Сәния жаққан жұлдыздар
Жыл басы ауданымыз үшін жағымды жаңалықтармен толығуда. Кеше ғана Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Жұбанов кездесулері» мәдени-білім беру жобасы аясында өткен «ЖасSTAR» республикалық хореографиялық байқауында аудандық мәдениет үйінің «Айқаракөз» бишілер тобы жеңіске жетіп, үлкен абыроймен ауылға оралды.
Республикалық байқауға еліміздің 5 облысынан 600-ге жуық жас таланттар қатысқан. Хореографиялық жанр бойынша 75 би тобы өнер көрсеткен. Бір күнге жоспарланған байқаудың бағдарламасы бір турда өтіп, қатысушыларға 3 минуттан аспайтын уақыт шектеуі қойылған. Республикалық байқаудың мәртебесі тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық ниет білдірген қазақстандықтарға қатысуға құқық берген.
Байқаудың мақсаты аудан, облыс және өңірлердің білім беру мекемелері мен өнер мекемелері арасында берік серіктестік байланыс орнатып, би өнері арқылы жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту. Сонымен қатар педагог-хореографтардың жұмыс тәжірибесімен танысып, олардан шыққан дарынды тәрбиеленушілерді қолдап, олардың әрі қарайғы қызметін бағыттау.
Жас санатына қарай ұйымдастырылған байқауға ауданнан кіші және ортаңғы топ бойынша барлығы 27 оқушы қатысқан.
– «Айқаракөз» би тобы жас санатына қарай екі топтан құралған. «ЖасSTAR» байқауына кіші топтан 6-8 жас аралығында 20 оқушы барса, ортаңғы топта 9-11 жас бойынша 7 оқушы өнер көрсетті. Бұл республикалық жарыс болғаннан кейін іштей қобалжу болды. Бірақ шәкірттерім сахнада еш қысылмай өз өнерін ойдағыдай көрсетіп шықты. Міне соның арқасында жеңіс тұғырынан көріндік, – дейді жетекшісі Сәния Молдабаева.
Байқау қорытындысында «Айқаракөз» кіші топ бишілері «Бұрымды қыз» биін билеп І орынды жеңіп алса, «Айқаракөз» ортаңғы топтың бишілері «Дикий танец» биімен ІІ орынды қанжығаға байлаған. Ал жеке би жанрында «Павлин» биін билеген Айзере Кәрім І орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Аудандық мәдениет үйінің бишісі, «Айқаракөз» би тобының жетекшісі Сәния Қанибекқызы «ЖасSTAR» республикалық хореографиялық байқауын лауреат дайындағаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар байқауға қатысқан екі би тобы да «Ең үздік сахналық образ» номинациясын иеленді. Сахналық киімді дайындап шығарған «Тоғжан» балабақшасының тәрбиешісі, шеберқолды Жазира Ақбатыроваға да арнайы марапат берілді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ