» » » Аспан әнмен айшықталған күн

Аспан әнмен айшықталған күн

Кешегі уақыттарда, кешегі дейміз ғой, осыдан жарты ғасырға кері өтсек, мүлдем басқа атмосфераны сезінген болар едік. Онлайн, офлайнға бөлінбеген, концерттер плюс, минус дегенді білмейтін, дарындардың табиғи дауыспен ән салатын, кез келгеннің сахна төріне ұмтыла бермейтін кезеңдерді қазіргі аға буын жақсы біледі. Сол өнерпаздар биікке көтерілсе де, «жұлдыз» деген синдромнан бойларын алыс ұстап, айлап-апталап үй жүзін көрмей, тер төккенін мәдениет саласының қай ардагерінен сұрасаңыз да, тігісін жатқызып, майын тамызып айтып береді. Иә, бұл өткен шақ десеңіз де, сол кездердегі аға-апаларымыздың еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қайта бастары қосыла қалғанда, өткен күндерін, қызықты оқиғаларын еске алысып, жастық шақтарына бір саяхаттап, қауқылдасып алатындары қандай ғанибет.
Осындай тәлімі мол іс-шара өткен сенбіде Жосалы кенті орталығындағы К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде мәдениет саласының ардагері, Бүкілодақтық әншілер байқауының лауреаты, әнші-сазгер Базарбай Жүсіпбайұлын еске алуға арналған «Ән-ғұмыр» атты аудандық әншілер байқауы ұйымдастырылды. Өнер додасы аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Жыраулар үйінің ұйытқы болуымен өткізілді. Оған өнер майталманының көзін көрген ардагер аға-апалар, бірге қызмет еткен әріптестері, шәкірттері, аудан тұрғындары және жастар қатысып, келелі ісшараның куәсі болды.
Байқаудың ашылу сәтінде аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов сөз сөйлеп, Б.Жүсіпбаевтың еңбек жолына тоқталса, сайыста бақ сынағалы тұрған жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Қармақшы ауданының мәдениетін, өнерін көтеруде Базарбай Жүсіпбаевтың қосқан үлесі зор. Шәкірттерінің айтуынша, ән қоржынында 100-ден аса ән болған. Үнді, өзбек, орыс, тағы басқа көптеген ұлттың әндерін шырқаған. Көру қабілеті болмаса да, есте сақтауы өте мықты әрі кісі таңғаларлықтай еді дейді көзін көргендер. Шағын магнитофоны болыпты. Кешке әнді кассетадан бірнеше мәрте тыңдап, ертесіне жаңа жаттаған әнін сахнаға алып шығатын болған. 50 жылға жуық ел алдында өнер көрсетіп, жұртшылықтың құрметіне бөленген дарын иесінің орны әркез бөлек. Оның орындаушылық шеберлігін музыка мамандары таңданыспен айтады. Абайдың «Көзімнің қарасы» әні әншінің орындауында құлпырып сала беретін. Әнді айтып тұрғанда сазгердің өмірге деген құлшынысы сезіліп, тыңдарманына да рухани демалыс сыйлайтын деп еске алады сала ардагерлері.
Сазгердің дауысы музыка тілімен айтқанда, «баритон» деп аталады. Бұл құлаққа жылы да жағымды дауыс. Мақпалдай қоңыр үн. Сирек кездесетін құбылыс десе де болғандай. Ол өмірде қарапайым болды. Екі жанары көрмесе де, көкірегі әлдеқайда ояу, жігері мықты, өмірге деген ықыласы ерекше еді. Өнерге басын иген, шын пейілімен берілген тұлға болатын. Өмірін өнермен өрнектеген азаматтың ерен еңбегіне жерлестері қанық. 56 жылдық ғұмырында құшқан жары да, құндақтаған баласы да баяны болған ағамыздың өнері сол дәуірде-ақ жоғары бағасын алып үлгерді. Облыстық зағиптар қоғамы ұйымдастырған байқауда өзінің тұңғыш шығарған – «Сағыныш», «Аяулым» әндері бас жүлдені жеңіп алғаны да қызметтестерінің әлі күнге дейін аузында аңыздай айтылып жүр. «Қыз Жібек», Мұңайма», «Құрбыма» атты әндері бүгінге дейін әншілердің ән қоржынында орындалып келеді. Сырнайының сырлы да сиқырлы үнімен замандастары – Көшеней Рүстембеков, Мәдина Ералиева, Құдайберген Сұлтанбаев, Ұлжан Ахметова, басқа да өнер тарландарын сүйемелдеп, сахна төрінде қанаттасып бірге өнер көрсетті.
Мәдени іс-шарада Б.Жүсіпбайұлының шәкірті, сала ардагері Ордабай Төребаев сазгердің паспортына айналған «Сағыныш» әнін орындаса, әрі қарай сахна төріне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ардагер Қаршыға Есдәулетов, өнер иесімен бірге қызмет еткен, өнер көрсеткен әріптестері – Үрліхан Қожахметова, Мұрат Мұсаев, Әбдімәлік Әубәкіров тебірене сөз сөйлеп, ағамен өткен шуақты күндерді сағынышпен естеріне алды.
Байқауға мәдениет саласының кәсіби мамандары, ардагер-ұстаздар Уахитбек Сұңғатов, Керекжан Құлмырзаев және Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мұханбетқали Бағатов қазылық етіп, сайыс үміткерлеріне бағаларын берді.
Жас өнерпаздар байқаудың талабына сәйкес екі әннен орындау керек болса, бірі – композитордың репертуарындағы әннен таңдалу керек те, екіншісі – еркін тақырыпта орындауға шарт қойылды.
Нәтижесінде бас жүлдені Төретам кентінен Тоғжан Бақытова жеңіп алса, І орынды ақтөбелік Наргиз Ерлан қанжығасына байлады. ІІ орынды дүроңғарлық Азамат Алтай мен көмекбаевтық Ақсұңқар Бүркітбай өзара бөліссе, ал жүлделі ІІІ орынды Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық өнер мектебінің мұғалімі Азат Сқақ пен иіркөлдік Наурызбек Сахиев иеленді.
Жүлдегерлер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломымен марапатталса, басқа да қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Байқау қорытындысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева көрермен қауымға жылы лебізін білдіріп, алғысын жеткізді.
Иә, бұл күні ерекше өнер иесінің орындаған шоқтығы биік әндерінің бірқатары қайта көрерменімен қауышып, жаңғыра түсті. Базарбай ағаның әрбір таңы әнмен атып, кеші әнмен батты. Ол әнімен қатар, адами болмысымен, ізгі қасиетімен, көпшілдігімен көзі тірісінде-ақ көптің жүрегінен орын теуіп қойған. Туған жерінде өнерді бағалайтын, жоғары қоятын тыңдаушылары мен шәкірттері, жас ұрпақ барда оның ән-ғұмыры баянды болмақ. Іздеушісі барда өнер иесінің екінші тынысы ашыла бермек.
Мәдени шараға ардақты азаматтың жақын-жуығы мен ағайындары қаржылай демеушілік жасаса, ағаның рухына арнап «Сұлтан» мейрамханасында ас берілді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
13 қараша 2024 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 070

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031