Аудан жұлдыздары жеңіс төрінде
qarmaqshy-tany.kz Дана халқымыз «Өнерлі өрге жүзер» демекші, өнер – адам баласының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Бүгінде осындай ізгілікті өзіне серік етіп, ауданымыздың мерейін үстем етіп жүрген жас таланттарымыз баршылық. Жақында аудан өнерпаздары тағы бір сүйінші хабармен көпті қуантты.
Жыл сайын Сырдария аудандық мәдениет және спорт бөлімінің, аудан әкімдігінің қолдауымен, Сырдария аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жұлдыз LIKE» облыстық телевизиялық жобасы өткізілді. Дәстүрлі байқауда аудан өнерпаздары да өнер көрсетіп, бақ сынады.
– Жалпы биылғы жобаға 4 аудан, 1 қала қатысты. 5 топтан құрылған байқау өте тартысты өтті. Сайыс екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – халық композиторларының бір әнін орындау және сол әнге сай тақырыптық сюжеттік көрініс қою. Екінші кезеңнің тапсырмасы бір киноның саундтрегін алып, соған өз қиялыңмен көрініс дайындау болды. Біріншісіне «Сен мұңыңды бер маған» әнін «Халық» театрының өнерпаздары Азамат Әлтаев пен Айжан Қыдырбек орындады. Екінші кезеңде Досмұқасанның «Той жыры» әні таңдалды. Көрініс сол уақыттағы 80-90, яғни ән шыққан кездегі стилде сахналанды. Бұл қойылымдарымыз көрермен қошеметіне бөленіп, әділ-қазы тарапынан жоғары бағаланып, бас жүлдені қанжығамызға байладық. Бұл – аудандық Мәдениет үйінің, ауданның, талантты әншілеріміздің жеңісі, – дейді «Халық» театрының режиссері Мадияр Махамбетұлы.
Иә, талантты әншілер Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айжан Қыдырбек пен Жаңажол ауылдық клуб үйінің көркемдік жетекшісі Азамат Әлтаев орындаған әндер мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сомдаған көрініс жоғары бағаланып, үздік атанды. Сондай-ақ жеңімпаздар «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «Қайырлы күн» бағдарламасына қонақ ретінде шақырту алып, сұқбат беріп келді.
Иә, өлең-жырдың, қазақы өнердің қара шаңырағы – аудандық мәдениет үйі. Бұл – талай таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі, жергілікті жастардың өнерін шыңдап отырған киелі мекен. Жеткіншек бойындағы жылт еткен ынтаны дамытуға үйірме ұстаздары қашанда аянған емес. Аудан өнерпаздарының бұл жеңісі Қармақшы ауданының 95 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды. Топ жарып, талай жүректі әнмен тербеп үлгерген өнерпаздарға өлмейтін өнер, шығармашылық табыс тілейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ