Балдырған бишілер
Осыдан 2 жыл бұрын осы жұпты газетімізге жазған едік. Онда олардың би үйірмесін ашып, балаларды үйіретініне сенім білдірген екенбіз. Енді міне, топтан шыққан кішкентай жұлдыздар көрерменнің көңілінен шығып үлгерді. Жеткен жетістіктері көбейіп, түрлі икемді меңгеріп, жаңаша концерттік би бағдарламасын ұсынып жүр.
Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында Алаш өнер орталығының ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық "ALASH STAR" өнер байқауында аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған би тобы бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар хореография номинациясы бойынша жеке өнер көрсеткен Мақпал Нұрмұхамбет "Аққу" биі, Диана Асылбек "Павлин" биін орындап бас жүлдеге ие болған. Жетекшілері Берік Айтов пен Жазира Сәтбергеноваға үздік шәкірттер даярлағаны үшін "Үздік жетекші" құрмет грамотасы табысталды. Алматы қаласында өткен "Мen de zhuldyz bolamyn" республикалық балалар байқауында І орын мен 50% жеңілдікпен Түркияға жолдама алды.
Бүгінде топта Кәусар Асылбек, Ару Алтай, Арайлым Амангелдиева, Үміт Еркінқызы, Қарлығаш Жакебай, Балжан Мирамбекова, Айсель Слам, Нұрасыл Тәжіхандар бар.
– Былтыр "Дельфий ойындарынан" ІІ орын, "Бозторғай" байқауынан ІІІ орын алдық. Өзіміз жастайымыздан би өнерімен айналысқан соң уақыт өте балаларға үйірме ашуды қолға алдық. Қазір өнерпаздарымыз әрдайым дайындық үстінде жүреді. Ауданға да есімі танылып, көрермендер көзайымына айналып үлгерді, – дейді «Бастау» би тобының жетекшісі Берік Айтов.
«Өнерлі жанның өрісі кең» деген емес пе? Ел аралап, талайды тамсандырған бишілер біршама байқаудан бас жүлдені еншілеп жүр. Икемді, қозғалысты қиюластыра білген балдырғандар заманауи, ұлттық билерді айшықтап, көрерменін сахнаға қызықтырып, өнерінің сиқырлы әлеміне енгізіп жүр.
Айнұр ӘЛИ