Театр - өнер мен тәрбие ордасы
qarmaqshy-tany.kz N275 орта мектепте "Театр -өнер мен тәрбие ордасы" тақырыбында облыстық семинар болып өтті.
Семинар ерекшелігі оқушыларға сан түрлі өнердің ішінде театр өнерінің алатын орнының ерекшелігін, тәрбие ошағына айналған мектеп театрының жұмысымен таныстыру. Мәдени өсуге ықпал ететін театрландырылған қойылымдар арқылы жас ұрпақты өнерді құрметтеуге баулу,театр қойылымдарына қызығушылығын арттыру.
Семинардың бағдарламасы бойынша қонақтарды оркестрдің сазды әуенімен қарсы алып,балалар шығармашылығы көрмесімен таныстырылды. Тарих пәнінің мұғалімі Б.Кенжалиева "Қазақ театры өнерінің даму кезеңдері" тақырыбында зерттеу жобасы ұйымдастырылды.
Облыстық білім басқармасы оқу орталығы меңгерушісі К.Ақмырзаева "Театр-ұлт рухының тірегі" тақырыбында кең көлемде зерттеліп жазылған баяндамасымен бөлісті. Сырдария ауданындағы 36 мектептің мұғалімі М.Есқалиева "Театрдың бала өміріндегі маңызы" тақырыбындағы баяндамасымен, ал Айдарлы ауылындағы халық театрының режиссері Р.Абдукаримова "Тәрбиенің түрлі бағыттары арқылы мектеп театры жобасын дамыту" тақырыбындағы баяндамасымен таныстырып өтті.
№275 мектептің мұғалімдері Қ.Башенова мен Г.Тәжібаева көлеңке театрымен таңғажайып көрініспен тәнті етті.
Сонымен қатар Н.Бухарбаева мен З.Бекжанова мектеп оқушыларымен қуыршақ театрынан тартымды көрініс көрсетті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Сарымсакова "Алғашқы махаббат" атты комедиялық қойылымды көрсетіп, көрермендерге таңғажайып әлем сыйлады. А.Сматова "Незнайка" атты мюзикл қойылым қойып,көрерменнің көңілін көтере білді.
А.Пазылбекова келген қонақтардың ой- пікірімен бөлісіп, қорытынды рефлексиямен тәмамдады. Семинар өз мақсатына жетіп,жұртшылыққа жақсы көңіл-күй сыйлады.