«Туған өлкеме тарту»
Ата-бабамыздан мирас болып қалған асыл қазына ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалының қолдауымен Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінде «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында «Туған өлкеме тарту» атты өнер сайысы болып өтті.
Сайыс шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тілеген «AMANAT» партиясы Қармақшы аудандық филиалының төрағасы Әділ Қошалақов «Ұлттық мұра» партиялық жоба мен ұлттық аспаптар орындаушылар сайысының мақсат – мазмұнына тоқталды.
- «Ұлттық мұра» партиялық жобасы мәдениетімізді насихаттау мен ұлттық тәрбиені арттыруға бағытталған. Жоба аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі сайыстың мақсаты ұлттық мұрамызды ұлықтап, ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді және дәстүрімізді дәріптеу арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарымызды дамыту. Бұл асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру баршамыздың міндетіміз, - деді Әділ Қошалақов.
Байқау міндеттерінің бірі -өсіп келе жатқан ұрпаққа Сыр бойындағы ақын-жыраулардың мұраларын насихаттай отырып, балалардың бойында музыкалық-эстетикалық және патриоттық тәрбиені жетілдіре отырып, дарынды балаларды анықтау болып табылады.
Сайысқа Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің директоры Ә.Ешбаева, Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінің әуез пәнінің мұғалімі А.Бағатова, Т.Салқынбайұлы өнер мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Ақназар қазылық жасады.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар партияның аудандық филиалының арнайы дипломдары, Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
«Ұлттық мұра» жобасын насихаттайтын сайыстар, шаралар алдағы уақытта да аудан деңгейінде өз жалғасын табатын болады.