ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?
Қазір қай жерде жүрсе де құлаққап арқылы қалаған әуенін тыңдайтын жастар көп. Көлікте де, көшеде де көретініміз осы. Оларға мына әлем қызықсыз көрінеді ме екен, кім білсін?! Ешкімді елемей, өз әлеміне еніп кеткен.
Бірде көше бойлап келе жатып дүңкілдеген дауыс естіп қалдым. Сол сәт музыканың бар дауысын шыңғыртып қойған қара көлік қасымнан өте шықты. Әлгі дыбыстың осы көліктен шығып жатқан ән екенін сонда білдім. Ән дегенде де, сіз бен біздің түсінігіміздегі ән емес. Біртүрлі ырғақ, беймәлім мәтін.
Иә, бүгінде кішкентай баладан «кел, өлең айтшы» десеңіз, «ақ көйлек киген, көк көйлек киген» дегеннен әрі аса алмай қалады көбі. Тыңдап жүргені де «Қыздар на рахате, балдар на рахате!» деген сынды әндер. Осындай ессіз әнге елігетіндер көбейді. Тыңдарманнан талғам кеткен бе, әлде әнге сөз жазатындардың шалалығы ма? Саралап көрсек.
Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесінің бірі – музыка. Себебі, бұл ең бірінші кезекте баланың психологиясына әсер етеді. Көңіл күйіне тигізер ықпалы ерекше. Жастардың ән таңдау талғамы әртүрлі. Алайда күн санап мағынасыз әндердің көбеюі ертеңгі ұрпақтың болашағына әсер етпей ме деп қорқасыз. Мәнмағынасын ұғына алмайтын ессіз ән жастарды елітіп барады. Бұл бүгінгі қоғамның ән таңдаудағы талғамсыздығын, арзан дүниеге еліктеушілігін көрсетеді.
Әсілі қазақ бесіктегі баладан бастап о дүниеге шығарып салғанда да әнмен сөйлейді. Бесікте сәбиге әлдиін айтса, адам дүниеден озғанда жоқтауын айтып келместің сапарына аттандырады. Иә, бұл халқымыз үшін әннің қаншалықты маңызы зор екенін көрсетіп тұр. Ертеректе бір ауыз өлеңмен сай сүйегіңді сырқыратар ойланарлық ақыл айтып, тағдырды да шешкен деседі. Ал қазір қалай? Ән мен күй арқылы тәлім-тәрбие беріліп жатыр ма? Әрине жоқ. Оған заман талабы деп соғатындардың мағынасыз әнге деген құмарлығын қосыңыз. Сол себепті де есті әндер естілмей кетті.
ӘННІҢ АДАМ ОЙЫНА ӘСЕРІ
Әннің адам ойына тікелей әсер ететінін мына жағдайдан байқауға болады. Жазушы Мұхтар Әуезов шығарма жазар алдында әуелі радио қосады екен. Егер мағынасыз, шулы әуен берілсе, «бұларда тәртіп жоқ» деп радионы сөндіріп, жаңа туындысын біразға дейін бас тамайтын көрінеді.
Ғалымдардың айтуынша, ойланбау ақылсыздыққа әкеледі, ал ақылсыздарды басқару оңай. Гитлер музыканы өз саясатында ұтымды пайдалануды көздеген деседі. Оның «жаулап алған ел тұрғындарына мәнсіз, тым көңіл ді әуен тыңдату арқылы санасын улап, оп-оңай басқаруға болады» дейтіні де осы болса керек. Бір қарағанда, көгілдір жәшіктегі еркін форматтағы шоу бағдарламалардың артуы жастарға еркіндік болып көрінгенмен, инфантилизм дертінің асқынғанын аңғартады. Инфантилді ұрпақ жалындаған жастығын ойын-күл кіге арнап, қыдырудан басқаға уақыт таппай, өнер-білімнен кенде қалады. Мұның соңы көбінің қылмысқа ұрынып, берекелі отбасын құра алмауына апарады екен. Демек, мінез қалыптасуына әннің айтарлықтай әсері бар.
Музыканы емдік мақсатта пайдаланған
«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар» деген Абай атамыздың осы бір сөздері бүгінгі қоғамның нағыз бетпердесін ашып тұрғандай, сірә. Бүкіл әлемді әуезді әуенімен жаулаған музыка адамзаттың негізгі тәрбие құралына айналды десек, еш қателеспейтініміз анық.
Тарихқа сүйенетін болсақ, музыка терминдері алғаш Ежелгі Грекияда пайда бола бастаған. Біз оны әлемнің ұлы ойшылдары саналатын Платон мен Аристотель еңбегінен көз жеткізуімізге болады. Оның балаға, ересектердің психологиясына тигізер пайдасынан бөлек, зияны бар екенін ұмытпаған жөн. Музыка адам баласын ерекше күйге бөлейтін, бойында жаңа әсер қалдыратын, белгілі бір істі орындауға шабыт сыйлап, алға жетелейтін тылсым күшке ие.
Психологтардың пікірінше, адам санасының, ой-өрісінің жақсы қалыптасуына классикалық бағыттағы әннің берер пайдасы мол. Тіпті, Ежелгі Грекияда классикалық сарындағы музыканы емдік мақсатта пайдаланған деседі. Өзіңізге рухани демалыс сыйлағыңыз келсе, жаныңыз тыныштықты қаласа, классикалық ән сіз үшін таптырмас құрал бола алады. Егер бала жан-жақты айналасын танып, көріп өссін десеңіз психологтар тек бір емес, бірнеше жанрдағы әндерді тыңдауға кеңес береді. Музыкалық терапия жүйке жүйесінде әртүрлі ауытқуы бар науқастарды күйзелістен арылтады. Емдеудің бұл түріне Бах, Моцарт, Бетховен музыкаларымен қатар, қазақтың күйлері де қосылған. Себебі «күй – жабыққанның жанын емдейтін құдіретке ие» дейді мамандар.
Рас, бүгінде психотерапия саласының маңызды бір бөлігіне айналған музыкамен емдеу тәсілі халық арасында кең қолданысқа ие. Осы орайда түрлі психолог пен коучтардың курсында арнайы «аудиотерапия» деп аталатын техникалары да барын айта кетейік.
Тыңдарман жүрегін жаулаған жастар да бар
Сөз жоқ, қазіргі ән өнерінде өзіндік өрнегімен көзге түсіп, толымды туындысымен тыңдарманның жүрегінен орын алып жүрген жастар бар. Бар әлемді аузына қаратып, еліміздің рухани потенциалын төрткүл дүниеге көрсеткен Димаш Құдайбергеннің өзі неге тұрады? Сол секілді халықаралық деңгейде қазақ атын танытып, ән қасиетін жан-жүрегімен түсініп, ісіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етіп жүрген өнерпаздар аз емес. Жастарымызға жігер беріп, жүрегіне ізгілік дәнін егуде осындай жандардың көп болғаны қажет-ақ. Осы орайда тыңдарманның да сөзіне құлақ түріп көрелік.
– Халық әнін, күйлерді, Мейрамбек Бесбаевтің әнін сүйіп тыңдаймын. Кейбіреулер «баяғы заманда қалғансың» деп күлетін кездер де болады. Әнді тыңдауым сол сәттегі көңіл күйіме байланысты. Көп адам сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімін ән арқылы жеткізіп жатады. Тарих беттеріндегі Естайдың «Қорланын», Біржан салдың «Балқадишасын» мысал етіп алуымызға болады, – дейді Лаура Берікова.
Жеңіл ән жазу жиіледі
Қазіргі орындаушылардың бәрі сың ғырлаған үн, кербез әнімен алға озып тұрмағаны өкінішті. Жеңіл-желпі дүниенің жастар арасында танымал, сұранысқа ие болып тұрғаны да ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етіп отыр.
Ал ән мәтіндерінің тілі тіптен бөлек, шұбарланып кеткен. Қазақ тілінде баламасы жоқ сөзді сол қалпында пайдаланса, ештеңе емес қой. Көшедегі орыс тілін сол қалпы әнге айналдыру, арасына қазақша шумақты тықпалап, қойыртпақ дүние жасаудан кім ұтатыны түсініксіз. Күнделікті көп адамның арасында болатын ауызекі әңгіме дәл сол қалпы киелі сахнаға шығып кеткен. Соңғы жылдары ағылшынша, тіпті түрікше сөзді де қолданатындар көбейген. Осындай әндерді тыңдағанда, «қай тілдің әні бұл?» деп түсінбей қаламыз.
Бүгінгі хиттердің таза қазақша жазылған мәтіндерінде қате көп. Арыға бармай «қармақсыз қолға іліккен» қателер жетіп жығылады. Бұл ретте мәтіннің мазмұны, көркемдік деңгейі мен эстетикалық құндылығы жайлы айтып жатудың өзі артық.
Жастар жиі тыңдайтын әндердің тақырыптық аясы да тар. Жауапсыз махаббат, жылт еткен сезім, сатқындық сынды бір-біріне ұқсайтын әндер көп. Ондай әншілер өзін сахнаға жаңа ой, ерекше идея алып шыққандай сезінеді. Алайда мұның бәрі соңғы бірнеше жылда әбден таптаурын болған «ескі әуенге» айналды. Пессимизм, өмірден жалығу, өзгелерден сырт айналу, көңілтолмаушылықты тақырып еткендер көп. Онсыз да ұнжырғасы түсіп жүрген жас тар бұдан кейін тіпті өмірден баз кешіп кетпей ме?!
Бір жағынан алып қарасаңыз, тыңдар манның көбі ойлы ән мәтінінен гөрі ыңылдап айтуға немесе билеуге ыңғайлы әуенге мән беретін сияқты. Мұндай әнді ойлап табу қиындық тудырмайды. Қазіргі заманауи бағдарлама арқылы бірнеше сағатта әуен жазып шығуға болады. Осылайша кеше ғана біреудің аз уақытта құрай салған шығармасы көп өтпей біреудің көлігінде, біреудің құлаққабында ойнап жатады.
Қазір өнер кеңістігі еркін, бәсеке ашық болғандықтан, қандай да бір әнге тыйым салып, таратуға рұқсат бермей қою мүмкін емес. Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – көрерменнің талғамын қалыптастыру. Егер жастарымыз ойлы, оқыған, мәдени құнды лықтарға сусындаған болса, киелі сахнаны қор қылғандардың адымы қысқарар еді.
Жастар не айтады?
Тақырып аясында жастардың не тыңдап жүргенін сұрап та көрдік.
– Жастар арасында екі толқын бар секілді. Бірі қазақ әртістерін әлі де мойындағысы келмей, шетелдік әншілердің өнеріне қызығады. Ал екіншілері қазақ өнеріндегі жаңа толқынды қолдап, оларды тыңдағанды құп көреді. Тіпті кейбірі 2000 жылдардағы хит әндердің ремиксін жасап, оған жаңа өмір сыйлап та жатыр. Әрине, қанша адам болса, сонша талғам болады. Өзім Шәмші Қалдаяқовтың әнін де тыңдаймын, заманауи стилдегі әндерге оң көзқараспен қараймын. Сонымен қатар музыкалық композицияларды тыңдағанды ерекше жақсы көремін. Осындай әуен тыңдасам, көңілім толқи түседі. Мен үшін ең бастысы – ырғақ пен мағына. Әннің әрбір сөзінен мән іздегенді ұнатамын, – дейді Тоғжан Асқарқызы.
Ал Көркем есімді тыңдарман болса заманауи бағыттағы әндерді жиі тыңдайтынын айтады. Десе де оның мағынасына қарап, саралайтынын да жеткізді.
– Бұл бағыттағы әндерді тыңдауыма әлеуметтік желі, араласатын ортам әсер етті деп ойлаймын. Өйткені, қатарластарым осындай әнді тыңдап, оны бөлісіп, қызықтырады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде заманауи, тіпті шетел әндерін жиі естіп жатамыз. Оған да етіміз үйренген. ХХІ ғасыр заманындағы халықтың ән таңдау талғамы жаман емес. Бірақ көңіл көншітпейтін дүниелер де барын айту керек. Себебі, әндердің барлығы болмаса да, басым бөлігінің мән-мағынасы жоғалған. Өкінішке қарай, сол әндерді халық тыңдайды. Өз басым, әнді тыңдағанда ең бірінші ырғағын ескеремін. Кейіннен сөзіне, мағынасына құлақ түріп, ән мен ырғағының үйлесімін сараптаймын, – дейді ол.
Түйін Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ ән өнерін талғамсыздық, сауатсыздық жайлап барады. Рас бүгінгі ән бұрынғыдан өзгерек. Әннен мән, сөзден жан кетті. Ертедегі Шәмші әндерінің мықтылығы ол әлі күнге дейін сахнада шырқалып жүр. Ал қазіргі әндердің ғұмыры қысқарғандай. Сол үшін жаңа ән шықты деп жабыла жарнамалап, тыңдаудың қажеті жоқ. Талғам жоғары болуы керек. Сонда ғана ессіз әндерге елігетіндер азаяр.
Ақнұр САҒЫНТАЙ