығып, жиынның үстінен сырғып түскен Қожа тағы да «Кешіріңіздер» деп бұртия есіктен шығып барады. Сол тентек Қожа қазір қайда жүр?
Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде Абдолла Қарсақбаев көгілдір экран арқылы қара орман халыққа жолдаған «Менің атым – Қожа» фильміндегі Қожаның рөлінде Нұрлан Сегізбаев ойнады. Одан бері бірде-бір киноға түспепті.
– Кино экранға 1964 жылы шықты. Мен осы уақыт аралығындағы актер ретінде шақырған рөлдерден бас тартқаныммен, бәрібір кинематография саласында қалдым. Мені актерлік қызықтырған жоқ. Абдолла Қарсақбаевтың ақылымен ВГИК-ке түсуге де асыққан жоқпын. Мен сценарий жазамын, – деді ол «Азаттыққа» берген сұқбатында.
Келісім бермейтіндейі де бар. Ол киноға түсемін деп мектепте екінші жылға қалып қойды. Ішінде болашақ опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының болашақ директоры Болат Сұлтанов бар сыныптастарынан бір жыл кейін бітірді. Қалалық Нұрлан бала күнінде киноға түсу оның сабаққа бармауына үлкен себеп болғанын еске алады. «Оқығым келмейді» деп жылайтын оны анасы Ленин даңғылынан №33 мектепке дейін таяқпен қуып апаратын болыпты.

Жанар инженер болды

– Сендер мұнда Қожаны сөгіп жатсыңдар. Ал ол болса ана есіктің арғы жағында «сыныптастарым мен туралы не деп жатыр екен?» деп, жападан жалғыз қамығып тұр. Біз пионерміз. Ал пионер сот емес, – деп жиналыста жылап тұрған талдырмаш қыз Жанарды ешкім ұмытпайтын шығар?!
Қайдасың, Жанар?!
Құрбысының үйінде отырып, оның анасын ішек-сілесін қатыра күлдірген Гүлнар Қарабаева өзінің ерекше ойларымен бөліседі. Ол құрбысының анасына қатты ұнаса керек. Кинематогрофист екен. Киноға түсетін, үлгілі қыз бала керек дегенде дереу ұсынған.
– Киносынақ, фотосынаққа шақырды. Конкурста айтқан Федор Тютчевтің «Люблю грозу в начале мая» деген өлеңі фильмге де еніп кетті. 17-дегі кезім. Бірде көшеде бір жігіт соңымнан ерді. Сәлден соң «Сіз «Менің атым Қожа» фильміне түстіңіз ғой?» деп сұрады. Мен «Иә» дедім – «Ал мен ВГИК түлегімін, қазір диплом жұмысын дайындап жатырмын. Киноға түсуге келіспейсіз бе?» деді. Бірақ мен ол кезде политехте оқып жүрдім де, бас тарттым, – дейді Гүлнар Азаттыққа берген сұқбатында.
«Менің атым – Қожа» фильмі тү­сі­­ріліп жатқанда Гүлнар үшінші сыныпты аяқтаған болатын. Кейіпкері тәрізді ол да үлгілі, озат оқушы болды.
Гүлнар Қарабаева кейін институтты тәмамдап, инженер болды.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
28 қыркүйек 2018 ж. 2 979 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031