Ұлттық код

Тіл мәселесі кеше мен бүгін ғана өзекті тақырып болған жоқ. Сонау алаш үкіметі кезінен, алаш арыстары бастап күрескен майдан еді. Тіліміздің қуатын арттырамыз десек алдымен сол ұлы тұлғалар жайында толық білуге құқылымыз. Алаш арыстарының еңбегі – қазірімізге көпір, келешекке қызмет ететін мол мұра. Қазіргі қоғамымыздың рухани дүниесіндегі көптеген кемшілік осы Алаш ардақтыларының асыл идеялары мен ой тұжырымдамаларына жеткілікті көңіл бөлмеуден болып отыр.
5 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесі аясында Қызылорда облысы Тілдерді оқыту орталығының Қармақшы ауданындағы мемлекеттік тіл оқытушысы Г.Дүзенова аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесіп «Ұлттық код» тақырыбында тренинг өткізді. Іс-шараның басты мақсаты да тіл үшін күрескен тұлғалардың еңбегін насихаттау, көрсету еді.
«Руханият» орталығында өткен тренингке аудандық кітапхана, музей, архив, жастар ресурстық орталығы, бұқаралық ақпарат құралы қызметкерлері қатысты. Алдымен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы еңбегі туралы мәліметтер берілді. Оның тіл үшін күресі – қазақ халқының рухани тәуелсіздігі жолындағы ең маңызды тарихи беттердің бірі. Ол қазақ тілінің ғылыми негізін қалаған, алғашқы әліпби мен оқулықтар жазған, ұлт тілінің сақталуы мен дамуына бар өмірін арнаған тұлға. Сондықтан оның туған күні – 5 қыркүйек елімізде Қазақстан халқының Тілдері күні ретінде атап өтіледі.
Тренингте Тілдерді оқыту орталығының өнімі «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағындағы» «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ!», «Тар заман», «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» кинофильмдерінен үзінді көрсетілді. Кинофильмдерді көрген қатысушылар заманауи әдіс-тәсілдер арқылы ұсынған оқытушының тапсырмаларын қызыға орындады.
Аудандық музейдің ғылыми қызметкері Гүлмира Өтегенова «Бұл іс-шараның мазмұны бөлек, мағынасы терең. Тапсырмалар ойландырарлық, ой саларлық болды. Көрмеген кинофильмдерді енді отбасымызбен көру керек екен деген ой түйдік. Санамыз серпіліп қалды» десе «Тарихымызды баяндайтын аталмыш кинофильмдердің бәрін бұрын толық көріп шықтым. Рухты көтереді, намысты оятады. Осы киноларды түсіруге кеткен қаржы адал деп айтар едім» деді қонақ ретінде қатысқан мәдениет саласының маманы Мадияр Махамбетов.
Алаш ардақтыларының асыл идеялары мен ой тұжырымдамаларын насихаттауға бағытталған тренингке халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары қатысып, тіл мерекесімен құттықтады. Тіл жанашыры Г.Раева «Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастырған бірнеше байқау, іс-шараларына, ашық сабақтарына қатысып жүрміз. Тілді меңгертудің тамаша әдістерін қолданып, тыңдаушының қызығушылығын оятатын тапсырмалары бірінен бірі өтеді. Орталық жұмысына шығармашылық табыс, оқытушыларға тіл үшін күресте талмай еңбек ете беруді тілеймін» деді. Іс-шарада белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хат ұсынылды.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ