Біздің бишілер жарады
Би – ертеден-ақ қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан құтты өнер. Сонау ілкі заманда да қазақ қызының бітім-болмысы, нәзіктігі мен тәрбие-тәлімі би арқылы айшықталып, бүгінге күнге тін үзбей жетті. Қазақ би өнерінің падишасы атанған Шара апамыздың жолы бүгінде жаңғыра түсіп, ізбасарлары көбейген. Қаймағы бұзылмаған ұлттық би өнерінің мәртебесі биіктемесе, бір мысқал да түскен емес. Сол айтпақшы, қасиетті өнерді ұлықтаған талай жас киелі сахнаның көркін келтіріп, байқаулардан бағы жанып жүр. Олардың қатарында Айнагүл Орынбекова жетекшілік ететін «Самғау» би тобы да бар.
Жақында мың бұралған қыздардан құралған би тобы Қызылордада «Бала дарын» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Көктем FEST-2024» республикалық жас өнерпаздар байқауына қатысып, І орынды жеңіп алды. Шәкірті қуанса, ұстазы одан бетер шаттанады емес пе?! Қанжығаларына жеңіс жүлдесін байлаған топ жетекшісін сөзге тартқан едік.
– Шәкірттерімнің болашағынан үлкен үміт күтемін. Жосалы кентіндегі «ЖК Баймаханова» атындағы «Баян» өнер орталығының хорео- графия жанрынан Иіркөл ауылында балалар мен жасөспірімдерді биге дайындап жүрмін. Байқауға жастар биі саналатын «Кешкі серуен» биін апардық. Бидің қойылымы қанша мықты болғанымен, киімдеріміз оған сай келмесе, еңбек ақталмауы да мүмкін. Сол үшін де хореограф ретінде би мен оның киім үлгісінің үйлесімділігіне терең мән беремін. Топ заманауи биді билегенімен, ұлттық бояуды қосуды да естен шығармадық. Сахналық костюмдерімізге қазақы ою-өрнекті матаны пайдалануды жөн деп таптық. Нәтижесінде стиліміз көңілден шығып, көрермендерімізге де ұнаған сықылды. Қазылар алқасының жоғары бағасын алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл жас бишілерімізді одан сайын би өнеріне шабыттандырады деп сенемін, – дейді топ жетекшісі жақсы жаңалығымен бөлісіп.
С.ДАТ