» » » Сыр бойының сүлей жырауы

Сыр бойының сүлей жырауы


Қармақшы өлкесі «Жүз шайырдың мекені» деп бекер айтылмаса керек. Туған жеріміз туралы айтқанда «Жүз жырауы жыр кестелеген Қармақшы» деп ерекшелеп, мақтанып айтатынымыз рас. Бірақ осы теңеуде қаншама терең мағына жатқанына мән бермеуіміз мүмкін. Бір ауданның өзінен 100-ден аса жырау шығу біздер үшін ауыз толтырып айтарлықтай, мәртебе көріп, мақтан тұтарлықтай. Ендігі міндет сол жырауларды дәріптеп, өмір тарихтарын, жасаған еңбектерін, қалдырған мұраларын, айтқан өсиет сөздерін, жыр-термелерін насихаттасақ жыраулық өнердің ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.Осындай жыраулардың бірі, жыраулық дәстүрді жалғастырушы – Жиенбай жыраудың баласы Рүстембек жырау жайында сөз қозғамақпыз.
Рүстембек Жиенбайұлының туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Ол 1905 жылы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Қуаңдария болысында (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) дүниеге келген. Бала күнінен әкесі Жиенбайдың жыраулық өнерін бойына сіңіріп өседі. Өзі арабша сауатты Жиенбай Рүстембекке мұсылманша сауат аштырады. Әкесі Жиенбайдың «Бастау» әнімен қолына домбыра ұстаған Рүстембек өсе келе толғау-термелерді еркін жырлаған.
Жиенбай Рүстембекті ең алғаш үш жүздің басы қосылған Шонайдың асына алып барып, елдің игі жақсыларының алдында жырлатады. Осы аста Рүстембек «Бала жырау» деген атпен елге танылады. Жігіт шағында той-думанда көп жүріп, алқалы жиындарда әкесінен үйренген жаухар жырларын жиналған жұртқа тарту етеді. Ол Сыр сүлейлері даңқты Ешнияз сал, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет жырларымен бірге әкесі Жиенбайдан «Көрұғлы» сияқты көлемді дастанды үйреніп жырлайды.
Рүстембек Қызылорда қаласындағы рабфакты бітіріп, өзі туып-өскен жерге келіп, ұстаздық қызмет жасап, кейіннен директорлық лауазымды да атқарады. Ақыл парасаты биік тұлға шәкірттерінеде дәл сондай ұлағатты білім берді десек қателеспейтін шығармыз.
Бәрімізге белгілі, отызыншы жылдар қазақ зиялы қауымы үшін ең зұлмат жылдардың бастауы. Міне, осы қиын-қыстау кезеңде Рүстембектің туысы, еліміздің тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараев «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып кетеді. Сол уақытта Рүстембек мектептің директорлық қызметінде еді. Осындай айыптаудан кейін Рүстембекте қызметін тастап, бір түнде отбасымен Жалағаш ауданына қарасты қазіргі Еңбек ауылына көшіп кетеді. Жалағашта туған інісі Дастанбек тұратын. Өз өңіріне белгілі болған жырау інісімен бірге Рүстембек сол жақта есепшілік қызмет атқарады.
Бір қиындықтан өткенде екінші қиын кезең басталып, жырау Ұлы Отан соғысына аттанады. 1941-1945 жылдары інісі Дастанбекпен бірге қан майданда ерлік көрсетіп, соғыс аяқталғанда аман-есен елге оралады. Дегенмен, інісі майдан даласында шейіт болған.
Соғыстан кейінгі жылдары ол ауылда түрлі қызмет атқарады. Жылдар өте Ақжарға оралып, қалған бар саналы ғұмырын осы ауылда өткізеді.
Рүстембек Жиенбайұлы тек жыраулығымен ғана емес, әнші, сазгерлігіменде халық жүрегінде сақталып қалған ерен тұлға. Оның «Ақ толық-ай», «Жаным моншан», «Желдірмая» және басқа да өлеңдері елге танылып, әлі күнге дейін айтылып келеді.
Өмірлік жары Әнапия анамызбен бірге Ыдық, Ерші, Көшеней және Бидас есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Көшенейді білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Көшеней мен Бидас әкесі мұра етіп қалдырған жыраулық өнерді жалғастырып, өнердің қарыштап дамуына өз үлестерін қосқан арда азаматтар.
Осындай біртуар тұлғалардың адам санасынан өшпейтіні – олардың тектілігі мен мықтылығында болса керек. Кез келген тұлға ғасырлап елдің есінде жатталып қалмайды. Тек соған лайықты еңбегімен, өнерімен есте қалады. Рүстембек Жиенбайұлыда осындай ұмытылмас жырау, Сыр өңірінің сұңғыла жыршысы, сөз өнерінің саңлағы.
Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
26 тамыз 2025 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (10432)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 275
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Жосалы жаңару жолында
26 тамыз 2025 ж. 237

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031